Семей орманы талан-таражға түскен
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының лауазымды тұлғалары 248 млн теңге көлемінде пара алған. Олар орман өнімдерін тек «өз адамдарына» ғана сатып келген.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Д.Шакенов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аппаратының басшысы А.Әбдікешов және Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Н.Қылышбаевтың, комитеттің ведомстволық қарауындағы, республика көлеміндегі 60 ұйымның басшыларының қатысуымен онлайн-кеңес өтті. Онда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметінде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері талданды. Мемлекеттік резерват басшылығы бірнеше рет пара алғаны үшін айыпталып, қамауға алынған.
Жиында қылмыстық құқық бұзушылықтар Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басшылығы тарапынан тиісті ведомстволық бақылаудың болмауынан орын алғаны айтылды. Шенеуніктер заңды сақтаудың, мемлекеттік саясатты ұстанудың және оны дәйекті түрде жүзеге асырудың орнына, керісінше қылмыстық құқық бұзушылықтардың қанат жаюына ықпал еткен. Орманды пайдалану саласындағы заңнаманың жетілмегендігі де жемқорлықтың орын алуына себепші болған.
– Орман өнімдерін өткізу тәртібі регламенттелмеген, резерваттың лауазымды адамдары орман өнімдерінің бағасы мен сатып алушыны өздері бекітіп отырған. Резерваттың орман өнімдерін кез келген тұтынушы сатып ала алмайды. Орманды тек «өз сатып алушыларына» ғана сатып алуға болады, яғни ағаш материалдарын сату рәсімі ашық емес, – деп атап өтті облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Денис Шакенов.
Резерват бойынша тек 2021 жылы ғана 6393 текше метр көлемінде орман өнімдерінің көлеңкелі айналымы анықталды. Барлық көлеңкелі өнімдер13 сатып алушы арасында бөлінген. Бағадағы айырмашылық 248 млн теңгені құрады. Бұл сома лауазымды тұлғаларға пара беру үшін жұмсалған.
Құқықтық регламенттің болмауы республика көлеміндегі басқа да резерваттар мен орман қорғау мекемелерінде осындай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсетеді.
– Қазір біздің ұсынысымыз бойынша орман өнімдеріне бағаны белгілеу тәртібін ретке келтіру үшін «Орман шаруашылығының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін болжау әдістемесі» бұйрығы шығарылды. Бұл – жартылай шаралар. Орман өнімдерін өткізудің барлық тәртібін нақты реттейтін нормативтік актіні қабылдауды талап етеміз, бұл осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін түбегейлі жояды, –дейді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қылмыстық құқық бұзушылықтарға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөнінде тиісті шаралар қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне барған қол астындағы қызметкерлердің қызметіне тиісті ведомстволық бақылау жасамаған комитет төрағасы орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ескертілді.
Денис Шакенов жиынға онлайн форматта қосылған орман ұйымдарының басшыларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым сапалы ішкі талдау жүргізу қажеттігін түсіндірді. Мемлекеттік қызметші өз жұмысына салғырт қараған жағдайда ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды тиісінше жүзеге асырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салды. Жемқор қызметкер қомақты айыппұл ғана төлеп қоймай, мемлекеттік қызметтен қууылуы да мүмкін.
Айна Ескенқызы