Руханият

Семей мұғалімдер семинариясының түлегі

Семей мұғалімдер семинариясының түлегі


Тарихта халқымыздың рухани өсу жолында өшпес іздерін қалдырған, ел құрметіне бөленген бірнеше білім ошақтары болған. Солардың бірегейі – М.Әуезов пен Ж.Аймауытовты, Қ.Сәтпаев пен Ә.Марғұланды өмірге қанаттандырып, тәрбиелеп өсірген айтулы білім ордасы – Семейдің мұғалімдер семинариясы.

Мұхтарды оқуға түсіген кім?

М.Әуезовтің білім алуы, қоғамдық қызметке араласуы, алғашқы шығармашылық кезеңі Семей қаласымен тікелей байланысты. М.Әуезовтің балдырған бала шағында Шыңғыстаудың бауырынан оқуға келіп, тұңғыш орысша оқу оқып, білім алған жері – Семей қаласы. М.Әуезов 1907 жылы Семейдің 5 кластық қалалық оқу училищесіне қабылданып, 1912 жылы бітіріп, сол жылы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі.

М.Әуезов туралы естеліктерде де, зерттеу еңбектерінде де дәл анықталмай келген бір жайт – қаламгердің Семейдің мұғалімдер семинариясында оқыған кезеңі. Белгілі абайтанушы, М.Әуезовтің шәкірті әрі досы Қ.Мұхамедхановтың қажырлы еңбегінің арқасында 1983 жылы жазушының Семей мұғалімдер семинариясындағы шәкірттік кезеңін нақты айғақтайтын мұрағат деректері табылды. Осы деректерге сүйене отырып ғалым М.Әуезовтің 1912 жылы мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1919 жылы бітіріп шыққандығын толық дәлелдеп берді. Мұрағат дерегінің бірі – мұғалімдер семинариясы педагогикалық кеңесінің шешімі бойынша 1912-1913 оқу жылдарында семинарияның бірінші класында оқыған семинаристердің саны -33, олардың сословиесіне қарасақ, тізімде шаруа баласы – 18, казак -5, мещан – 4, чиновник – 3, объявитель -1, шоқындырылған қазақ – 1, қазақ – 1, тізімде М.Әуезов №33 болып жазылыпты. 33 оқушының үшеі оқуға үлгере алмағандықтан және басқа себептермен семинариядан шығарылған, біреуі бірінші класта екінші жылға қалдырылған. Қалған 29 оқушының 9-ы каникулдан кейін орыс тілі пәнінен емтихан тапсыруға қалдырылған. 20 оқушы екінші класқа көшірілген. Олардың ішінде 2 оқушы педсоветтің қаулысында: \”Переводится с наградой\” деген баға алған. Олар Петров Александр Матвеевич (шаруа баласы) және Әуезов Мұхтар, тек \”пениеден\” ғана \”3\” деген баға алыпты. Бұдан семинария шәкірті Мұхтардың сабаққа алғыр, ықыласты болғаны байқалады.

М.Әуезов өз өмірбаянын толық жазып қалдырмаған. 1950 жылы Мәскеуде \”Советский писатель\” баспасынан \”Абай жолы\” романы басылып шыққалы жатқанда романға алғысөз ретінде \”Менің өмірбаяным\” деп атап, орыс тілінде 4 беттей ғана өзі жайында шағын мағлұмат жазып берген. Өткен балалық шағын қысқаша баяндап, одан әрі «арасында ауырып Семейдің мұғалімдер семинариясын 1919 жылдың бас кезінде бітірдім де, Семей облысында Совет өкіметі орнаған соң, қоғамдық қызметке араластым», – деп аса сараң баяндайды.

М.Әуезовтің семинария тұсындағы шәкірттік кезеңіне қатысты құнды мәліметтің бірі – мұғалімдер семинариясының орыс әдебиеті пәнінің оқытушысы В.Поповтың естелігі. Семейге 1910 жылы келген В.Попов өзінің М.Әуезовпен кездесуін былайша еске алады: \”Мен Мұхтар Әуезовпен тұңғыш рет 1916 жылы таныстым. Оның маған қаншалықты күшті әсер еткендігін жарты ғасырға жуық жадымда сақтап келген мынадай егжей-тегжейлі оқиғадан көруге болады. Үлкен класс бөлмесі дәл қазіргідей көз алдымда. Парталар үш қатар боп қойылған. Ортадағы бірінші партаның оң жағында ерекше сәнді, ұқыпты киінген, қап-қара шашы бар, қоңырқай реңді, қалың ерінді, әсерлі де ойлы қоңыр көзді, кең маңдайлы, он сегіздер шамасындағы сыпайы, сұлу, жас қазақ жігіт отырды. Бұл Мұхтар Әуезов екен. Орыс тілін өте жақсы игерген ол эрудициясымен бізді таңғалдырушы еді.\” Оқытушы В.Поповтың бұл пікірінен де семинарист Мұхтардың білімге ерекше ден қойып, талпынып оқығаны байқалады. Кейінірек қаламгердің өзі: \”Мен Василий Ивановичке өте-мөте қарыздармын. Ол менің бойыма орыс әдебиетіне деген зор сүйіспеншілік дарытты, батыс классикасымен таныстырды\” – деп шәкірттік алғысын білдірген еді.

Семей мұғалімдер семинариясындағы оқуына байланысты жазушының: \”арасында ауырып, оқуды бірлі-жарым жыл тоқтатып, доғарып қойып жүріп, семинарияны 1919 жылы бітірдім\”, – деуіне қатысты М.Әуезовтің жеке басына, отбасылық жағдайына қарай оқудан қол үзгендігін анықтауға мүмкіндік беретін біршама жайлар бар. Ол –әкесі Омарханның, одан кейін ағасы Қасымбектің қайтыс болуы. Әкесінің орнын толтырып, бауырына басқан ағасы Қасымбек туралы М.Әуезов: \”Он бір жасқа келгенде әкеден айрылдым да, мені Қасымбек ағай өз қолына алды. Ол кісі жас кезінде Қамелетден хазіреттің теріс батасын бергеніне қарамастан, мұсылман медресесін тастап, орыс мектебіне ауысады. Сол ағай мені де Семейдегі бес кластық қалалық училищеге түсірді. Сонымен, қысы-жазы бірге жүріп оқу оқыдым\”, – деп жазады өмірбаянында. Қасымбек мұғалімдер семинариясын аяқтап, Мәскеудегі жоғары оқу орнына түсіп, уақытша ауылға оралған кезінде іш сүзегіне шалдығып, қыркүйекте қайтыс болады. Семейдегі 5 кластық училищені аяқтаған Мұхтарды мұғалімдер семинариясына түсірген де Қасымбек еді. Шәкірт Мұхтар үшін асыл аға Қасымбектің өлімі орны толмас өкініш еді. Осы тұста Мұхтар Әуезовтің оқудан қол үзіп, Шаған болысында мұғалімдік еткендігін ғалым Т.Жұртбай \”Бесігіңді түзе!\” атты роман-эссесінде жазушының досы, Адамжанның жұбайы Мәден Түсіпбаеваның естелігіне сүйене отырып былайша баян етеді: \”Біздің ауылға Мұхтар 1915 жылдары келді. Семейде оқып жүрген Мұхтар жөтеліп, дертке ұшырап жүрген екен. Мұхтар 18-19 жаста болатын. Оған жеке үй тігіп, бір күтуші берілді. Сол үйде жатып бала оқытты\”.

Семинарияның шәкірті бола жүріп, 1915-1916 жылдары Шаған болысында мектеп ашып, болашақ эпопеясының ең әсерлі, ең көркем кейіпкерлерінің бірі – Тоғжанның ауылында бала оқытқаны туралы мағлұмат ғалым Қ.Мұхаметхановтың мақаласында да беріледі. Жоғарыда келтірілген деректерге сүйенсек, семинарист М.Әуезовтің оқудан қол үзіп, араға бір-екі жыл салып оқуын жалғастырғандығы анықталады.

1913-1915 жылдары қаладағы қазақ, татар мұғалімдері мен оқушы жастар \”Шығыс кеші\” деген атпен ойын-сауық кештерін өткізіп отырған. Бұл кештерге мұғалімдер семинариясының оқытушылары мен оқушылары да қатысып отырған. Мұндай тағлымды кештерді ұйымдастырып, оқушыларды өнерге баулыған семинария мұғалімдері – Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар, ақын Тайыр Жомартбаев, т.б. болды. Соның ең елеулісінің бірі – 1915 жылдың 13 ақпанында өткен әдеби-сазды қайырымдылық кеш. Кешті ұйымдастырушы – қазақтың алғашқы зиялы қыздарының ішіндегі ұлтжанды ару, семинария оқытушысы – Нәзипа Құлжанова. Кеш барысында \”Сара мен Біржанның\” айтысы қойылып, Абай өлеңдері оқылған, халық әндері айтылып, музыка аспабында шығармалар орындалған. Бұл кеш жөнінде М.Әуезовтің өзі шәкірті Қ.Мұхаметхановқа: \”Ойын-сауықтың басты мақсаты – қазақ әйелдерінің бетін ашып, мәдени-ағарту жұмысына қатысуға баулу еді. Оған Нәзипа ханымның өзі ұйтқы болды\”, – деп әңгімелеп берген.

Кеш туралы \”Айқап\”, \”Қазақ\”, \”Сибирская жизнь\” газеттерінде мақалалар басылған. Осы кешті өткізудегі М.Әуезовтің еңбегі жайында Қ.Мұхаметханов \”Семей театрының тарихы\” атты мақаласында сахнада Сара рөлін ойнаған Тұрар Қозбағарованың айтқан төмендегідей пікірін келтіреді: \”Ол кезде Мұхтар Семейде оқитын. 17-18 жастар шамасында болатын. Қаныш та Семейде оқитын. Екеуі де тұңғыш қазақ ойынын дайындауға аянбай кірісті. Мұхтар ән салып, өлең айтпағанымен, ойынның программасын жасауға, Абай елінен Әлмағамбет әншіні, Көкен елінен Мұқа әншіні ойынға қатыстыруға көп еңбек етіп, театр сахнасын әзірлеуге көмектесті\”.

Міне, осындай ойын-сауықтардың 1917 жылы семинарист М.Әуезовтің \”Еңлік-Кебек\” пьесасын жазып, ауыл сахнасына шығаруына ықпал жасағаны, үлгі-өнеге бергені сөзсіз.

\”Сарыарқа\” газетінің 1917 жылғы №19 санында Абай ауылының \”Талап\” ұйымы ұйымдастырып, \”Еңлік-Кебек\” пьесасын қойғандығы, одан түскен қаржыны ашаршылыққа ұшыраған Қытай қазақтарына көмек ретінде жібергендіктері туралы жазылған деректі кездестіреміз.

1917 жылы маусымның жетінші жұлдызында Абай еліндегі Ойқұдық жайлауында \”Еңлік-Кебек\” оқиғасын драматургиялық үлгіге түсіріп, оны ауыл жастарының күшімен Әйгерімнің киіз үйінде Абайдың немересі Ақыштың ұзатылу тойына тарту ретінде қойған жиырма жасар семинарист Мұхтар Әуезовтің қойылымы – қазақ топырағында кәсіби сахналық өнердің тұңғыш көрінісі еді.

Семинария шәкірті М.Әуезовтің тырнақалды көркем шығармасы \”Еңлік-Кебек\” пьесасының алғашқы нұсқасының жазылуына және тұңғыш рет қойылғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Семей мұғалімдер семинариясының түлегі

Әуезовтың ең алғащқы еңбегі

Шәкірт М.Әуезов әдеби, ғылыми творчестволық еңбекпен шындап айналысуды осы семинария қабырғасында бастаған, болашақ үлкен суреткерлік, ғалымдық биік тұғырдың алғашқы ізі, қадам жолы осында салынған.

Семей қаласы – сол тұстағы қазақ елінің рухани әрі саяси орталықтарының бірі есепті қала еді. Қаладағы шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің төңірегінде С.Торайғыров, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Аймауытов, С.Дөнентаев сынды ұлт зиялылары топтасты. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, М.Малдыбаев, Ж.Ақбаев, М.Тұрғанбаев сынды ұлт қайраткерлерінің мақалалары жарияланып тұрды.

Жас Әуезовтің елдің әлеуметтік өмірінің түйінді мәселелерін шешуге өзінің күш-қуатымен де, қалам қайратымен де жалындап үлес қосатын шағы осы кез.

Семинарист М.Әуезовтің ең алғашқы баспа бетін көрген тырнақалды еңбегі – Ташкенде шығып тұрған \”Алаш\” газетінің 1917 жылғы 30-наурыздағы №16 санында жарияланған \”Қазақтың өзгеше мінездері\” атты мақаласы. Мақаланы М.Әуезов семинарияда қатарлас оқыған замандасы әрі рухтасы Жүсіпбек Аймауытовпен бірге жазған, мақала соңына \”Семей семинариясында оқитын Аймауытов һәм Әуезов\” деп қол қойылған.

1917 жылдың 5 қыркүйегінде \”Сарыарқа\” газетінде \”Адамдық негізі – әйел\” атты келесі мақаласы жарияланады. Мақаланы автор жеке өзі жазбай Тұрағұл Абайұлымен бірге жазған. Ол туралы М.Әуезов өз өмірбаянында: «бұл анығында менің жалғыз өзімдікі емес, Тұраш екеуіміздікі болатын… Мақаланы бергенімізде ешқайсымыздың қолымыз жоқ еді. Басқармадағы Сәбит Дөнентай баласы ма, болмаса Әлімбеков пе, біреуі мен әкеп берген соң \”Семинарист Әуезов\” деп аяғына қол қойып жіберіпті», – деп жазады.

\”Сарыарқа\” газетінде семинарист М.Әуезовтің \”Оқудағы құрбыларына\” (1917ж. 14 қыркүйек), \”Қайсысын қолданамыз\” (1917ж. 19 қыркүйек) атты мақалалары басылған. Сол кезде жиырмаға толар-толмас жас Мұхтардың, семинарист Мұхтардың ой-өрісінің кеңдігі, білімінің молдығы, қалыптаса бастаған азаматтық парасатының келбеті осы алғашқы мақалаларынан-ақ айқын аңғарылады.

Семинария шәкірті М.Әуезовтің қаламы ысылып, адымын ашқан басылым -\”Абай\” ғылыми, әдеби журналы. Журналдың алғашқы саны 1918 жылдың 4 ақпанында жарық көрген. Жауапты шығарушы – бас редактор, Мұхтардың мұғалімдер семинариясында бірге оқыған досы, ақылшы ағасы Жүсіпбек Аймауытов, ал оның орынбасары әрі журналдың ғылыми бөлімін басқарған М.Әуезов. Ай сайын 2 рет шығып тұрған журналдың 13 саны жарық көрген. Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің \”Абай\” журналында бірнеше мақалаларды бірлесіп жазып, \”Екеу\” деген бүркеншік атпен мақала жариялайтын тұстары да осы уақыт. М.Әуезовтің қазақ педтехникумындағы шәкірті әрі сенімді досы, ғалым Ә.Марғұлан: \”Мұхтардың атын көпшілікке әйгілі еткен ең алдымен \”Абай\” журналы еді. Бұл журналды Мұхтардың ең алғашқы беташары деуге болады. Өйткені, оны бірінші рет ұйымдастырып, оның негізгі мақалаларын жазған көбінесе Жүсіпбек пен Мұхтардың өзі болатын\”, – дейді.

М.Әуезов 1953 жылғы жазған өмірбаянында: \”Обучаясь в учительской семинарии в 1918-1919 г.г. я сотрудничал в журнале \”Абай\”, издавшиеся на средств алашского крупного товарищества силами учащиеся молодежи\” – деп жазады.

\”Абай\” журналы – болашақ ұлы суреткердің шығармашылық қадамының, көзқарас танымын қалыптастыруына үлкен тағлым мектебі болғандығын семинарист М.Әуезовтің журнал бетінде жарияланған мақалаларынан байқауымызға болады. Журналдың әр санында дерлік жазушының 1-2-ден мақалалары үзбей жарияланып тұрған. Шәкірт М.Әуезов сол кезеңнің көкейкесті ірі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін сөз етеді, ұлтының мұң-мүддесін тереңнен толғайды.

Семинарист Әуезовтің журнал бетінде жарияланған \”Абайдың өнері һәм қызметі\”, \”Абайдан соңғы ақындар\” атты мақалаларын айрықша атауға тиіспіз. Бұл мақалалар – М.Әуезовтің Абай тақырыбында жазған алғашқы еңбегі. Демек, М.Әуезовтің Абай шығармашылығын зерттеу бағытындағы алғашқы талпынысы Семейдің мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезеңінде-ақ басталған.

М.Әуезовтің \”Еңлік-Кебек\” пьесасының тұңғыш қойылымы туралы Николай Ановқа айтқан естелігінен қызықты жайттарды кездестіреміз: \”Екі киіз үйді қапталдастырып тігіп, ортасын керегемен бөлдік. Сахнадан аумай қалды, ортасын шымылдықпен бөлдік. Енді суфлерлерді қайда орналастырамыз деп басымыз қатты. Біреу тұрып суфлерді сандықтың ішіне жасырайық та, тұншықпас үшін аузын жартылай ашып қойсақ деді. Мен бүкіл пьесаны жатқа білетінмін, сондықтан да олардың барлығы бір ауыздан суфлерге мені лайық деп санады. Сандық онша үлкен емес еді. Бірақ онда мен де 19 жастағы талдырмаш, сыптығырдай жігіт едім ғой, \”суфлер сандығы\” ішіне қуана-қуана жата қалдым… Спектакль сәтті өтті\”, – деп еске алады.

М.Әуезовтің өз шығармашылығы туралы: \”Сырлы әдебиетке кірісуді пьеса жазудан бастадым. 1918 жылдан 1919 жылға қараған қысында сүзек болып ауырып, оқуды тастап қырға шығып тұрып едім. Сонда ең алғашқы пьесам – \”Ел ағасы\” деген 4 перделі драманы жаздым. Қыс бойы елде болып, жаз тағы елде болдым. Ондағы жазғаным – \”Бәйбіше-тоқал\”, – деп жазғаны бар. Жазушының бұл пікірінен шәкірт Мұхтардың мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезеңінде жоғарыда айтылған үш пьесаның жазылғандығын білеміз.

М.Әуезовтің журналда жарияланған мақалаларынан жас шәкірттің тағы бір қыры – аудармашылық еңбегі танылады. \”Абайдың\” №1 санында семинарист Мұхтар Әуезовтің Л.Толстойдың \”Будда\” әңгімесінің қазақ тіліндегі нұсқасы жарияланды. Бұл қаламгердің аударма саласындағы алғашқы адымы.

Қазақ топырағындағы соны өнер – футбол ойынын алғаш ұйымдастырушылардың бірі – \”Ярыш\” командасының белсенді мүшесі, жалынды жас, семинарист Мұхтар Әуезов еді. Команданың жартылай қорғаушысы жас Әуезовтің 1914 жылы \”Ярыш\” командасы ойыншыларымен бірге түскен суреті сақталған.

Ұлы жазушының шығармашылығы туралы жоғарыда келтірілген деректер қаламгердің келешек өнер-ғылым жолына қадам басуының алғашқы сатылары оның семинарияда оқып жүрген кезінде қаланғандығын аңғартса керек.

1918-1919 жылдары журнал, газет беттерінде семинария шәкірті М.Әуезовтің жиырмадан аса мақалалары жарық көрген.

Жазушы 1953 жылы жазған өмірбаянында: \”Первые литературные опыты начал со стихов, которые не были опубликованы\” десе, мұғалімдер семинариясының оқушысы М.Әуезовтің 1915-1916 жылдары Шаған елінде бала оқытқандығы жайындағы естеліктердің бірі – қаламгердің құрдасы Адамжардың жұбайы Мәден Түсіпбаеваның: \”Көбінесе жеке отауға отырып жазу жазатын. Бірде Адамжан мен Смағұлды шақыртып алып, оқып беріпті. Ол бір күлдіргі оқиғалы сықақ әңгіме болатын. \”Бұның атын \”Маса\” деп қоямын. Уыты мол\”, – деп Мұхаңның өзі айтып отыратын. Ұлы жазушының алғаш қадам тартқаны сол \”Маса\” болуы керек. Кейін ешбір жерде жарияланбады\”, – деген пікірінен қаламгердің алғашқы шығармашылық тұсаукесер талпынысын әлі де жіті зерттеу қажеттігі байқалады.

Қоғамдық қызметтерге араласты

Семинарияны аяқтағаннан кейінгі кезең де осы шаңырақ тарихымен байланысты өрбіді.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, жаңа заман талабына сай Семей мұғалімдер семинариясы құрылымдық өзгеріске ұшырады. 1920 жылдан бастап семинарияның негізінде Халық ағарту институты ашылады.

Семейде Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, жас маман М.Әуезов қоғамдық қызметтерге араласты. Араласа жүріп, жоғары білім алуды көздеді. М.Әуезов 1920 жылдың 10 желтоқсанында бұрын өзі оқыған семинария ғимаратындағы Халық ағарту институтының ІV курсына қабылданады. Мамандардың жеткіліксіздігіне байланысты қазақ тілінде оқуға тиісті бөлімде оқу орыс тілінде жүргізілді. Осы себепті М.Әуезов институттың соңғы курсында оқи жүріп, қазақ бөлімінің төменгі және даярлық курстарында сабақ береді.

Семей мұғалімдер семинариясының негізінде ашылған институттан кейін, оқу орны 1922 жылы қазақ және орыс педтехникумдары болып қайтара құрылды.

Қазақстандағы мұғалімдер даярлайтын алғашқы оқу орны – Семей қазақ педагогикалық техникумының тұңғыш директоры, мұғалімдер семинариясының түлегі, ұлт зиялысы Ә.Сәтпаев – Әуезовтің семинария уақытындағы мұғалімі еді.

М.Әуезов 1923 жылы Ленинград университетінің қоғамдық ғылымдар факультетіне, әдебиет-лингвистика бөлімінің славян-орыс секциясына түседі. Бұл туралы жазушының жары В.Әуезова өз естелігінде: \”Біз тек бірінші семестр бойына ғана бірге оқыдық, өйткені, ол бір жарым жыл бойы Семейде қызмет етіп, оқудан үзіліс жасады\”, – деп жазады. 1923 жылы декабрьде университеттің бірінші курсының емтиханын тапсырып, Мұхтар Әуезов Семейге демалысқа келеді. Ағарту саласындағы қызметкерлердің жетіспеушілігінен М.Әуезов Семейде қызмет істеуге қалдырылады. Бұл туралы Семей мұрағатында Семей губерниясы халыққа білім беру бөлімінің 1924 жылдың 11 сентябріндегі №71 бұйрығы сақталған. М.Әуезов қазақ педтехникумына Семей губерниялық халық ағарту бөлімінің бұйрығымен оқытушылық қызметке тағайындалады.

М.Әуезовтің педтехникумдағы оқытушылық еңбегіне қатысты шәкірттері Ә.Марғұланның, Ғ.Сармурзиннің, Т.Мусиннің, т.б. естеліктерінен жазушының ұстаздық тұлғасын, педагогтік болмыс-бітімін анықтай түсер мағыналы, мәнді пікірлерді кездестіреміз.

Ә.Марғұлан \”Еңбекпен өткен өмірім\” естелігінде: \”Менің Мұхтармен аса жақын болған кезім Семей қаласы, 1922-1925 жылдар еді. Ол кезде Мұхтар Семейдегі педтехникумда, мұғалімдер курсында, мектептерде қазақ әдебиетінің тарихын оқытатын. Яғни, көрнекті кісі еді. Оның қолында үлкен портфелі бар, оның іші қазақ әдебиетінің қайнар көзімен толып, олардың барлығын Мұхаң лекция үстінде мысалға келтіріп отыратын\”, – дейді. Естелік барысында М.Әуезовтің ұстаздық еңбегімен қоса, ұлттық дәстүрлі айтыс өнерін жандандырып, халық ақындарын жинап, айтыс өткізіп тұрғандығы жайында да айтылады.

М.Әуезовтің шәкірті Т.Мусин: \”Мұқаң 1924-1926 жылдары Семейдегі педтехникумда біздерге қазақ әдебиетінен сабақ берді. Мұхаң сөйлеген сөзіне қыстырма, бөгде ештеңе қоспайтын. Таза, шебер сөйлейтін еді. Мұхаң қайырымды, оның адамға деген қамқорлығы өте ерекше болатын. Талабы бар, өсуге тырысқан жастарды әрқашан да қамқорлығына алып, үйретіп, баулитын, күш-көмегін аямайтын\”, – деп еске алады.

Қазақ баспасөзінің қайраткерлерінің бірі, М.Әуезовтің шәкірті Ғайса Сармурзин: \”Мұхаң 1924-1925 жылдары бізге қазақ әдебиетінен, 1-2 курстарға әдебиет теориясынан, 3-4 курстарға әдебиет тарихынан сабақ берді. Ол сабақ беруге жете дайындықсыз, конспектісіз келмейтін. Аудиторияда оның біркелкі қоңыр үнінен басқа ешбір дыбыс естілмейтін. Мұхаң баға қоюға келгенде қатал да сараң еді\”, – деп еске алады.

М.Әуезовтің Ленинград университетіндегі оқуынан үзіліс 1924 жылдың басынан 1925 жылдың күзіне дейін бір жарым жылға созылды. Осы үзіліс мезгілінде М.Әуезов қазақ педтехникумындағы шәкірттерінің арасында ескіліктегі әдебиет үлгілерін жинау бағытында экспедициялық жұмыстар ұйымдастырады.

Көрегенділікпен ұйымдастырылған бұл жұмыстардың нәтижесі жеміссіз болған жоқ, болашақ ғылыми жұмыстарының бастапқы нұсқалары баспасөз беттерінде жарияланды, кейіннен қазақ әдебиеті тарихы жөніндегі жазылған арнайы еңбегі – \”Әдебиет тарихы\” жарық көрді.

Семей мұғалімдер семинариясының түлегі
Семей мұғалімдер семинариясының түлегі

М.Әуезов 1924 жылдың 1 қазанында Орыс географиялық қоғамына толық мүшелікке қабылданады, сол жылдың 20 желтоқсанында осы қоғамның ұйымдастыруымен Абайдың қайтыс болғанына жиырма жыл толуына арналған еске алу кешін өткізуге бастамашы болады. Осы жиында М.Әуезов \”Қазақ әдебиетіне сіңірген Абайдың еңбегі\” атты баяндама жасайды. Бұл жөніндегі деректі Қазақ педтехникумының шәкірті Ә.Марғұланның мақаласынан да кездестіреміз.

М.Әуезов қазақ педтехникумында дәріс берумен шектеліп қалмай, мерзімді баспасөз беттерінде құнды, әлеуметтік ойларға толы мақалалар да жазды. Бұл турасында, Ә.Марғұлан естелігінде: \”Мұхаң 1925 жылы \”Таң\” журналының редакторы болып істеді. Журналда қазақтың тарихи аңыздары, өнері, тарихы, оқиғалары алғаш рет жарық көре бастады. Журналда Мұхаңның ерекше көңіл бөлген мәселесі Абайдың жарыққа шықпай жүрген жырларын, қара сөздерін – өсиет сөздерін халыққа таныстыру\”, – дейді. Сонымен қатар, М.Әуезов \”Таң\” журналынан арнайы педагогикалық бөлім ашып, мұғалімдердің кәдесіне жарарлық оқу-ағарту, тәлім-тәрбие, педагогикалық бағыттағы материалдарды да ұсынып отырған.

М.Әуезов қазақ педтехникумында сабақ бере жүріп, Семей губерниялық оқу бөлімінің жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңестің де мүшелігіне сайланады. 1925 жылдың 15 сәуірінде өткен мәжілісінің №76 хаттамасында көрсетілгендей, қазақ педтехникумының оқытушысы М.Әуезов жазғы демалыс уақытында қазақ педтехникумы оқушыларының күшімен ауыз әдебиетін жинау, қазақ халқының тарихына байланысты мағлұмат – материалдар жинау мақсатымен экспедицияға қатысатындарға нұсқау ретінде арнаулы мақала жазып, кеңесте оқып, қабылданған соң, 1925 жылы 25 сәуірде \”Әдебиет ескілігін жинақтаушылар\” деген атпен \”Қазақ тілі\” газетіне жарияланады.

Ленинградтағы оқуынан уақытша қол үзіп, Семей қазақ педагогикалық техникумында сабақ берген бір жарым жылда Мұхтар Әуезов қыруар қызмет атқарып, жемісті еңбек етті.

Семей мұғалімдер семинариясының түлегі, Семей қазақ педагогикалық техникумының оқытушысы, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің бүгінгі Семей педагогикалық колледжі тарихындағы орны айрықша. 1967 жылдың қазан айында оқу орнына жазушы есімі берілді.

Мұхтар Әуезов былай деген еді: \”Тарихта адамзаттың бақытына туып, мәңгі өлмес мұра қалдыратын қайраткерлер болатыны мәлім. Олар жарық жұлдыздай әр заманғы, әр ұрпаққа салар жолын дұрыс мезгемек. Бұндай ұлы азаматтар адам баласының өмірімен мәңгі жасайды. Қаншама ғасыр өтсе де, ұмыт болмай, жаңа уақытқа, қадір-құрметке бөлене береді\”.

Ұлы жазушы, ойшыл ғалым, ұлағатты ұстаз – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің осы даралық сөзін енді бүгін өзіне арнап, зор құрметпен, ізгі көңілмен қайталап айтамыз.

Бүгінгі күні колледжде күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде тоғыз мамандық, он үш біліктілік бойынша 1400 студент білім алуда. Төрт оқу ғимаратындағы пәндік кабинеттер қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталған. 55 327 дана кітап қоры бар кітапхана мен электронды оқу залы, интернет зал жұмыс істейді. Колледждегі 56 оқу кабинетінің 36-сына оқу орнының айтулы түлектері мен оқытушыларының есімі берілген. Ел болашағына еңбегін арнаған ұлтжанды азаматтардың, белгілі кәсіпкер-меценаттардың қаржыландыруымен оқу орнының тарихында тұңғыш рет он атаулы оқу кабинеті ашылды.
М.Әуезовке қатысты колледжімізде жүйелі түрде тағылымды шаралар өткізіліп отырады, жазушының шығармашылық қайраткерлігі мен еңбегін әр уақытта жастарға насихаттап отыру – біздің парызымыз. Оқу орнында Әуезов мұражайы бар. Колледж табалдырығын аттап, қатарымызға жаңадан қосылған бірінші курс студенттеріне жазушы өмірінен мағлұмат беріліп, оқу орны тарихына қатысты өмір кезеңдері таныстырылады. Колледжде жылма-жыл ұйымдастырылатын «Әуезов сыны» байқауында озық білімімен танылған және қоғамдық жұмыста белсенді студент «Үздік Әуезовші» марапатына ие болып, арнайы «Әуезов шәкіртақысы» тағайындалады. Өткізіліп жатқан барлық мазмұнды шаралар жастарды Әуезов рухына құрметпен қарауға, перзенттік адалдыққа тәрбиелейді деп ойлаймыз.Таңдаған мамандықтарына қарамастан бірінші курсқа қабылданған барлық топтарда «Әуезовтану» пәні өткізіледі.

Шағангүл Жанаева,
М.Әуезов атындағы педагогикалық
колледжінің директоры
Семей.

Осы айдарда

Back to top button