Әсем Нүсіпова, облыс әкімінің орынбасары: -Шығыс – адалдық алаңы жобасының жүзеге асырылуын бақылауға алдық

 Әсем Нүсіпова, облыс әкімінің орынбасары: -Шығыс – адалдық алаңы жобасының жүзеге асырылуын бақылауға алдық


2018 жылдың желтоқсан айынан бері облыста «Шығыс – Адалдық алаңы» жобасы белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Жобаның міндеті мен негізгі бағыттары, олардың орындалуы жөнінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова айтып берді.

-Алдымен жобаның негізгі бағыттарына тоқталып өтсеңіз?

– Жобаның міндеті – азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетіп, тұрғындардың сыбайлас жемқорлықты жаппай қабылдамауын қалыптастыру болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасау, жаппай бақылауды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру сияқты бағыттарға басымдық беріледі. Аталмыш міндеттерді орындау үшін облыста нақты жұмыстардың көпжылдық тәжірибесі жинақталғанын айта кеткен жөн.
– «Шығыс – Адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру үшін не істеліп жатыр?

-Алдымен негізгі ұйымдастыру жұмыстары атқарылды. Жобалық кеңсенің Жарғысы жасалып, жұмыс жоспары бекітілді. Кеңсе облыстық әкімдіктің бірінші қабатында компьютерлер және байланыс құралдарымен жабдықталған екі бөлмеде орналасқан. Жобалық кеңсеге аймақтық Шығыс Қазақстан облысы іскер әйелдерінің кеңесін басқаратын Елена Березинская-Абилова жетекшілік етеді.

Мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-қауымдастықтың өкілдерінен сарапшылар кеңесі құрылып, әр бағыт бойынша жобалық топтар анықталды. Ведомствоаралық қарым-қатынас қалыптастырылуда.

-Енді жоғарыда аталған бағыттардың әрқайсысы бойынша атқарылған жұмыстарды тілге тиек етсек. Мысалы, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюда, халыққа қолайлы орта тудыруда қандай нәтижелер бар?

– Қай салада болмасын атқарылып жатқан жұмыстар ең алдымен халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталатынын ескерткім келеді. Ерекше қажеттіліктері бар жандарға кедергісіз орта қалыптастыру, әлеуметтік инфрақұрылымдарды жақсарту сияқты міндеттер жүзеге асырылуда. Күнделікті тұрмыста жең ұшынан жалғасқан заңсыздықтарды жою үшін мемлекеттік қызметтерді көрсеткен кезде шенеуніктердің тұрғындармен жеке қарым-қатынасын азайтуға аса мән беріледі. Сыбайлас жемқорлықтың қатерлерін азайтуда әр салада жүйелі түрде енгізіліп жатқан цифрландыру жұмыстарының мәні зор. Мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін «Е-әкімдік» жүйесі мен электронды қызмет көрсету орталықтары арқылы автоматтандырудың нәтижесінде көрсетілетін қызметтердің мерзімі 3,5 есеге дейін қысқарып, процедуралардың мөлдірлігі қамтамасыз етілді. Электронды түрде көрсетілетін қызметтердің үлесі артып, бұл көрсеткіш 2019 жылдың бес айында барлық көрсетілген қызметтердің 95,2 процентін құрады.

Облыстық әкімдіктің тиімділігін «Мемлекеттік қызметтердің сапасы» бағыты бойынша бағалау көрсеткіші 2018 жылы республикада бірінші орынға шығып, 88,86 балды құрады. «Сандж» ЖШС зерттеу орталығының мәліметі бойынша өткен жылы шығысқазақстандықтардың мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қанағаттану деңгейі 92 процентті көрсетіп, республикада алдыңғы орынға жайғасты.

Білім беру саласын цифрландыруға қатысты айтсам, өңірдің барлық 655 мектебінде ІТ-кластары ашылып, интернетпен (4 Мбит/с) 100 процент, WI-FI -75 процент қамтылды. Білім беру мекемелерін қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйеге қосылу мүмкіндігі бар бейнебақылау құралдарымен жабдықтау аяқталуға жақын. Облыста балабақшаларға жолдамаларды беру мен кезекке қоюды автоматтандыру жүйесі енгізілген. Соның арқасында ата-аналар мектепке дейінгі мекемелерге кезекті онлайн бақылау мүмкіндігіне ие, олар жолдаманы өздері қалаған балабақшаға ала алады. Қазіргі уақытта 30 мыңнан астам ата-ана осы қызметті пайдаланған. Баласын 1-класқа қабылдау қызметін ата-ана www.vko.ddo.kz сайтында электронды қолтаңбаның көмегімен ала алады. Осы уақытқа дейін жүйе арқылы ата-аналардан жеті мыңнан астам өтініш қабылданған. Портал 24/7 режимінде жұмыс істейді. Техникалық кәсіптік білім беру ұйымдары да цифрландыру жүйесінен тыс қалған жоқ. 38 мемлекеттік колледж ақпараттық жүйеде қызмет көрсетеді. Бұл оқу процесінің мөлдірлігін қамтамасыз етіп, әке-шешелерінің баласының оқу үлгерімін бақылауға мүмкіндік береді.

Медицина саласын цифрландыру жұмыс тиімділігін арттырып, дәрігердің қабылдауына жазылудан бастап, дәрі-дәрмекті қолдануды бақылауға дейін автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Өңірдегі барлық денсаулық сақтау мекемелері медициналық-ақпараттық жүйеге 100 процент қосылған. Әрбір емхана мен дәрігерлік амбулатория пациенттері туралы нақты мәліметтерді беруі үшін, 2018 жылы барлық медицина ұйымдары компьютерлік техникамен қамтылды. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 3177 компьютер сатып алынды. 1,4 млн. пациенттің электронды картасы бар. Азаматтар «Дамумед» мобильді қосымшасы арқылы дәрігердің қабылдауына жазылып, сондай-ақ учаскелік терапевті не басқа маманды үйге шақырта алады. Медициналық-ақпараттық жүйенің мобильді қосымшаларын қолданушыларға жазылған рецептер және зертханалық тексерулердің қорытындыларымен танысуына болады, жұмысқа жарамсыздық анықтамасын көшіріп ала алады. Қосымша қызмет «Дабыл түймесін» бір рет қана басу арқылы бес жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдер мен диспансерлік есепте тұрған науқастарға үйге дәрігер шақыртуға болады.

Тұрғындардың цифрлық технологиялар бойынша сауаттылықтарын ашу мақсатында облыста 64 пост жұмыс істейтінін айта кеткен орынды. Ол жерлерде мобильдік қосымшаларды қалай жүктеу және пайдалану жөнінде кеңестер беріледі, қолданушының жадынамалары таратылып, әлеуметтік желілер арқылы қосымшаны қалай пайдалану керектігін үйрететін бейнероликтер көрсетіледі. Бүгінге дейін 600 мыңнан астам тұрғынға кеңес берілді.
Үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап облыстық ауруханада «Senymdy dariger» жобасы қолға алынды. Жоба пациенттің денсаулығына қашықтықтан бақылау жасауға, арнайы құралғының көмегімен тәулік бойы қашықтықтан кеңес алуға қолайлы. Денсаулық сақтау ұйымдарының Интернет желісіне қосылуын ерекше атап өткен дұрыс. Облыста барлығы 617 медициналық нысан: 62 аурухана, 184 дәрігерлік амбулатория (ДА), 56 фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП), 315 медициналық пункт (МП) бар. Интернет желісіне 62 аурухана, 168 ДА, 17 ФАП және 10 МП қосылған, олар облыс тұрғындарының 93 процентін қамтиды. Аудандық деңгейден төмен медициналық ұйымдардың (ДА мен ФАП) 78 проценті интернетке қосылған. 2019 жылы интернет желісіне тағы 16 ДА және 39 ФАП қосылады, бұл – 50-ден 800-ге дейін тұрғындары бар елді мекендерге қызмет көрсететін медициналық ұйымдардан басқа нысандардың барлығын интернетпен 100 проценттік қамтуға қол жеткізіледі деген сөз. Қалған 305 медициналық пунктке келер болсақ, олар аймақтағы тұрғындардың 5 процентінен кем бөлігін қамтиды, бұл жерде біз сөзсіз «Цифрлық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасының ресурстарын пайдаланатын боламыз. Атап айтсақ, еліміздің ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету жобасына қол жеткізбекпіз.

Жоғарыда аталған технологиялардың барлығы тұрғындардың денсаулықтарының нашарлауына жол бермеуге, тәулік бойы маманның кеңесін алуға және рецепт жазғызып алуға мүмкіндік береді.

– Жерді пайдалану саласында да цифрландыру бағдарламасы белсенді қолданылып жатқанын білеміз. Бос жерлердің электронды картасы туралы не айтар едіңіз?

– Аймақтың кәсіпкерлері үшін Өскемен мен Семей қалаларындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдары бар бос жатқан жерлердің электронды картасы жасалды. Жыл басынан бері 5,1 мың қолданушыдан 7 млн. өтініш тіркелген. Жыл аяғына дейін Риддер, Аягөз, Шемонайха, Серебрянка, Зайсан және Алтай сияқты тағы алты қаланың карталары ашық, қолжетімді жерде жарияланады.

– «Шығыс –Адалдық алаңы» жобасының аясында ерекше қажеттілігі бар жандарға қолайлы жағдай жасау қарастырылған ба?

– Әрине. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын сақтау және өмір сапасын жақсарту мақсатында өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік инфрақұрылымның 2643 нысанына қозғалысы төмен адамдарға қолжетімділігі туралы төлқұжат берілді. 1467 нысан бейімделді. Ағымдағы жылы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымдарының тағы 213 нысаны бейімделді.

Бұдан басқа республикалық бюджеттің есебінен облыс орталығындағы бес көшеде «Жүргіншілер өткелі» жол белгілері қойылды, бағдаршаммен реттелетін екі жол айрығында есту қабілеті төмен жандардың қауіпсіздігі үшін төрт дыбыс дабылы орнатылды.

– Екінші бағыт – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мемлекеттік құрылымдар мен әртүрлі ұйымдар қызметтерінде мөлдірліктің артуына оң ықпал еткені байқала ма?

-Әрине, игі әсері болады. «Ақпараттың қолжетімділігі туралы» Заңға сәйкес барлық мемлекеттік органдардың өз сайты бар, барлық ақпарат сол жерде ашық жарияланады. «Ашық үкімет» порталы іске қосылғалы, мемлекеттік органдардың қызметіндегі мөлдірлік қамтамасыз етілуде, сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігі артып, мемлекеттік құрылымдардың қызметіне қоғамдық бақылау күшейе түсті. «Ашық диалог» сайтында 2016 жылдан бері облыс әкімінің жеке блогы ашылған. Төрт жылда ол жерге 821 өтініш түскен. «Ашық нормативті-құқықтық актілер» порталы тұрғындардың қоғамдық бастамаларды, нормативті құқықтық актілердің жобаларын, мемлекеттік органдардың шешімдерін талқылауға қатысуын қамтамасыз етеді.Үстіміздегі жылдың алты айында 390 жоба жарияланды. «Ашық бюджет» порталында бюджеттік есеп, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың қорытындылары жарияланады. Биыл бұқаралық талқыға салу үшін 1100 бюджеттік бағдарламалардың жобасы, жүзеге асырылуы туралы есеп жарияланды.

2018 жылы 12 мемлекеттік орган мен 5 квазимемлекеттік сектордың қызметтеріне жүргізілген сараптамалардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлықтың 206 қатері анықталып, оларды жоюға 177 нұсқау берілді. Қазір олардың 80 проценті орындалған, қалғандары орындалу үстінде.
-Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін не істеу керек?

-Астаналық тәжірибенің негізінде аймақтық аспектіні ескере отырып, түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі таңда облыста 33 фронт-кеңсе, 2 open spac, 50 адалдық дүкені жұмыс істейді. Мемлекеттік органдардың басшыларын бірінші қабатқа орналастыру жұмыстары өз нәтижесін берді, қазір 19 басшы төменгі қабатта отырады. «Шығыс- Адалдық алаңы» жобасының орындалуы үнемі бақылауда ұсталады.

Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button