Селт етер емес

Кеше ғана «жасыл» аймақта едік, ал бүгін тағы да «қызыл» аймақтамыз. Санитарлық талаптарды елемей, алаңсыз жүріп-тұрудың салдарынан жағдай қайтадан қиындады. Соған сәйкес қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Монторингтік топтар халық көп жиналатын қоғамдық орындарды дүркін-дүркін аралап, салғырттық танытқандарды жазаға тарып жатыр. Бірақ тұрғындарды індет те, салынып жатқан айыппұл да селт еткізер емес. Өкінішке қарай көңіл көтеру, маскасыз жүру, тығылып той жасау сияқты тәртіп бұзушылықтар тыйылмай тұр.
25 сәуірде тексеру тобы Өскемендегі 145 нысанды аралады. Жай ғана аралаған жоқ, шектеу шараларын бұзған алты тұрғынға айыппұл салды.
Ал Семейде 358 нысанға тексеру жүргізілді. Сауда үйлерінде, базарларда, қоғамдық тамақтану нысандарында және қоғамдық көлікте маскалық режимді бұзған 10 жағдай анықталды. Бұлардың бәріне қатаң ескерту жасалды.
Алтай ауданының мониторингтік топтары 139 нысанға рейд жүргізді. Рейд барысында бір мәрте ереже бұзылғаны анықталды.
Абырой болғанда басқа қала мен аудандар талаптарды қатаң ұстанған. Өзге аудандардың «қызыл» аймақтан алыс тұрғаны да содан шығар?!.
Балауса ҚОЖАЕВА