МерейтойТОП

Қырық жыл жолаушы тасыды

Өскемен қаласында қырық жыл жолаушы тасыған Зәмза Қырықбаев ақсақал 80 жасқа толып отыр. Ол «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері, Өскемен қаласының Құрметті азаматы. Сонымен бірге Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген құрметті жүргізуші.

1942 жылы 16 мамырда бұрынғы Марқакөл ауданының Горный ауылында (қазіргі Күршім ауданы, Ақбұлақ ауылы) дүниеге келген ағамыз ауылдағы сегізжылдық мектепті бітіріп, Өскеменге Жамбыл мектеп-интернатына оқуға келеді. Оның 9-10 сыныптарын ойдағыдай аяқтап, 1960 жылы кәмелеттік аттестатпен бірге үшінші сыныпты жүргізуші мамандығын да алып шығады.

Қаладағы апа-жездесінің қолында тұрып, жұмыс қарастырып жүрген жас жігіттің көзіне бірде облыстық газетте басылған хабарландыру түседі. Онда №1 қалалық автопарк үшінші сыныпты жүргізушілерді екінші сыныпқа оқытып, автобус жүргізушілігіне алатыны жазылыпты. Біраз ойланған ол ақыры барып көруге шешім қабылдайды. Бұл жерде жаңа құрылған топпен бірге үш жарым айлық курсты бітіріп, 1960 жылдың шілде айында алғаш рет «КавЗ» маркалы автобус рөліне отырып, №7 бағдар бойынша жолға шығады. Ол кезде Ертіс үстінде көпір салынбаған шақ, «Отрываловка – Паром» деп аталған бағытта жолаушы тасығаны күні бүгінгідей есінде. Содан дәл осы мекемеден табан аудармай қырық жыл жұмыс істеп, сол заманда шығарылған «ПАЗ-652», «ПАЗ-672», «ЛАЗ», «ЛиАЗ» маркалы автобустардың бәрінің тізгінін ұстап, 2000 жылы зейнеткерлікке шығады.

– Алғашқы кезде қиын болды, қазақтар санаулы ғана еді. Автобус жүргізуге екінің бірін ала бермейтін. Өзге ұлт өкілдері істей ала ма деп сынай қарайтын. Автобустар да ескі еді, жиі сынатын, өзіміз жөндейтінбіз. Мен жездем Қайырбек Айжігітов пен апайым Гүлшари Қырықбаеваның қолында он жыл тұрдым. Жездем қорғасын-мырыш комбинатында балқытушы, мен жүргізуші болып 40 жылдан істедік. Екеуіміз де «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері атандық. Бір үйден екі батырды шығарғаны үшін апайыма деген құрметім ерекше. Солардың жөн көрсетуімен көп жетістіктерге жеттім, – дейді Замза ақсақал.

Жұмысына тиянақты, көрсеткіштері жоғары әрі жаман әдеттерге үйірлігі жоқ жас жігітті жұмыстағылар бірден байқап, көп өтпей мекеменің аға кассирі, Еңбек Қызыл Ту орденді Зада апай партия қатарына өтуге ұсыныс білдіреді. Сөйтіп, партияға өтеді. Көп ұзамай қалалық комитет мүшелігіне сайланады. Содан кейінгі жылдарда үш рет облыстық кеңестің депутаты, үш рет облыстық партия комитетінің мүшесі болып, қажырлы еңбегінің арқысында 1975 жылы үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін кеудесіне тағады. Бес жылдан соң абырой-беделі артып, екінші дәрежелі орденмен марапатталады.

Кейін басшылар оны шақырып алып, «Сен жоғары социалистік міндеттемелерді орындауың қажет. Қысқасы, біз сені ұсынып отырмыз» деп мәселені төтесінен қояды. Әрине, жоғары дәрежелі орденге қол жеткізу оңай болған жоқ. Ол үшін жаңа автобуспен 1 миллион шақырымды артқа тастау міндеті тұрды. Алайда, партиялық тапсырманы орындамауға болмайды. Зәмза аға бел шешіп кірісіп кетеді. Екі күндік демалысы бір күнге қысқарып, жұмысы еселенеді. Ақыры 4 жыл, жеті ай дегенде бір миллион шақырымдық межені бағындырады.

1984 жылдың наурызында 11-ші бесжылдықта Социалистік міндеттемелерді және жоспарды мерзімінен бұрын орындағаны, белсенді қоғамдық жұмысы үшін оның есімі Қазақ КСР автомобиль көлігі министрлігінің қалалық Құрмет тақтасына жазылды.

Табанды еңбектің нәтижесінде 1986 жылы бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алған ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты атанды. Осы жылы ақпанда КОКП ХХVII съезіне делегат болып сайланып, Мәскеуге бару құрметіне ие болды. Одақтағы ең бір танымал адамдармен жүздесу сәті түсіп, Кремльде Куба коммунистік партиясының төрағасы Фидель Кастромен әңгімелесудің, әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринмен және тағы басқалармен бірге суретке түсудің сәті түседі. Мұның бәрі ағаның үйдегі фотоальбомдарында, жеке құжаттарында тарих беттеріндей сайрап жатар.

Зәмза Қырықбаев өмірлік жары Бақыт Құмарова екеуі Бауыржан, Мақсат есімді екі ұлды тәрбиелеп өсіріп, олардан жеті немере сүйіп отыр.

– Қазір де бос жатпай, облыстық, қалалық ардагерлер кеңестеріне мүше болып, «Атамұра» ансамблінің құрамында баянда ойнап, домбыра шертіп, ән салып, қазақ өнерін алыс-жақын шетелге насихаттап жүрміз. Алайда, 80 жасқа келген соң, көз қарауытып бұрынғыдан емес, рөлге отырудан жасқанады екенсің. Әйтпесе, заманында қарапайым ел тұрмақ, басшылардың өзі тебе алмаған жеңіл көліктің бәрін алдым, екі рет пәтер берді. Барлық автобустарда  күні-бүгінге дейін тегін жүремін. Қазір енді дәрігерлер қажет деген соң көбірек жаяу жүруге тырысамын. Мен Пермитин көшесінде, Ертістің жағасында тұрамын ғой. Сондықтан күн сайын ерке Ертістің жағасында серуендеп жүруді әдетке айналдырып алдым. Шынымды айтсам, осы өміріме ризамын, – дейді Didar-дың редакциясына да жаяу келіп кетіп жүретін Замза ақсақал бізбен қоштасып тұрып.

Атамызды ансамбль құрамында домбыра шертіп, баянда ойнап, əн салатын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы адамның өзі деуге болады. Облыс пен республика өңірлеріне, алыс-жақын шетелдерге шығып, қазақ өнерін көпшілікке насихаттап жүрген Зәмза Қырықбаев алдына қойған мақсаттарының әлі көп екенін айтады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button