Қоғам

Сексен төрт жасында да атынан әлі түспеген

Сексен төрт жасында да атынан әлі түспеген

Зырян ауданының жалпы жер көлемі 10.46 мың шаршы шақырымды құрайды. Жерінің басым аумағы таулы боп келетіндігіне қарамастан, Зырян – малға да, жанға да аса жайлы өңір.

Зейнеткер болса да, бос әңгімегеге уақыты жоқ

Тал шаншысаң, тоғай өсіп шығатын осындай құнарлы жердің қызығын көріп отырған шаруа адамдары аз емес онда. Солардың бірі – ес білгелі жер төсін еміп, еңбекпен шыңдалған Социалистік Еңбек Ері, бүгінде 84 жастағы Павел Полянский. Балаларының алды 60-ты еркін аралап кеткен ақсақал әлі де тың, сабаздың күректей алақандары да қарулы.
Біздің кейіпкеріміздің өз тұстастарынан бір артықшылығы – көпірме, мақтан сөзге сараң. Сосын, зейнетке шығар-шықпастан «Мен асарымды асадым, жасарымды жасадым. Болды, енді демалуым керек!» дейтін қайсыбір ақсақалдарға ұқсап ел аралап, қысыр әңгіме аңдып жүрген жоқ. Олай етуге оның құлқы да жоқ, қолы да тимейді. Өйткені, оның таңның атысы, күннің батысы көзімен баққаны қарамағындағы мыңға жуық ірі қара малы. Оның қысқы жемшөбі мен малға жайлы қора-қопсысының жайы. Оның бүкіл санасын «Осы малдың сүті мен етін қайда, қаншаға, қайтіп өткіземін?», «Қайтсем қарамағымдағы жұмыскерлерімнің еңбекақысын кешіктірмей беремін?», «Келер көктемнің егіс науқанына техникаларымды қайтіп әзірлеймін?» деген секілді сансыз сауалдар жаулап алған. Одан қала берді мыңдаған гектар егістік алқабы бар. Егін дегеніңіз біздің қайсыбіреулеріміз ойлайтынымыздай, «Көктемде ойнап-күліп жүріп егіп тастасаң болды, күзгі орақ науқанында алтын дәннің астында қаласың!» деген ұғымнан әлдеқайда бөлек көрінеді. Меншігіндегі егістік алқаптың қаншасына бидай, қаншасына арпа-сұлы, қанша гектар жерге шекілдеуік пен қарақұмық, тағы басқа егу керектігін есептеп, өткен жылдардың кемшіліктерін биыл қайталамаудың қамын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген адамның бос әңгіме қууға уақыты бола ма?
Аталмыш ауданда іссапарда болғанымызда Павел Тимофеевич негізін өзі қалаған «Дородница» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен етене танысудың сәті түскен. Байқағанымыз, ақсақал табиғатынан сөзге сараң, іске мығым жан екен. Дегенмен, адам түсініскенше демей ме, суыртпақтап отырып-ақ біраз әңгімесіне қанықтық.
– Ол кезде совхоздың экономикалық дамуы өте мықты еді. Кемшіліктер де болды. Әсіресе, құрылыс жағы кемшін соғып жататын. Соның өзінде біз облыстың алдыңғы қатарлы он шаруашылығының, әйтпесе бестіктің қатарынан орын алып отыратынбыз. Мен осы «Первороссийский» совхозында 32 жыл директор болдым, – деп бастады әңгімесін, шаруашылықтың жілігін шағып, майын ішкен еңбек майталманы.

Тәуекел түбі жел қайық…

– … Содан, 1994 жылы зейнетке шықтым. Сол тұста жекешелендіру науқаны басталды да кетті. Халық жапа-тармағай өзіне тиесілі үлесін алып жатыр. Арада екі-үш жыл өтер-өтпесте осы Дородница ауылы тұрғындарының (қазіргі қалғаны 64 түтін) өтінішімен жеке шаруашылыққа басшылық етуді қолға алдым. Ол кезде бұл ауылда мектеп дейсің бе, балабақша, яслиге дейін бар болатын. Шаруашылықты жолға қою өте қиын болды деп айта алмаймын. Өйткені, бұл жердің егістік алқабынан бастап, шабындығы мен жайылымдарын да, ауыл тұрғындарының арасында кімнің қолынан қандай іс келетіндігін де бес саусақтай білетінмін. Мен келгенде, бұрынғы 7 мың бас ірі қараның 120-сы ғана қалыпты. Техника да солай, өзі ескі-құсқы. Біразы сатылып, қалғаны талан-таражға түсе бастаған. Әсіресе, 1997-98 жылдары елдегі жағдай тым ауыр болды ғой. Қабылдап алған шаруашылықтың қоймасында не тұқымдық дән қалмаған. Барының өзі сапасы нашар, шіри бастаған. Жанар-жағармай мүлдем жоқ.
Әбден кетеуі кеткен шаруашылыққа келгеніңізге өкініп қалған жоқсыз ба? Жұмысты неден, қалай бастадыңыз?
– Өкінсек те, өкінбесек те: «Шешінген судан тайынбас» демей ме. Ең әуелі қаражат қажет. Оны қайдан аламыз? Не істеуге болады? Содан, «Нар тәуекел!» деп, әуелі шабындық жерлерді шауып, шөпті маңайдағы Первомайка, Октябрьский ауылдарында мал ұстайтындарға саттық. Жүз бастай жылқы қалған. Оның біразын сатуға тура келді. Ақшасына тұқымдық бидай алып, қоймадағы қалған-құтқан дәнге қосып ектік. Сөйтіп, бензин, солярка алып, осы жұмысты бастағанбыз. Әсіресе, алғашқы екі жыл өте ауыр болды. Соған қарамастан әупірімдеп жүріп 2000 жылы нарық соққысынан есімізді әзер жидық. Шама-шарқымызға қарай қажетті техникалар ала бастадық. Өйтпесе тағы болмайды, ескі-құсқы техникамен жұмыс өнбейді. Бұл өңірдің жері – басым бөлігі мал шаруашылығына қолайлы. Пайызбен айтар болсақ, 70 пайызы жайылымдық, шабындық жерлер. Егіндік жерлер аз, бар-жоғы 30 пайызды құрайды. Сондықтан негізгі күшіміз бен назарымыз малға бағытталған.
Бір қараған адамға бізде ет те, сүт те, арпа мен бидай, түрлі техника дейсің бе, бәрі бар. Алайда, қандай шаруашылық болмасын үкіметтің қолдауынсыз алысқа ұзап кете алмайды. Бұл әсіресе, құрылыс саласына тікелей қатысты. Бір кездері кеңес заманында салынған мал қоралар да, тұрғын үйлер, қылаяғы совхоздың кеңселері де бұл күнде әбден тозығы жеткен. Алды құлай бастаған. Жаңа құрылыс нысандарын салуға бізде құлшыныс зор. Қажетті құрылыс материалдарын сатып-ақ аламыз. Бірақ мәселе «Сатып ала салатын ақшам бар» дегенде емес. Сөздің шынын айтар болсақ, бізде кәсіби құрылысшылар жоқ. Міне, осы жағы көптен бері ақсап жатыр. Бұлай кете беретін болса, кезекті бір қатал әрі ұзақ қыста қорадағы бүкіл малымыз қырылып қалуы ғажап емес. Менің қайран қалатыным, Өскемен, Семей секілді қалалы жерлерде құрылыс жұмыстары бар қарқынымен жүріп жатыр. Бәрі атқарушы билікпен келісілген. Мердігерлер арнайы өткізілген тендерді жеңіп алған құрылыс компаниялары. «Осы мәселе ауылды жерлерде де жүргізілсе», – деген өтініш бар жоғары жақтағыларға. Шаруашылықтың табатын табысының 70 пайызы мал шаруашылығынан түседі. Сондықтан бізді ең алдымен малдың жайы алаңдатады. Оның қысқы жемшөбі, жаздық жайылымдық жерлері, ең бастысы, қыс мезгіліндегі малдың күндіз-түні тұратын қора-қопсысы жайлы әрі жылы болуы шарт. Мұнан басқа, осы малдан алынатын сүтті, етті көңілімізден шығатын, жыл бойғы еңбегімізді жемейтін бағаға өткізу – бөлек әңгіме.

Еліме еткен еңбегім ескерусіз қалған жоқ


Өнім демекші, малдан алынатын ет, сүт өнімдерін қайда, қаншадан өткізесіздер?
– Кез келген өнім өндірушінің ең нәзік, ең осал тұсы – өзіңіз айтып отырған өнім өткізу мәселесі. Мысалы, малшының еті өтпесе, сүті өтпесе, не болады? Диқанның еккен егінін ешкім алмаса – құрыған деген сол емес пе? Сондықтан бірінші кезекте сүт өнімдеріне тоқталайын. Бұл салада біз сегіз жылдан бері Өскемендегі «Эмиль» сүт өңдеу компаниясымен жұмыс істеп келеміз. Күн сайынғы сүтті сауып, тазалап сүзіп, тоңазытқышта сақтап отырамыз. Олар күнделіктісін күнде өздері келіп алып кетеді.
Олардың, яғни «Эмильдің» сатып алу бағасы көңілдеріңізден шыға ма? Болмаса өнімдеріңізді арзанға алып кете ме?
– Осы уақытқа дейін олар да, біз де риза болатынбыз. Енді мынау теңгеге байланысты девальвациядан кейін «Эмиль» бізге арнайы хат жолдапты. Ол хатта олар қаржылық түрлі себептерге байланысты сүттен жасалатын өз өнімдерінің барлығы 20-30 пайызға қымбаттағанын мәлімдепті. Сөйтеді де, біздің сүтімізді сол бұрынғы келісілген бағамен ала бергілері келетіндігін айтады. Біз, әрине, оған келіспедік. Сосын олар сүттің әр литріне бес теңгеден қосты. Қазір литрін 95 теңгеден алып, екі жақты түсіністікпен жұмыс жасап жатырмыз. Кеңес үкіметінің кезінде біз қандай өнімнің болмасын өткізілуіне бас қатырмайтынбыз. Ал қазір олай емес. Бәрін өзің іздеп табуың керек. Алушыларды да түсінуге болады. Олар бір ғана сүттен ірімшік, йогурт, қаймақ дейсіз бе, түрлі-түрлі өнім түрлерін жасайды. Ол өнімдерді уақытында өткізу де оңай шаруа емес. Ал біздің қолымыздан сиырды сауғаннан басқа түк келмейді. Бір кездері мына тұрған аудан орталығы Зырян қаласына сүт өткіземіз деп, көрмегенді көргенбіз. Ақыры түңілгеніміз соншалық, бар сиырды сойып, сатып, көзін құртуға да бекінгенбіз. Сондықтан, ол жағынан аузымыз әбден күйгендіктен, «Эмильдің» шарттарына көнбеске амалымыз жоқ.
Тағы бір шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе бар. Ол – арнайы білімді кәсіби мамандар мәселесі. Сіз сенесіз бе, бізде бір мың бас малымызды уақтылы тексерістен өткізіп, қажет болса егіп, құлақтарына сырға тағып, әне-міне жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргізіп тұруы тиіс мал дәрігері жоқ. Немесе зоотехник, агроном, механик тіпті, қарапайым механизатор дегендерің қасқалдақтың қанындай. Оларды қайдан аларымызды да білмейміз. Тіпті, солардың оқу ақысын шаруашылық есебінен төлеуге де әзірміз. Бірақ ешкім бармайды. Жастардың өз білгендері бар. Ілеуде бір маман табыла қалса, тұратын үй жоқ. Үй табылса, маман жоқ. Осылайша бірі болса, бірі жоқ, әйтеуір жүріп жатқан жайымыз бар.
Өзіңіз жайында не айтасыз?
– Өзім жайында не деуге болады? Зырян ауданының Ленинск дейтін деревнясында төтр кластық білім алдым. Сол жылы соғыс басталды да, оқудан қол үзуге тура келді. Айта берсек, әңгіме көп. Менің кім екендігім, ес білгелі осы салада не істеп, не тындырғаным жайында газеттер жазудай-ақ жазған. Бір кездері осы шаруашылық басынан асай-мүсейлерін асынған тележурналистер де шықпайтын шырқ көбелек айналып. Осындай жасқа келіп, заманның ағысынан қалыспай, бір сөзбен айтқанда, әлі күнге дейін ат үстінде жүргенім үшін бір құдайға разымын. Әйтпесе, менің қатарластарымның біразы о дүниелік боп кеткен. Не нәрсеге шүкіршілік етемін. Неше жылғы еңбегім ескерусіз қалған жоқ. Басқа марапаттарымды айтпағанда, 1974 жылы сол кездегі ел басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қолынан Социалистік Еңбек Ері атағын алдым. 2012 жылы облыстың Құрметті азаматы деген атақ берілді.
Жастарға көңіліңіз тола ма, шаруаға ыңғайлары қалай?
– Қазір осы шаруашылықтың тізгінін ұлдарым Александр мен Алексейге бергем. Бірі басшы, бірі қосшы дегендей. Өзім соларға бас-көз болып отырамын. Қыс уақытында көп келмесем де, жаз айларында шаруашылық басына тартып тұрады. Ұлдарымның болашағы үшін де, жүргізіп отырған шаруаларына, тіпті, тәртіптеріне де еш алаңдамаймын. «Не ексең, соны орасың» деген. Оларға тәрбиені де өзім бердім. Шаруаға да, өмірде кездесетін қиындықтарға төзе білуді де, үлкенге құрмет, кішіге ізет дегенді де өзім үйреткем. Оның үстіне ақыл тоқтатар жасқа келіп қалды. Мені алаңдататыны – жастар. Бұларды түсінудің өзі өте қиын боп кетті бүгінде. Ештеңеге алаңдамайды, ешнәрсені уайымдамайды, рахат. Бір нәрсені үйренейінші, мынаны істейінші деп қызықпайды ғой. Мүмкін, жаңа заманның талабы сол шығар. Біздің кезімізде бәрі басқаша әрі түсінікті болатын. Әйтеуір, аман болсын, жастарымыз. Қиыншылық уақытша дүние. Ең бастысы, еліміздің іргесі тыныш болсын.

Серік Құсанбаев
Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button