Сексен теңгеге көтермедің деп, сес көрсетті
Биылғы 24 наурызда, кешкі сағат 18.00-де Семей қаласында 20 шақты автобус өз жұмыстарын бірден тоқтатты. Мұның алдында жолаушылар тасымалдаушылар «Жолақы 80 теңгеге көтерілмесе, осындай әрекетке барамыз», деп ескерткен болатын. Қақаған суықта далада қалған жолаушылар біразы жаяулап, енді бірі такси жалдап, әбігерге түсті де қалды. Бұл әрекеттің дұрыс-бұрыстығын тексеру мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов жолаушылар тасымалы қызметімен айналысатын компаниялармен жабық есік жағдайында кездесу өткізді.
Оқырманға түсінікті болу үшін, бұдан бұрын өткен ашық жиынға бір мәрте тоқтала кетпекпіз. Автобус тасымалымен айналысатындардың бағаны көтереміз деп әлек салуы араға бір жарым-екі жыл салынып, қайталанатын болды. 2013 жылы Семейдегі жолаушылар тасымалымен айналысатын монополистер қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын 60 теңгеден 65-70 теңгеге дейін көтеруді сұраған. Енді міне, биыл ақпан айында олар бірден 80 теңгеге дейін қымбаттатуды талап етіп отыр. Семейде азық-түлік бағасы Алматы, Астана қалаларымен бірдей. Киім-кешек те сол деңгейде. Соңғы кездері жарық пен жылудың бағасы өсті. Дегенмен, еліміздегі ең арзан жолақысы Семейде болатын. Тасымалдаушылар ақпан айында жол ақысын көтеру бойынша облыс әкіміне, облыстық ҰҚКД бастығына облыс прокурорына арнайы хат жолдаған екен. «Осы мәселе шешілмесе, 20-сыншы ақпаннан бастап, небары кешкі 19.00-ге дейін ғана жұмыс істейміз» делінген хатта. Тасымалдаушылардың қазіргі шығындарын, бағаның көтерілуін есептегенде тоқтаған межелері 110 теңге екен. Сондықтан да әзірше 80 теңгені қанағат тұтуды жөн санапты. Күрделі жағдайды шешу үшін қала әкімі Ермак Сәлімов барлық тиесілі қызмет пен прокуратура өкілдерін, қоғамдық ұйым мүшелері мен журналистерді шақырып, ашық жиын өткізді. Жиында сөз алған «Таксомоторный парк» ЖШС директоры Владимир Халин айтуынша, қала ішіндегі жолаушы тасымалына тарифті көтеруді 2013 жылдан бастап айтып келе жатса да, өтініштері қанағаттандырылмай отырғанын алға тартты. Соңғы ұсынысты қаңтарда жасаған.
– Бір адамды тасу 92 теңгеден 127 теңгеге дейін тұрады. Басқа жақтарда солай. Орташасы 110 теңге. Дегенмен Семейде 80 теңге қолайлы. Өскеменде 22 ақпаннан бастап, тариф 90 теңгеге көтерілген, – дейді Владимир Халин, – бірақ Өскеменмен салыстырғанда 90 теңге Семей қаласы үшін тым ауыр. 80 теңге деп отырғанымыздың себебі осы.
Семей қалалық автомобиль жолдары және жолаушы тасымалы бөлімінің бастығы Юрий Пазына мен қалалық қоғамдық кеңестің жетекшісі Николай Исаевтың пікірінше, егер тарифті көтеру керек болса, нақты құжаттар дайындап әкелу керек.
– Сіздер сұрап отырған 80 теңгеге біз келісеміз делік, бірақ ол үшін бәрі негізделген дәлел қағаздарыңызды көрсетіңіздер. Онда бухгалтерияның барлық есеп-қисабы болғаны жөн, – деді Юрий Пазына, – осындай негіздемелермен дәлелденген құжаттар жиынтығы болса, тариф мәселесін нақты ойластырамыз.
Бірақ тасымал саласының өкілдері құжат, қағаз жинақтау мүмкін емес, өйткені, олардың қарамағына өңкей бірлі-жарым жалға алушылар жинақталған деп ақталды. Жиналысқа қатысып отырған Семей қаласының прокуроры Марат Турубаевтың айтуынша, Семей қаласы әкімдігінің автомобиль жолдары мен жолаушылар тасымалы бөлімінің бастығы Юрий Пазына тарапынан қойылып отырған талап дұрыс. Талап қойған жақ ең алдымен құжаттық негіздемесі бар қағаздарын көрсетуі керек. Қала әкімдігімен келісімшартқа отырғаннан кейін, уақытты шектейміз деп бопсалау арқылы проблемаларын шешуге болмайды. Барлығы да заң арқылы жүзеге асатын шаруа.
-Келісім-шартқа отырғаннан кейін, сіздердің қоғамдық көлік санын қысқартуға, уақытты шектеуге құқыларыңыз жоқ. Егер олай етсеңіздер, жауапкершілікті алуға дайын болыңыздар. Мәселені дау-жанжалмен немесе бопсалаумен емес, заң аясында шешу керек. Мен түсінемін, сіздерге шығындарыңызды жауып, табыс табу керек, алайда, ол қарапайым халықтың есебінен шешілмеуі тиіс, қарапайым халықтың жағдайымен де санасу қажет, – деді прокурор Марат Турубаев, – тарифті не себепті көтермексіздер? Бұл жай ғана ауызбен айтыла салатын дүние емес. Дәйекті құжаттар болу керек. Ертең тасымалдаушылар тарифті көтерсе, прокуратура тексеруді бастайды, міне, сол уақытта да жаңа ғана сіздерге айтылып, ескертіліп отырған растаушы құжаттарыңыз қажет болады.
«Семдортехника-2» ЖШС директоры Геннадий Пьяновтың айтуынша, қаладағы автопарктердің тозып кеткендігі де алаңдатуда.
– 2016 жылы 14 тамыз күні біз қала әкімдігімен меморандум жасастық, – деді Геннадий Пьянов, – жаңадан автобустар аламыз, су жаңасын болмаса да, жарамдысын аламыз, дегендей. Сонымен, бірнеше автопарк лизингке көліктерін жаңғыртты. Жеке кәсіпкерлерді жалгер болуға шақырдық. Ал қазір сол несиелерімізді жаба алмай отырмыз. Тарифті көтермесек, жұмысшыларға ақы төлей алмаймыз. Жалгерлер қазірдің өзінде кетіп жатыр.
Қала әкімі Ермак Сәлімов жол жүру құны Көлік және коммуникация министрлігінің қызмет көрсету тарифтерін арнайы есептеу әдістемесіне сәйкес белгіленетіндігін атап көрсетті. Мұның үстіне тарифті көтеру үшін тасымалдаушылардың растаушы құжаттары шынымен де болуы қажет. Бәрі де тасымалдау тарифтерін қалыптастырудың экономикалық-математикалық моделіне сәйкес анықталатын болмақ.
– Дау-дамайдың зияны халыққа тимеу керек,-деді қала басшысы Ермак Сәлімов, – қазіргідей күннің суық кезінде жұрт аялдамада бірнеше сағат сіздердің автобустарыңызды күтіп тұруы дұрыс емес. Соңғы үш ай уақыт ішінде қоғамдық көліктердің мониторингі шықты. Онда GPS-навигация жүйесі бойынша, тіркелген тәртіп бұзушылықтарыңыз тұр. Қарашада жолаушылар тасымалы өз қызметін 63 пайызға, желтоқсанда 74 пайызға орындаса, қаңтарда 73 пайыз жүзеге асырған. Яғни, 70 пайыздан астам көрсеткіш көрсеткен «Таксомоторный парк» ЖШС мен «Семей көлігі» ЖШС, «Семдортехника-2» ЖШС-лері ғана. Ал бұлардан басқа ең ірі «Азия Combi» мен «Семавтопарк» ЖШС-лері қарашада өз жұмыстарын 52 пайыз атқарса, желтоқсанда 66 пайыз, қаңтарда 61 пайызға орындаған. Халық аялдамада сіздерді тосып тұрған дегеннің нақты дәлелі де осы. Осының өзі-ақ, бізге келісімшартты бұзып, жаңадан тендер жариялауымызға мүмкіндік береді. Бірақ біз бұлай ете алмаймыз. Себебі, қала маңына жаңадан шағын аудандар қосылды. Семейдің аумағы кеңейе түсті.
Осыған орай автобустардың бағыттары да өзгеретін болып отыр. Ең соңында қаланың кеңейген көлеміне орай, тендер қайтадан жарияланатын болады. Егер тасымалдаушылар біз сұрап отырған керекті растау құжаттарын, дәлел-дәйектерін жинап бере алмаса, мәселенің мән-жайын әбден зерттеуге арнайы мамандарды жібереміз. Жаңа тарифті сонда ғана нақты бекітеміз.
Жиналыс соңында қала прокуроры Марат Турубаев тасымалдаушылардың басым бөлігі әлі де болса өздерінің кірісі мен шығыстарын жинақтай алмай отырғандықтарын тілге тиек етті. Қандай күрделі мәселе болмасын, барлығы да заң арқылы шешімін тапқаны жөн деп, жиын осымен тәмамдалған еді.
24 наурыз күні 18.00-де тасымалдаушылар, сонау 20 ақпанда жұмыс уақытын шегереміз деген ескертулерін орындады. 26 наурызда Семей қаласының прокуроры Марат Турубаев автопарктің иелерін прокуратураға шақырды. Бірақ үш ірі автопарк, атап айтқанда: «Азия Комби» ЖШС-і, «Таксомоторный парк» ЖШС және «Азия Комби» ЖШС-нің директорлары келмей қалды. Дәлі осы кәсіпорындардың автобустары кешкісін адамдарды тасудан бас тартқан еді
– Біз ақпан айында әкімшілік үйінде өткен жиында тарифті шамамен 75 теңгеге дейін көтерейік. Бірақ қажетті шығындарды растайтын құжаттарды әкеліңіздер деген едік,-деді жиында Марат Турубаев. – Бірақ ол кезде тасымалдаушылар оған дайын болған жоқ. Сонымен, бұл мәселені шешетін комиссияның жұмысын біраз кешіктірді. Менің ойымша, әкімшілік те, тасымалдаушылар да кінәлі. Келісімге келе алмай жатыр. Тасымалдаушылар, әкімшілік тарифті көтереміз деді, көтермеді дейді. Сөйте тұра өздері заңсыз түрде жұмыстарын ерте тоқтатады, автобустарының 90 пайызын шығармаған. Бұл барып тұрған заңсыздық.
Облыс әкімінің қос бірдей орынбасары қатысқан жиында мына мәселелер анықталыпты. Деректі қала әкімінің баспасөзі барлық журналистерге өте кеш таратты. Сонымен наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түні түнделетіп жеткен ақпаратта былай деп жазылыпты:
– Қала ішіндегі жолаушылар тасымалымен айналысатын автобус иелері қала және облыс басшылығына түсініктеме берді. 24 наурыз күні сағат кешкі 18.00-де бірнеше бағыттағы автобустар техникалық ақаулыққа байланысты жұмыстарын тоқтатқан. Бірақ, келесі күні олардың барлығы да жұмыстарын толығымен жалғады. Облыс әкімінің орынбасарлары қатысқан жиында қала басшысы Ермак Сәлімов, 2017 жылы автобустардың, көліктердің жүріп-тұруына дұрыс болу үшін, қала жолдарын жөндеуге 200 млн. теңге бөліп отыр. Бұл қаражат өткен жылмен салыстырғанда 100 млн. теңгеге артық. Жолдарды орташа жөндеуге ағымдағы жылы 949,262 млн. теңге қарастырылған. Қаладағы 8 көшені жөндеуге мемлекеттік тапсырыс аясында конкурс жарияланды. Сондай-ақ, Дальняя көшесінің тротуарын, көлік жүретін тұсын жөндеуді жалғастыруға 104, 903 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл күндері автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімімен бірге, орталық көшелерде апатты шұңқырларды тегістеу жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл мақалада жиындарда ыйтылған жайттарды, прокурор мәлімдемесін, баспасөз ақпаратын түгелдей қамтып отырмыз. Қаладағы бірнеше ірі автобустар бір мезетте сынып қалды, деген ақпарат шындыққа жанасымды емес сияқты. Өйткені, сол күні халық жаяу-жалпы қалды. Сондықтан да бұл оқиға тез арада шешімін табады деп ойлаймыз.
Раушан Нұғманбекова
Семей.