Сексен дейтін сеңгірге сергек жету – бір бақыт
Бойы теректей, қолы күректей, батыр тұлғалы ағамызбен алғаш танысып, қол алысқанда, «жас шамасы әрі кетсе алпысты орталап қалған болар» деп топшылағам. Қателескен екенмін. Спорт дейтін сиқырды сонау бала күнінен жанына серік еткен, өмір бақи әскери тәртіппен жүріп-тұрған Қуанғали ағамыз 80-ге келдім деп, қайсыбір қатарластары құсап аяғын санап басып, қалт-құлт етіп жүрген жоқ.
Орысша-қазақша қатар сөйлей беретін мірдің оғындай өткір сөздері мен ұшқыр ойларын айтпағанда, киген киімінің өзі сексендегі адамға аса тән болмаса да, алпамсадай бойына жарасып-ақ тұр. Әсіресе, жастар жағы құмартып киетін джинсы шалбар мен крассовка киіп, мойнына спорттық сөмке асынған ширақ жүрісіне қарап, «Осы қазір спорт залға жаттығуға бара жатыр ма?» деп қалады екенсің. Бұл ойымыз алдамапты. Қуанғали Шылғаубайұлы таяу күндері 80 дейтін сеңгірге ту тіккелі тұрса да, әлі күнге дейін турникке бір тартылғанда 12-15 рет (күніне бірнеше мәрте) тартылып, көпшілігіміздің мойнымыз жар бере бермейтін 25-30 келілік гір тастары мен гантель секілді темір-терсектерді ұршықша иіретін көрінеді.
«Уай, тәйірі, соны да сөз ғып. Көк темірді кім көтермей жүр дейсің?» дейтіндер де табылар. Солай-ақ болсын. Бірақ, құдайшылығына келер болсақ, қазір 80-ге келген қариялардың қолынан гантель мен гір емес, көбінесе таяқ көретініміз жасырын ба? Полковник ағамыздың құрдастары көңілдеріне алып қалмасын. Бұл күндері күнделікті болмаса да, анда-санда жолығып қап жүретін 80-дегі аға-апаларымыздың басым көпшілігінің құлағы ауырлап, көздері жасаурап, тізелері дірілдеп, шаршаңқырап қалған. Әрине, әркім әрқалай қартайып жатады. Дегенмен, сексенге келсе де, өзін жас жігіттердей сергек сезінетін жандар некен-саяқ. Негізі, адам әлденеге таңғалып, әлгіден әлдеқандай әсер алса, соны көпшілікке жеткізуге асығатыны бар. Дәл сондай, бізді де таңғалдырған Қуанғали ағамыздың тағы бір қыры – біраз жылдардан бері йогамен де айналысатындығы.
«Теңіздің дәмі тамшысынан» демей ме? Арада болған айналасы бір сағатқа жетер-жетпес уақытта полковник ағамыз кешегі патша заманының қазақ сахарасын, оның қожайыны қазақ халқын отарлау саясатынан бастап, қасақана ұйымдастырылған аштық жылдарын, 37- жылдардағы қазақ зиялыларына жасалған қанды қасап ату-асу, айдату дейсіз бе, оның бер жағындағы соғыстың тартқызған зардабы мен тың игеруді сылтауратып сыналай енген, баса-көктеп келген қара шекпенділердің озбырлығына дейін айызымызды қандырып тұрып айтып-айтып тастады. Міне, нағыз полковник деген осындай болуы керек қой. Ағамыздың жан-жақты білімдарлығына разы боп қана қойғанымыз жоқ. Мәнді де, мағыналы әңгімесінен көңілімізге көп нәрсе түйдік. Соның бірі кейіпкеріміздің өзі айналысып жүрген йога жайында айтқандары.
– Йога дегеніңіз сонау II-ғасырларда пайда болған көрінеді, – дейді полковник ағамыз. – Оның негізін қалаушы деп кемеңгер Патанджалиді атайды. Қысқаша айтқанда, йога жүйесіндегі басты мәселе – жаттығу тәсілдері мен практикасы арқылы жеке адамды өзін-өзі ұстауға, өзінің сезімі мен мінез-құлқын бақылауға, жан дүниесін баулуға үйрету. Йоганың мақсаты – тән мен жанның үйлесіміне жету. Денені шынықтыру арқылы жан саулығы мен сергектігін жетілдіру.
«ӘКЕ – ШЕШЕМ ШАХТАНЫҢ ТАУҚЫМЕТІН ТАРТҚАНДАР…»
– Мен 1936 жылдың 21 мамыры күні бұрынғы Марқакөл ауданындағы Алқабек кенішінде дүниеге келіппін, – дейді өткен өміріне ойша көз жүгірткен кеншінің ұлы. – Марқакөлдегі «Алтайзолото» тресінің Манко, Алқабек шахталары мол алтынның қоры болған. Әкем жарықтық өзі забойщик, өзі взрывник әрі крепельщик боп өле-өлгенше сол шахтаның отымен кіріп, суымен шыққан адам. Арасында әкем де бар, бір топ шахтерді соғысқа шақыртып, олар Өскемендегі жасақтау пунктінен кері қайтарылған екен. Сталин де ақымақ адам емес. Сол кезде еліміздің батысында күркіреп соғыс жүріп жатса да, «Алтын өндіру жұмыстары бір сәтке де тоқтамасын!» деген бұйрық шығарыпты. Содан, майданға шақырылған шахтерлердің барлығын «арнаулы мамандар жетіспейді» деп, броньмен кері қайтарып, олар жұмыстарын жалғастырған екен. Әкем сол кеніште жүріп денсаулығынан да айырылды. Ақыры, 1959 жылы сырқаттанып қайтыс болды. Анам Ләмхан да сол шахтаның тауқыметін тартқан адам. Күн-түн демей жұмыс істей жүріп, әкем екеуі дүниеге он бала әкеліп, барлығын да өсіріп, жеткізді, оқытты. Өкініштісі, солардың үшеуі ертерек қайтыс боп кетті де, қалған жетеуіміз аманбыз, әйтеуір. Әкемнің қазасынан кейін арада он жыл өткенде, анам да озды өмірден.
– Балалығыңыз соғыс уақытына тап келген екен. Бала болсаңыздар да біраз қиыншылықты көрген шығарсыздар?
– Балалық шағым соғыс уақытына тап келсе де, біз өзге қазақ ауылдарындағыдай көп жоқшылық көрмедік. Өйткені, аталған кен орындары тікелей Мәскеудің бақылауында және сол орталықтың қамсыздандыруында болды. Шахтерлерге құнарлы азық-түлік бөлінетін. Сосын, шахтадан шыққандарында арнайы пансионатқа жатқызып, төрт мезгіл тамақтандырып, арнайы ем-домдарын жасайтын. Әйтеуір, түскі асты анамыз әзірлеген күндері орыс-қазағы аралас төрт-бес қара сирақ кеніште жүрген әкелерімізге ас-ауқаттарын апарып беретінбіз.
Мектепте сабақты жақсы оқыдым. Әскери адам болсам деген бала күнгі арманым еді. Оқуымды бітіргесін, әскери училищеге түсіп тұрған жерімнен әкемнің сырқаттанып қалуына байланысты оқуға бара алмай қалдым. Одан көп ұзамай әскерге шақырды. Әскери борышымды әуелі Өзбекстанның Әндіжан қаласында, кейінірек Шыршық деп аталатын әскери гарнизонда өтедім. Ол кезде әскери борыштың мерзімі үш жыл еді ғой. Мақтанғаным емес, әскери борышымды барынша адал, ешқандай ескертусіз, бір сөзбен айтқанда, әскери уставқа лайық, өзгелерге үлгі боларлықтай өте жақсы өтедім. Ол қызметім басшылық тарапынан ескеріліп, көптеген наградалар алдым. Соның бірі – менің аты-жөнімді 1958 жылдың 23 ақпанында 149-шы гвардиялық истребительдік полктың құрмет кітапшасына енгізді. Әскери басшылық осы және басқа да жетістіктерімді жіпке тізгендей етіп мақтап тұрып жазып, суретіммен қосып аудандық «За коммунизм» деген газет бар болатын, соған салып жіберіпті. Мен оны білмеймін. Әскерден келгесін аудандық комсомол комитеті шақыртып, «Не заставаға старшина боп барасың немесе милицияға қызмет етесің» деп, өздері кесіп-пішіп, сыртымнан шешім қабылдап қойыпты. Сол кездегі аудандық милицияның бастығы Үмбетеев деген Ұланның азаматы еді. Сол кісі де шақыртып ап, қолқа салды. Ақыры бюроның шешіміне сәйкес жолдамамен Алматыдағы Ішкі істер министрлігінің бір жылдық дайындық курсын тәмамдап, қосымша самбо спортының инструкторы деген құжат алып елге оралдым. Осылайша, ішкі істер саласындағы алғашқы қадамымды тоғыз ауылдың участковый милиционері болып бастағам.
– Ол кезде үйленген бе едіңіз? Гүлсара жеңешемізбен қалай, қандай жағдайда танысып едіңіздер?
– Ол кезде басым бос болғанымен, таңның атысы, күннің батысы жұмыстан қол босамаушы еді. Қайсыбір қатарластарым секілді би клубтарын жағалап, қыз-қырқындармен киноға барғың келеді. Бірақ ол мен үшін тек қиялдағы арман болатын. Сөйтіп жүріп, күндердің күнінде жеңгең Гүлсарамен де таныстым. Тілі орысшалау, Өскеменнің қызы екен. Оқуын бітіріп, Марқакөлге жұмысқа келіпті. Шыққан тегі – Ұлан ауданына қарасты, мына Бұқтырманың Өтемісі. Құдайға шүкір, екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, ержеткіздік. Нұрлан деген ұлым мен Әлия деген екінші қызым – заңгер. Шамасы, әкелерінің жолын таңдаған-ау деймін. Әлия Астанада қызметте. Ал үлкен қызым Ләйлә Санкт-Петербургте тұрады. Мамандығы – экономист. Дәм жазып, бірнеше мәрте мейман боп қайттық. Ұлдан Арсен, Диас атты екі немереміз бар. Солардан Алина, Назым және Камила атты үш шөбере сүйіп отырмыз. Осының барлығын Алланың берген бақыты деп білемін.
– Қызметіңізді, өзіңіз айтпақшы, қатардағы участковый милиционерден бастап, аудандық, қалалық тіпті облыстық деңгейде де біраз жауапты қызметтер атқарған көрінесіз…
– Рас айтасың, қазір ойлап отырсам, сонау 1959 жылдан бастап 1989 жылы зейнетке шыққанға дейін бірқатар қызметтің тізгінін ұстаппын. Оның бәрін тәптіштемей-ақ қояйын. Ол кезде компартия не айтса, сол заң болатын. Маған сенім артып тапсырған қызметтерінің барлығын да ынты-шынтыммен беріліп, адал атқардым деп ойлаймын. Ол кездің бір артықшылығы, кез келген еңбек адамының атқарған ісі, еңбегі әділ бағаланатын. Менің де еңбегім еш болды дей алмаймын. Бірқатар мемлекеттік наградаларым, орден-медальдарым бар.
Бірақ маған зейнетке шыққаннан кейін де тыныштық бермеді. Зейнеткер куәлігін қолыма алғаным сол, үш күннен кейін облыстық әскери комиссариат шақыртты. Часовников деген полковник бар болатын. Сол кісі өзінің құқықтық істер жөніндегі орынбасарлығына қызмет ұсынды. Шынымды айтсам, үнемі формада, бірыңғай жазылып-сызылған тәртіппен жүріп-тұрудан әбден шаршап та кеткен едім. Амал жоқ, сенім артып шақырғасын бас тарта алмадым. Екі жылдан соң салық инспекциясындағылар қолқалап сонда ауысып, ол жақтың да қыр-сырына қанықтық. Алты жылдай қаржы басқармасының заңгері болдым.
– Ол кезде партияның айтқанының бәрі заң болатын деп қалдыңыз. Сіздер соңына дейін сол партияға қызмет еттіңіздер. Қазір заман да, қоғам да өзгерді. Осы өзгерістер көңіліңізден шыға ма, жалпы, ақсақал ретінде сізді не нәрсе алаңдатады?
– 2007 жылы менің өмірімде үлкен өзгеріс болды. Сәтін салып, Меккеге қажылық сапарға барып, мұсылмандық парызымның бірін орындап қайттым. Бұрын Ленинге, партияға табынып күн кешсек, қазір бес уақыт намазды қаза қылмай, жыл сайын ораза ұстап, құдайға құлшылық етіп, ел қатарлы жүріп жатқан жайым бар, – дейді қажы ағамыз. – Мені ең әуелі ел болашағы саналатын жастардың елге, жерге деген адалдығы алаңдатады. Халқымызда: «Ел сүйетін азамат бол!» деген сөз бар. Жастарымыз елі сүйетін жақсы азамат болсын. Туған елінің жел жағына пана, ата-аналарына мейірімді болсын. Менің қуанатыным, қазір мешітке жұма намазына мен секілді шалдардан төрт-бес адам ғана барады. Қалғандары түгел жастар. Намаздарын оқып, таспиықтарын тартып, құдайға құлшылық етіп жатқандары қандай ғажап, қандай жарасымды. Ондай иманды жастардың өтірік айтпайтындығына, біреуге қиянат жасамайтындықтарына кәміл сенемін.
P.S.Қуанғали Нұғыманов Өскемендегі Халифа Алтай атындағы орталық мешіттің құрылысы кешеуілдеп жатқан тұста, ел арасында зыр жүгіріп жүріп, орыс-қазағы бар дәулетті азаматтардан, ел адамдарынан өз ықтиярымен 8 мың АҚШ доллары көлемінде жылу жинап, мешітке сыйға тартыпты. Бірақ онысын: «Кезінде бұл газеттерге жазылған. Оны несіне қайталай береміз», – деп көп айта бермейді.
Серік Құсанбаев