Секен ТҰРЫСБЕКОВ, күйші: – Бала кезімде құлағалы тұрған көпірден өтіп, күй тыңдауға барушы едім
«Ақ жауынның» құрылуына Елбасының өзі қолдау көрсеткен
– Қазақ өнерінің асқар биігінен тіл қатқан күйші Секеннің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқымыз келеді?
– Бүгінде бас қаламыз Астанада тіршілік етіп жатырмын. Құрылғанына 15 жыл болған «Ақ жауын» оркестрінің көркемдік жетекшісімін. 1993 жылдары Елбасымыз: «Секен, сен өз оркестріңді құрсаң қалай болады? Осы істі қолыңа алшы» деген пікірін білдірген еді. Шынымды айтсам, бұған дейін мұндай идея менің ойыма келмеген еді. Тек жеке орындаушы ретінде ғана жұмыс істеп үйреніп қалған адаммын. Мінекей, үлкен ұжымның дүниеге келуіне Елбасымыздың ұсынысы түрткі болды. Содан не керек, тәуекелге бел буып, іске кірісіп кеттік. Лезде ісіміз ілгері басып, аяққа бірден тұрып кеттік деп айта алмаймын. Бастапқыда киім, аппаратура, техника жағы қиындау болды. Оның үстіне баспана болмаған соң ұжымды ұстап тұру оңай емес. Нұрсұлтан Әбішұлымен екінші рет кездескенімізде оркестрдің жағдайын қайта сұрады. Сонда: «Бақсының құмалағындай ыдырап кетті» деп айттым. «Неге үндемегенсің? Қанша қаржы керек?» деп сұрады Президент. Мен «50 мың доллардай болса» дегенімде: «Миллион неге сұрамайсың? Бұл саған, маған ғана емес, ұлт үшін керек» деп қолдауын білдірді. Сөйтіп, Елбасымыздың тікелей көмегімен жағдайымыз реттеле бастады. 1998 жылы Астана қаласына көшуге ұсыныс түсті. Ол кезде, шыны керек, бүкіл ұжымды тастап кетіп қала алмадым. Содан 2001 жылы Иманғали Тасмағамбетов: «Секен, Ақ патшаға екі рет айтқызған ұят болады, ұжымымен келсін деп отыр» деген соң, келісімімді бердім. Келген кезде әуелі уақытша Еуразия университетінде орын теуіп, бір жылдан кейін оркестріміз «мемлекеттік» деген мәртебеге ие болды. Міне, содан бері 10 жыл өткен екен. «Ақ жауын» осы уақытқа дейін Қазақстанның мәдени күндері аясында бірқатар шетелдерде болып қайтты. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауы негізінде облыстарда да өнерімізді көрсетіп жүрміз.
– Оркестрдің құрамы жөнінде аз-кем айтып өтсеңіз…
– Жалпы алғанда, қырық жеті адам жұмыс істейді. Соның ішінде оркестрдің құрамында 35 адам бар. Қызметкерлердің сахналық киімдеріне келетін болсақ, Мәдениет министрлігі тарапынан екі-үш жылда бір қаржы бөлініп тұрады. Бір костюмді бір жыл үзбей кисеңіз, өңі кетіп, көнере бастайды. Ал сахнаның көркі – киім. Өз басым қазақтың оюларын балақтан бастап, желкеге дейін қаптатуды ұнатпаймын. Оны да өз орнымен пайдалану керек. Мен осы жағына көп көңіл бөлемін. 1998 жылы Астанаға енді келген кезімде «Английский королевский» деген оркестр келді. Өнерлеріне тамсанып, көзіме жас алдым. Не деген ғажайып өнер?! Құрамында жиырма төрт адам бар екен. «Ақ жауын» да сондай шамада. «Қарындары аш болмасыншы, оқуларын алаңсыз оқысыншы» деген ниетпен жеті-сегіз студентті жарты ставкамен жұмысқа алған жайым бар.
Асқар Сүлейменовтің күйі неге 20 жыл бойы тыңдаушысын таппады?
– Репертуарлық ерекшеліктеріңіз неде?
– Бұл тұрғыда «Ақ жауын» табанды еңбек етіп келеді. Арыдағы «Байжігіт», оркестрмен көп орындалмайтын Әшімтайдың «Қоңырқазы», Жантөренің «Шалқыма», арнау жанрында жазылған Асқар Сүлейменовтің «Секен асу» деген күйі бар. Айта кетерлігі, бұл дүние 21 жыл бойы жарыққа шықпай жатып қалды. «Асекеңнің атын жамылды» деген ойдан аулақ болу үшін қате пікірде жүргенім рас. Жақында Әлия Бөпежанова хабарласып: «Секен, сенде сондай бір дүние бар екен ғой» деген соң, бұл дүниені қайта тауып алып, репертуарыма қостым. Асекең менің күйлерімнің әсерінен жазса керек, бұл туынды ешбір күйге ұқсамайтын ерекше бояуға ие. Жазушылардың ішінде осы Асқар Сүлейменов, Жұматай Жақыпбаев, Қажытай Ілиясов, Таласбек Әсемқұлов сынды тұлғалар күйге көп өзгеріс енгізуіме ықпал етті. Олардың күйге деген махаббаты, менің күйлерімнен алған әсерлері маған ерекше шабыт берді. Естайдың «Құсни-Қорлан», «Гауһартас» сынды шоқтығы биік әндерін де репертуарымызға қосқанбыз. Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков, Мағауия Қамзиннің туындыларын мүмкіндігінше орындауға тырысамыз. Құрманғазының «Қайран шешемі», Дина апамыздың «Әсем қоңыры», Сейдолла Бәйтерековтің «Кіштентайы», қобызда «Қасқыр», сыбызғы аспабында «Арман» күйі және өз шығармаларыммен бүгінде репертуарымыз толықтырылып отыр. Менің он екі күйім бар. Оркестрге өте күрделі «Жазғы қар», «Боздақ», «Күлтегін», «Ақжүніс», «Көкбөрі», бұрынғы «Көңіл толқыны», «Ақ жауын», «Балауса», «Ару – Ана» сынды дүниелерім орындалып жүр. Он екі-он үш әнімді де оркестр орындайды.
– \”Ақ жауын\” мемлекеттік камералық оркестрінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, қазақ өнеріне тамшыдай болсын үлес қоссам деген игі тілеумен жүрген азаматтардың бірісіз. Ал жеке шығармашылығыңызға уақыт таба алып жүрсіз бе?
– Күйге бала кезден әуес болдым. Үйдің арасының алыстығына қарамай, ортада жалғыз көпір, одан теңселіп, қалт-құлт етіп әзер өтесің. Сол жерге нағашымның домбырасын тыңдауға барам. Үлкен әсерге бөленуші едім. Сабақта отырғанымда жаңағы кісінің домбырасының үні құлағымнан кетпейтін. Саусағының шекке тигендегі ызыңның өзінде бір сыр бар сияқты көрінетін. Ол құдыретті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Ал қазір менің немерелерім домбыраның үні естілсе, сонау жерден жүгіріп келеді. Бәрі сені айналып, қоршап, қолыңдағы домбыраны алуға тырмысып жатқаны. Мен де оны жөн көріп, алдыма отырғызып алам. Мақсат – қазақтың қара домбырасының үні олардың да құлақтарына сіңісе берсе екен деген ой. Бүгінде «Ақ жауындағы» өнерпаздардың бәрі дерлік менің шәкірттерім. Мүмкіндігінше маған ұқсағысы келіп күй тартатын, соған тырысатын, тіпті, менен артық ойнайтындары да бар. Мен соған қуанамын. Олар оркестрде мәңгі отырмайды ғой. Төрт-бес жылда ұжым толығымен өзгеріп отырады деуге болады. Консерватория, академия бітіріп, келесі таланттар шоғыры келеді. «Ақ жауыннан» шыққан өнерпаздар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатыр. Тіпті, кейбірі жеке ансамбль де ашып алған. Бұйыртса, келесі жылы 1-ші мамырға қарай Семей қаласында фестивалімді бастаймын деген ойдамын. Үш номинация бойынша ұйымдастыруды жөн санап отырмын. Қатысуға ниет білдірушілер осы бастан дайындалу керек. «Ақ жауынның» әкімшілігі арқылы барлық ақпаратты алуларына болады. «Қазақфильм» киностудиясы «Күйші» деректі фильмін шығарды. Сондай-ақ, «Секен жүрек» фильмі және орыс тілінде «Линия жизни» атты телетуынды түсірілді. Күйді насихаттайтын орысша дүниелер де керек. Жасыратыны жоқ, Қостанай облысы әлі күнге дейін өздерін Ресейдің бір бөлшегіндей сезінеді. Қазақ тілінің жағдайы мәз емес. Бірақ соған қарамастан «Ақ жауынмен» барып, халықты төл өнерімізбен сусындатып қайттық.
«Аққуды» торғайға айналдырған өнерпаздар азаймай тұр
– Күй – халықтың жаны, қайнар бұлағы, өткені мен бүгіні. Жүрек түгілі, сүйектен өтіп, тыңдаушысына терең ой салар өнерге деген сұраныс жайында не айтасыз?
– Тәубе деп айту керек. Жақында Алтайдың күйлерімен 130 күйді томдап шығарған екен. Қалғандары – әндер. Мың күйдің ішінен іріктеп алған қадау-қадау дүниелер. Біле білсек, тықылдатқанның бәрі күй емес. Бояуы, орындаушылық жағынан кем түсіп жатады. Адамның жанына жылылық әкелмегеннен кейін, жүректі қозғап, көңілді тербемегеннен кейін оны күй деп айту қиын. Какафонияның уақыты кеткен әлдеқашан. «Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, тыңдағанда көңілдің өсері бар» деп Абай айтқан ғой. «Ән айта алмаған «абалайды», домбыра тарта алмаған «сабалайды» деген де сөз бар. Сондықтан, әр өнерпаз өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Дыбысқа, оның бояуына, ішкі иірімдеріне ерекше мән берілсе екен деймін.
– Домбыраның қос ішегінен шығатын күйдің қазақ музыкасында алатын орны ерекше ғой. Ал ертеректегі және бүгінгі орындаушылардың айырмашылығы бар ма?
– Домбырашы бауырларымыз, қарындастарымыз, замандастарымыз бүгінде техникаға көбірек мән беретін сияқты. Күйлерді тым заманауиландырып барады. Бұған ұстаздары да кінәлі болуы мүмкін. Ұстамдылық жоқ, тежеу басым. Дыбысқа мән беру әлсіз, аплекатураға да мән берілу керек. Кейде оп-оңай дүниені біз күрделендіріп аламыз. Батыс күйлерін Қали Жантілеуов, ал Арқа күйлерін Әбікен Қасенов, Шәміл Әбілтаев орындаған кезде «Саусағынан бал тамады» деген теңеуді еріксіз еске аласың. Айтқали Жайымовтың күйлерінің дыбыстық үні қандай керемет, Ермұрат Үсеновті, Таласбек Әсемқұловтың күйін естігенде ұлттық бояудан айнымай келе жатқандығын байқайсың. Осы жылдың сәуір айында Нұрғиса Тілендиев шығармашылығына арналған фестиваль өтті. Сол дода осыдан екі жыл бұрын өткенде әлдеқайда мықты домбырашыларды көріп едік. Сол кезде мен «Нұрғисадай темпті ұстаңдар» деген талап қойдым. Сол кезде менің ескертуім ескерусіз қалмап еді. Алайда, биылғы фестивальда тағы да техникаға көбірек мән берілді. Тілендиев бірде: «Мен «Аққу» күйін аққуға айналдырдым. Ал соны кейінгілер торғайға айналдырып жіберді» деген еді. Шынында да аққудың қанат қағысын торғайша серметуге болмайды ғой. Олай болмайды. Біз бүгінде құлақпен емес, көзбен тыңдайтын халге жетіп отырмыз. Өкініштісі – осы.
Сұхбаттасқан – Мөлдір Жанбаева