Руханият

Секең бұл ақиқаттың алдаспаны

Секең бұл ақиқаттың алдаспаны


Серік Құсанбаевтың аты аталса, халықтың есіне ең алдымен жасындай жарқылдаған қызыл шапан, құндыз бөрікті, мырза мұртты айтыскер ақын елестейді. Зал толы жұртты дүркін-дүркін қол соқтырып отырған өткен ғасырдың соңғы он жылындағы ақиқаттың ақ тұйғынындай қыран ғұмыр көз алдарына келері қақ. Бірақ Секеңнің былайғы жұрт біле бермейтін басқа да қырлары жетерлік.

Облыс орталығындағы – өнер мұражайында «Жан жолдасым домбыра» атты ақынның кеші өтті. Ай бұрын жоспарланған кешке Өскемендегі өнер сүйер жұрттың біразы келді. Шәкірті Есімжан Нақтыбайұлы кеш шымылдығын арнау жырмен ашты. Шәкірт демекші, Секең Баян таудан Алтайға ат басын бұрған соң, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың филология фаультетіне шешендік өнерден сабақ берген болатын. Сол жылдары университет қабырғасынан айтыскер ақындардың мектебін де ашқан. Серік Бақтыбаев, Бұлбұл Қалқанбаева, Дарын Нұрсапаров, Қайнар Егізбаев, Нұржан Қайратұлы, Құмар Зиятханұлы, Аян Өрібаев сынды айтысқұмар жастар сол жылдары Секеңнің алдында апта сайын айтысатын.

Аталмыш мектептен шыққан ақындар біраз нәтижеге қол жеткізген еді. Артынан басшылықтың салқын қабағына шамданған солақай сері қолды бірақ сілтеп, «Дидар» газетіне бет бұрған. Артынан ерген шәкірттерінің бірі һәм бірегейі Есімжан ұстаз болмысын көркем жырмен көрсетіп, табиғатын тамаша теңлермен ашты. Айталық,

«Секең бұл ақиқаттың алдаспаны,
Жүзін тек уақыт ғана қайтарады.
Ертіс боп екіленсе, аяқасты,
Екпінін Есілдің де тойтарады.
Алтайдың бораны боп көтерілсе,
Арқаның теректері шайқалады», – деген шумағының өзі шәргез ақын жайлы біраз дүниені ұқтырса керек. Немесе

«Сарай ақын болсаңыз осы бір кеш,
Дүркіреп өтер еді сарайларда.
Сіз түгіл, бұйырмаған ондай бақыт,
Тірісінде Махамбет, Абайларға.
…Жемтік деп сіз жемеген талғажауды,
Жеңсік деп таласып жүр талай қарға…» – дтеген отты жолдардан Секеңнің ұстаздық ғұмырының босқа өтпегенін аңғардық. Есімжандай шәкірті бар Секең, Секеңдей ұстазы бар Есімжан бақытты десті жұрт.

Сонсоң Секең тәп-тәуір сазгер екен. Әдетте көрші бөлмеден күңіреніп шығып жататын Секеңнің қолындағы қара домбыраның үніне елітіп отырып қалатынымызды жасырып қайтейік. Кермедегі тұлпардай тықыршып отырған, сахна аңсаған ақынның ширығысы ән болып әуелеп жататын. Айтысқа шықпас бұрын киелі сахнаға термеші болып қадам басқанын біреу білсе, біреу білмейді. Ақынның сахнадағы 30 жылдық ғұмыры мен ердің жасы 55-ке келген елеулі жасын атап өткен кеш барысында «Баянға кел бауырым» деген әні елді біраз елжіретіп тастады. Айтпақшы, «Жан жолдасым домбыра» – Секеңнің алғаш сахнада айтқан термесі. Бұл ән кездесуде де айтылмай қалған жоқ. Елді ерекше сезімге бөлеген әндердің бірі «Қыз мұңы» деп аталатын, ақынның анасына арнаған туындысы болды. Тоқсанға иек артып қалған анасының темір тор бөлген шекараның арғы жағындағы төркін-жұрағатын аңсаған мөлдір мұңын әсем жырмен әдемі әрлепті. «Самал тау» әнінің ырғағымен айтқанда, біраз жанның жүрек пердесін дөп басып жатты. Белгілі қаламгер Әлібек Қаңтарбаев ақын інісіне ақыл айта келіп, өз өлеңдерін оқуға кеңес берді. Сонымен, алдаспан ақын бір кездері телеэкрандарының үрейін тудырып, халыққа жетпей қалған шумақтарын өз әуенімен орындап берді. Қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков, белгілі қаламгер Айтмұхамет Қасымов інілеріне ілтипат көрсетіп, шығармашылық табыс тіледі. Ал мұражай ұжымы ақынға шапан жапты.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button