Қоғам

СЕГІЗ ЖЫЛ СОҒЫСҚАН САРБАЗ

СЕГІЗ ЖЫЛ СОҒЫСҚАН САРБАЗ

Сұрапыл соғысты көздерімен көрген әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігін бүгінгі жас ұрпаққа айтып отырмасақ, ертең кеш болады. Кешегі соғыс ардагері – Сүлеймен Ибрагимов жайындағы шағын дерек-әңгіме осы мақсатта жазылды.
– Мен 1919 жылы ақпан айында Үржардың «Қызыл қазақ» ауылында туғанмын, – деп бастаған өзі туралы ардагер аға. – Жиырма жасымда әскер қатарына алынып, Житомир облысының Богуния деген жерінен бір-ақ шықтық. Елден ұзап шықпаған адамға қиын екен. Қатаң тәртіпке бойсұна алмай ұзақ қиналдым. Алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Сөйтіп, жауынгерлік өмір де басталып кетті…
Өткелде қалған сүреңсіз күндерін ойша парақтаған Сүлеймен аға соғыс басталар алдында Кеңес Одағы әскерлерін батыстан бөліп тұрған Беларусь елінің батыс шекарасындағы Буг өзеніне таяу Люболь қалашығында болғандығын, осы жерде оқу-жаттығу сабақтарын өтіп, тактикалық соғыс әдістерін меңгергендігін айтады.
– Бұл – біздің әскери базамыз еді. Батыстан төнген қауіптің ызғары ма, біздің күнделікті жаттығуымыз да қиын болды. Әскери қатаң тәртіп бізді қанша шыңдағанымен, қорқыныш сезімі бойыңды билей береді екен. Соғыс өртінің жалыны жақындап келе жатқаны күн сайын сезіліп тұрды. Мен соғысты осы жерде қарсы алдым. Әрине, алғашында күші басым жаудың тегеурініне шыдай алмадық. Жан алып, жан беріскен шайқастар басталып та кетті. Бомбаның қатты жарылысы мен ысқырған оқ арасында жүріп бойың да үйренеді екен. Бастапқыдағы қорқынышты да ұмытып кеттік. Житомир, Киев қалаларының қорғанысына қатысып, оларды жау қолына қалдыруға мәжбүр болдық.
– Сіз майданда танкист болыпсыз, бұл әскери техниканы қалай, қашан меңгергенсіз?
– 1941 жылдың қысында мені басшылар Горький қаласына жіберіп, ондағы автомобиль жасау заводында жаңадан құрастырылып жатқан «Т-60» және «Т-70» танкілерінің техникалық мүмкіндіктерін үйреніп, жаңадан жасақталған 196-шы жеке танк бригадасының құрамына кірдік. Осы бригадамен Калинин майданында Ржев қаласының маңында жүргізілген кескілескен ұрыстарға қатыстым. Ол жер қара топырақты болып келеді екен. Шоғыр-шоғыр орман арасындағы елді мекендерді жаудан тазарту өте қиынға соқты. Танктің қозғалуға мұршасын келтірмей, жау снарядтары танкілерді бірінен кейін бірін істен шығара берді. Бір танк бригадасынан тек менің экипажым ғана аман қалды. Алайда, Бураково қыстағы үшін соңғы шайқаста біздің де танкіміз зақымданып, өзіміз снаряд қазған орға түсіп аман қалдық. Шабуылдап келе жатқан жаяу әскер болмағанда, біздің де денемізді өлілер қатарынан табар ма еді, кім білсін. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз адам өлмейді» деген осы шығар деп, өздерінің сол жолы қалайша аман қалғандарына осы күнге дейін қайран қалатын ардагер бір сәт тағы да үнсіз қалған. Ақсақалдың ойын бөлмеуге тырысып, мен де үндемедім.

ШЫНЖЫР ТАБАН АСТЫНДА КІМ ҚАЛМАДЫ ШЫРЫЛДАП

Сәлден кейін әлдене есіне түскендей: – Осы шайқастан кейін механигім беларус жігіті Т.Мулев екеуміз «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталдық. Бұл менің алғашқы наградам болатын. Осыдан кейін көп ұзамай Бураково-2, Колесниково, Деминово, Ханика елді мекендері мен Симашко демалыс аймағын жаудан тазарттық. Әсіресе, Ханика елді мекені үшін болған ұрыс біздің күшімізді әлсіретіп-ақ жіберді. Көп шығынға баттық. Алайда, жеңіске деген құлшыныс жігерімізді жани түсті. Жаудың жаяу әскері бекінген қыстақ маңында жеті-сегіз күн арпалыс болып, ақыры оны да жау қолынан азат еттік. Осы ұрыстан кейін мен екінші рет «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталдым. Толарсақтан саз кешіп, қыстың аязында, жаздың жаңбырында ашық далада жатқан күндерімізді ойласам, жаным түршігеді. Сөйтіп жүріп, күн артынан күнді, ай артынан айды өткіздік.
1942 жылдың қараша айында екінші Украина майданының алтыншы танк армиясының 22-ші танк бригадасы құрамында взвод командирі болып, Ұлы Отан соғысындағы ірі шайқастардың бірі – Яссы-Кишинев шайқасына қатыстым. Қатты ұрыста қынадай қырылған адамдардың денесінен танкпен өту былай тұрсын, аяқ алып жүрудің өзі оңай болмады. Күнәміз болса, бір құдай өзі кешірер, шынжыр табанның астында кім қалғанын ажыратып, пайымдауға мүмкіндік жоқ еді. Қайсыбірін айта бересің…
– Соғыстың арқасында біраз елдің азаматтарымен дәмдес-тұздас болып, бірталай жер көрген шығарсыздар?
– Оның рас. Атойлап, жауға ұрыс сала жүріп, батыстың да біраз жеріне табанымыз тиді. Қаншама жігіттің төресі мерт болды десеңші. 1945 жылы сәуір айында жараланып, дала госпитальіне түстім. Алайда, көп ұзамай жарақатымнан сауығып, соғысқа қайта кірістім. Бұған дейін үнемі шабуылдаушы танк бөлімшесінде болушы едім. Бұл жолы менің экипажымды біраз уақыт барлаушы танк бөліміне ауыстырды. Бірде өзім басқарған барлау взводымен Чехославакияның өте ірі Ивань елді мекені үшін болған ұрыста жаудың екі жүк машинасы мен бес танкісін, екі артиллерия қондырғысы мен үш минометін, бір жеңіл машинасын, басқа да бірнеше техникасын құртып, 120-дан астам жауынгерлері мен офицерлерін тұтқындадық. Селодан шығатын негізгі жолды бақылауға алып, төрт күн ұстадық. Жаудың төрт реткі қайта шабуылын тойтардық. Бізден адам шығыны болмады. Біз осы жолы бүкіл дивизияның алға жылжуына мүмкіндік жасағанымызды артынан білдік. Осы операциядан кейін мені командирлерім «Кеңес Одағының Батыры» атағын беруге ұсынған еді. Алайда, белгісіз себептермен ол атақ берілмей, маған үшінші рет «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордені табыс етілді. Бұл кезде жеңістің туы желбіреген қуанышты хабар бүкіл майдан даласына тарап жатты.

БАТЫСТАН КІРІП, ШЫҒЫСТАН ШЫҚҚАН ТАНКИСТ

Біз жеңіс тойын Прагада тойладық. Соғыс аяқталды дегенімен, мен үшін мазасыз күндер мен түндер әлі алда екен. Мамыр айының аяғында біздің бригада жедел жиналып, ауыр техникаларымызбен шығысқа қарай бет түзедік. Алғашында ештеңе ойламаған біздер, тек Орал тауынан өткеннен кейін ғана бағытымыздың Қиыр Шығыс екенін, Жапонияға қарсы екінші майданға бет түзегенімізді түсіндік. Моңғолия жеріне келген соң, Жапониямен соғысу үшін жасақталған шығыстағы Забайкал-Амур майданының құрамына енетін алтыншы танк армиясы 22-ші танк полкінің құрамында 8 тамыз күні түнде Моңғолия арқылы Үлкен Хинган тауын кесіп өтіп, Манчжурия жеріне ендік. Біздің шабуылымыз Шаньчунь, Харбин, Мугден, Порт-Артур бағыттары бойынша жасалды. Осы қалалар үшін болған шайқастағы ерліктерім үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденін алдым. Ерліктер ұмтылмайды екен. Мен Чита қаласында орналасқан өз полкіміздің туын алып жүру құрметіне де ие болдым. Сөйтіп, батыста басталған соғыстың алғашқы күнінен соңына дейін қатысып, шығыстағы жеңістің туын еліме желбіретіп қайттым. Соғыс жылдарындағы көрсеткен ерліктерім үшін Будапешті, Венаны, Праганы азат еткені және Германияны, Жапонияны жеңгені үшін медальдарын кеудеме тақтым. Бас қолбасшының қолынан 16 рет алғыс алған екенмін. Елге тек 1947 жылы маусым айында ғана оралдым…
Біз соғыста не көрмедік. Жанымызды да бердік, қан да кештік. Бүгінгі ұрпақ оны көрмесе екен. Тек еліне, жеріне, Отанына деген патриоттық сезімдері жоғары болса деген тілегім бар. Мен оған сенемін де. Ғұмыр болса көрерміз…
Сүлеймен ағаны «Батыр аға» – деуші едік. Өмірден өткеніне он шақты жыл болса да, осы бір адамның тарамыстай тартылған тұлғасындағы өрлік пен ерліктің, өн бойындағы қайсарлық пен төзімділіктің ізі әлі суымағандай. Күні бүгінге дейін бітім-болмысы көз алдымнан кетпейді.
«Кутузов», «Богдан Хмельницкий» орденді 22-ші гвардиялық, Қызыл Тулы Порт-Артур танк полкінің 2-ші батальоны, танк взводының командирі, гвардия лейтенанты Сүлеймен Ибрагимовтың артында қалған деректерін ақтара отырып, қаламыма арқау болған ерлікке толы бірер тұстарын ғана қағаз бетіне түсірдім. Аты аңызға айналған аға осыдан тура 10 жыл бұрын, Ұлы Жеңістің 60 жылдығы мерекесін тойлауға шамалы ғана күндер қалғанда дүниеден озды.

Әбен Разуев,
Ә.Найманбайұлы мұражайының меңгерушісі.

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button