Қоғам

Сегіз жыл бойы спорт залын тегін беріп келеді

Сегіз жыл бойы спорт залын тегін беріп келеді

Шемонайха қаласында отбасылық жеке кәсіпкерлікті дамытып, аудан халқын қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп отырған «Отбасылық дәріхана» желісінің иелері Евгений мен Татьяна Нагорняктар тұрады. Отағасы мамандығы бойынша экономист болса, Татьяна өз ісінің маманы – фармацевт.
Олар Шемонайха ауданының орталығында бес дәріхананың қызметін үйлестіріп отырса, тағы бірін Өскемен қаласында ашқан. 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Шағын және орта бизнес өкілдері тек кәсіпкерлікпен табысты шұғылданып қана қоймай, соңғы бес жылдың көлемінде облыста қолға алынған «Туған жерге – тағзым» акциясына белсенді қатысып келеді. Нақтырақ айсақ, соңғы сегіз жыл бойы аудан орталығында спорттың жекпе-жек түрінің ішіндегі киокушинкай-кан каратэ түрімен шұғылданатын жеткіншектерге жаттығу залын тегін беріп келеді.
Балалардың спорттың аталған түріне деген құлшынысын байқаған Евгений мен Татьяна ақылдаса келе, дәріханалардың бірінің жертөле бөлігін тұтастай күрделі жөндеуден өткізіп, оқушылардың спортпен айналысуына беруді құп көреді. Сөйтіп, футбол, каратэ залдарын ашып береді. Қазіргі уақытта балғын спортшылар тоңып қалмас үшін жаттығатын кең залдың еденіне де арнайы жылу жүйесі тартылған.
– Біз бұл ғимаратты ашқанда, ең алдымен шемонайхалық мектеп жасындағы ұлдар мен қыздардың спортпен шұғылдануына жағдай туғызуды ойладық. Мұнда қазір білікті жаттықтырушы, дарынды спортшы Александр Черных жүзден аса баланы киокушинкай-кан каратэ спорт түрінің қыр-сырына баулып жатыр. Өзіміздің балаларымыз Арсений мен Богдан да күн сайын үлкен қызығушылықпен жаттығуға қатысады. Богдан қазірдің өзінде облыстық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанып үлгерді. Александрдың әлі талай спортшылар мен чемпиондарды тәрбиелеп шығарарына сеніміміз мол дейді, – Евгений Нагорняк.
– Жыл сайын аудан тұрғындарына арнап түрлі жеңілдікті акциялар ұйымдастырамыз. Зейнеткерлерге, мүгедектерге 10 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бір жарым жыл бұрын Түркияға жолдама ойнатқан едік. Енді тұрғындардың денсаулығы үшін биыл Белокурихаға жолдама ойнатуды жөн санадық, – дейді Татьяна Васильевна.
Келесі кезекте біз кең залда жаттығу өткізіп жатқан Александр мен оның спортшыларын әңгімеге тартуды ұйғардық. Алғашқы әңгіме барысынан-ақ оның сөздің емес, істің, қатал тәртіптің адамы, өз ісінің білікті шебері екенін байқадық.
Александр Черных киокушинкай-кан каратэ бойынша қара белбеу және екінші дан иесі, спорт шеберлігіне кандидат. Оның спорттағы көптеген жетістіктерінің ішінде 2007 жылғы Қазақстан чемпионатында топ жаруы мен «Сібір – Азия» халықаралық чемпионатында жүлдегер атануының орны бөлек. Ол Семейде «Жол көліктерін пайдалану» мамандығы бойынша колледж бітірген, сонымен қатар, Алматының жоғары спорт академиясында оқып, жаттықтырушы-оқытушы мамандығын да игерген.
Жиырма сегіз жастағы жаттықтырушы осыдан жеті жыл бұрын Семейден Шемонайхаға қоныс аударып, осында тренерлік жұмысын бастайды. Сегіз жасынан 20 жасына дейінгі уақытын қара белбеу және 4-ші дан иегері, көптеген чемпиондарды тәрбиелеп шығарған Мұрат Исахановтың қол астында каратэ бойынша жаттығуға арнағанын айтады. Енді ұстазының жолын қуып, өзі де шәкірт тәрбиелеуге көшкен. Бүгінде онда бес жастан бастап және одан жоғары жаста жүзге тарта оқушылар жаттығады. Олардың арасында ер балалармен қатар қыз балалар да жаттығуға тұрақты қатысады. Мысалы, әлгі жүзге тарта спортшының оннан астамын нәзік жандылар құрайды. Александрдың шәкірттері қазірдің өзінде түрлі деңгейдегі жарыстардан олжа сала бастаған. Жақында Шемонайха ауданының каратэшылар құрамасы халықаралық «EURASIA CUP – 2015» турниріне қатысып, тоғыз бірдей медальды жеңіп келген екен. Бұл облыс бойынша жалпы командалық жоғары нәтиже болып саналады.
Оның шәкірттерінің ішінде каратэ спортымен өмірін түбегейлі байланыстырған дарынды спортшылар да бар. Мәселен, Нәзия Өмірзақованың есімі ауданды қойып, республикаға жақсы танылған. Өзінің 16 жасында қаршадай қыз спорт шебері атанған. Каратэ бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасында өнер көрсетеді. Чемпиондар қатары бұлармен шектелмейді. Владислав Чензе – Қазақстан чемпионы болса, Родион Владимирский – ТМД елдері кубогының қола жүлдегері. 5-сыныпта оқитын оның қазірдің өзінде 15-ке тарта медалі бар. Жеті жылдан бері қатысып келеді. Олардың арасында да шәкірт тәрбиелеп жатқандар баршылық. Мысалы, Владиславтың ағасы Александр Чензеның қарамағында 80-ге тарта бала жаттығып жүрсе, осы жерде тәлім алған Данияр Мусанов қазір Глубокое ауданы бойынша каратэ бөлімшесінің жетекшісі. Оның өзі 60-қа тарта оқушыны тәрбиелеуде. Олардың тренерлік қызметтері нәтижесін беріп, оқушылары түрлі жарыстардан жүлде ала бастаған. Жоғарыда атап өткен Нәзия қызымыз да білгенін жастарға үйретіп, 15 баланы қарамағына алған.
– Шемонайха ауданының балалары өте дарынды. Дайындыққа үзбей қатысып, нәтижелер көрсетуде. Мен жақсы тренердің алдын көрдім. Енді үйренгенімнің бәрін осы балаларға үйретудемін. Сондықтан да біздің жолымыз болып келеді. Мен жаттығуда өте қаталмын, балаларды алдымен тәртіпке үйретемін. Жылда жаз айларында балалармен Бурабайға спорттық жиындарға барамыз. Ол жерде каратэнің жапондық мектебінің өкілдерімен кездесеміз. Көршілес Ресейге барып, жарыстарға қатысамыз. Бұл біздің балалар үшін баға жетпес тәжірибе,-дейді Александр Черных.
Бұл залда балалар аптасына үш рет жиналып, каратэ өнеріне машықтанады, ал жарыс кезінде дайындық аптасына бес ретке дейін созылады.
– Мен каратэ үйірмесіне жылдан артық уақыт қатысып жүрмін. Өзіңе деген сенімділікті арттырады, көп достарың болады. Осыған дейін Өскемен, Семей қалаларында өткен, Ресейде болған жарыстарға қатыстым. Сегіз медаль иелендім. Мұнда Әділ Райымханов, Родион Владимирский – бәріміз бірге жаттығамыз. Алда жаттығуымды үзбей жалғастыратын боламын,-дейді қаладағы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Мәди Зейнолла.

Суретте: А.Черных оқушылармен жаттығу залында;

Осы айдарда

Back to top button