Сегіз өзен суынан қауіп бар

Биыл Күршім ауданына өзге өңірлермен салыстырғанда қар мол түскен. Әсіресе елді мекендердің жан-жағындағы тауларда жатқан қалың қардан келер қауіп көп болып тұр. Көктемгі тасқынның арқырап сонау Алтай тауларының сілемдерінен жиналған қар суымен селдете келетіні бар. Аудан орталығының өзінде қыста қардың қалыңдығы 124 см, тоңның қатуы 1 метр делініп есептелген. Бұл судан келер қауіп-қатердің жоғарылығын көрсетеді.
Ауданда көктемде су тасқыны қаупін төндіретін Күршім, Маралды, Ертіс, Қалжыр, Қара Қаба, Қайыңды сияқты сегіз өзен, бір су қоймасы бар болса, олардың бойында 18 елді мекен орналасқан. Бүгінгі күні бұл елді мекендердегі өзен бойына жақын орналасқан 534 үй мен ондағы 6223 адам қауіп төну аймағында тұр.
Былтыр көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша облыс бюджетінен ауданға 36 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға жазда жеті елді мекеннің жанындағы өзен жағалаулары бекітілген. Ауылдық округтерде ауыл ішіндегі арықтарды тазалап, аршу жұмыстары жүргізіліп, 6 млн. теңгенің шарасы атқарылды.
-Дегенмен бүгінгі күні аудан көлемінде тағы да бірқатар қауіпті аймақтар анықталып отыр. Оған 12 млн. 500 мың теңге қаражат қажет. Атап айтқанда, Маралды ауылдық округінің Маралды ауылына, Үшбұлақ ауылына және Бурабай ауылына айналма канал салып, Қалғұты өзенінің жанындағы Ақши ауылына төніп тұрған су басу қаупін жою үшін осы өзеннің арнасын кеңейтіп, түзеп, бекітуді жоспарлап отырмыз. Теректі, Қаратал, Күршім өзендеріне де осындай жұмыстар жүргізу қажеттігі туып отыр, – дейді аудандағы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жөнінде Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.
Ауданда төтенше жағдайдың алдын алуға орай 21 тонна жанармай, 9,8 тонна дизель отын қоры жинақталып, техникалары бар жеке кәсіпкерлермен 25 ниеттік келісім-шарт жасалынып отыр. Сеңдерді жару, өзендерді әуеден барлау жұмыстарын жүргізуге облыстық тиісті мекемелермен келісімдер жасалынып, лайлы суды соратын 14 мотопомпа әзірленген.
Жанаргүл Мұқатай