Қоғам

Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер сайысты

Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер сайысты


Ата дәстүрін ардақтайтын, елін жанындай сүйетін, бойына бабаларымыздың тектілік пен батырлық, даналық пен имандылық сияқты асыл қасиеттерін дарытқан жеткіншектер – еліміздің ертеңі. Сонымен қатар бүгінгі бозбала – ертеңгі отағасы, отбасының тірегі. Наурыз мерекесі қарсаңында «Әкелер мектебінің» ұйымдастыруыменоблыс орталығында өткен «Жігіт сұлтаны» байқауында Өскемен қаласындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен колледж, жоғары оқу орындарының студенттері бойындағы білім мен парасаттылықты, өнері мен білек күшін саралап, сынға салды.

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, байқауға қатысуға 27 жастан өтініш келіп түскен екен. Олардың арасынан іріктеліп алынған, сахна төріне шыққан сайдың тасындай жеті жігіттің әрқайсысы да осы мәртебеге лайық десек, артық емес еді. Біреулеріне ұлттық киім – оқалы шапан мен түлкі тымақ жараса қалса, келесілері заманауи киім үлгісімен шықты. Жүрісіндегі, бойын ұстауындағы серілік те, орынды паңдық та өздеріне жарасып-ақ тұрды. Олардың әр қадамы мен өзін ұстау, сөз саптау мәнері, сахналық мәдениетіқазылардың қырағы назарынан тыс қалмады.

Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттеріміз өзін таныстыру, біліміне қатысты сұрақтарға жауап беру, өнер мен спорттан бақтарын сынау, үй тапсырмасын орындау сияқты бес бөлімнен тұратын сыннан өтті. Өздерін таныстыру сайысында жігіттеріміздің шетінен домбыра шертіп, ән шығаратын,басқа да музыка аспаптарында ойнайтын өнерлі екенін,жанына спортты серік еткен, кітапханада білім нәрімен сусындайтын білімпаз жастар екенін көрген едік. Үй тапсырмасында қатысушылар ұйымдастырушылардың берген тақырыптарына сахналық көрініс қойды. Байқаудың көрігін қыздырған да, сөз жоқ, осы конкурс екені даусыз. Жарысушылардың ойыны тек олардың деңгейі мен шеберлігін ғана көрсетіп қоймай, қоғамымызда кездесетін, жиналғандарға ой салатын келеңсіз оқиғаларды әшкерелеп берді. Әсіресе қарттар үйіндегі қара шалдың қасіретке толы бейнесін сомдаған дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Диас Қасымның өнері, әдемі ашық дауысы көрермендерді тәнті етті.

Ешқандай музыкалық аспаптың сүйемелдеуінсіз шырқалған зарлы ән жиналғандардың сай-сүйегін сырқыратып, көздеріне жас үйірді. ШҚМУ-дың екінші курс студенті Баймахан Исабеков әйелі мен ері арасындағы кикілжіңнің салдарынан отбасының берекесі қалай қашатынын көрсетсе, №45 бейімделген мектептің оқушысы Азбал Қожахмет баланың ержетуін көлеңкелі театр өнерімен сахналады. Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушысы Азамат Сабыр бүгінгі күннің өзекті тақырыбы – ұялы телефонға тәуелділікті шеберлікпен жеткізе білді. Зәки Ахметов атындағы №16 мектептің 10-сынып оқушысы Рүстам Базарбеков сомдаған Кебектің бейнесі, ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің студенті Жарқын Амангелдінің Батыр Баяны, аңыздан көрініс көрсеткен Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенті Мұхаммед Дүйсенбайдың өнері де жиналғандардың қошеметіне бөленді.

Өнер сайысында «Желідегі қыз» атты авторлық ән орындаған Жарқын Амангелдінің мерейі үстем болғаны сөзсіз. Үнді, испан билерінен үзінді көрсеткен Абзал Қожахметтің әсіресе «Қара жорғасы» жанкүйерлерінің делебесін қоздырды. Халық әні «Япурайды» орындаған Диас Қасымның кең тынысты тұнық үні бұл жолы да иесінің нағыз әнші екенін дәлелдей түсті.

Білімдері сарапталған сында қатысушылардың салт-дәстүрге, ұлт арыстарына қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап бергендері қуантты.

«Күш атасын танымас» демекші, спорт сайысында білекті жастарымыз 16 келі гір тасын көтеру керек болды. Ең жоғары ұпай тасты 30 рет көтерген қатысушыға қойылатыны хабарланды. Алайда мектепішілік жарыста «Жамбыл барысы» атанған, Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатының тәрбиеленушісі Абзал Сабыр бұл сында алдына жан салмай, гір тасын 60 рет төбесінен асыра көтерді.

Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер сайысты

Тартысты да қызықты өткен сайыстардың қорытындысында «Жігіт сұлтанының» алтын белдігін дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушысы Азамат Сабыр қанжығасына байлады. Әрине, бұл жеңістің артында тұтастай мектептің, Ж.Ахметова, Е.Мұсабекова, К.Сағидолдина, Г.Омарбаева сынды мектеп тәрбиешілерінің ерен еңбегі жатыр. Жүлделі екінші орынға дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Диас Қасым лайық деп танылды. Өнерлі жас сонымен қатар «Көрермендер көзайымы» атанды. ШҚМУ-дың студенті Баймахан Исабеков пен гуманитарлық колледждің студенті Мұхаммед Дүйсенбай үшінші орынға табан тіреді. Жарқын Амангелді «Сері жігіт», Рустам Базарбеков «Батыр жігіт», Абзал Қожахмет «Өнерлі жігіт» номинацияларын жеңіп алды.

–Байқаудың идеясы керемет. Ержетіп келе жатқан жеткіншектерімізді тәрбиелеудегі ең тиімді шешім дер едім. Өздерін таныстыру кезіндегі шығармашылық шешімдерінен әрқайсысының тамаша қырларын байқадық. Үй тапсырмасындағы ой тудыратын көріністері де ешкімді бейжай қалдырмайды. Жеңімпазды анықтау да оңайға түскен жоқ, шеттерінен керемет өнерлі, отансүйгіш екенін көріп, марқайып қалдық,- деді қазылар алқасының төрайымы, облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы.

Жарысқа қатысушылардың барлығына еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын деген ниетпен «Әкелер мектебінің» арнайы сыйлығы – ер-тоқым табыс етілді. Қазақ баласы үшін

қамшы, ер-тоқым сияқты бұйымдар өте қасиетті де киелі. Қамшысы төрде ілініп тұрса, ер-тоқымын ешкімге бермеген.

Ежелден ер жігітке айтылар сын да көп, қойылар талап та жоғары болған. Бүгінгі сыннан сүрінбей өткен жастарымыз ертең ұлан-байтақ жеріміздің қорғаны, еліміздің айбыны болатынына сенеміз.

–Бүгінгі шараға келіп, қошеметтеп жатқандарыңызға көп рақмет. Облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық білім басқармасының қолдауымен «Әкелер мектебін» аштық. Шығыс ғұламасы әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білім –адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар. Алаштың арысы Әлихан Бөкейхан «Жұртқа, елге қызмет ету– мінезден» деп бекер айтпаған. Мінезді болу үшін өнегелі тәрбие қажет. «Әкелер мектебі» үлгілі әке, ел анасын, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуді ұстанған. Қазақстанда, тіпті ТМД елдерінде болмаған мектеп. Балаларыңызды бізге беріңіздер, ұлы тұлғалы азамат етіп қалыптастырамыз, – деп қорытындылады «Әкелер мектебінің» негізін қалаушы Ертісбек Сайлаубаев.

Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер сайысты

Байқау барысында облысымыздың мақтанышы, Х-factor жобасының шыңына шыққан «IN CORO» тобы және «Extasy» би тобы өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Врезка:

–Бұл –менің алғашқы ер-тоқымым, өте қуаныштымын, – дейді сайыста үшінші орын алған Баймахан Исабеков. – Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тумасымын. Ауылда өскен баламын. Сол себепті қаншалықты құнды сыйлық екенін түсінемін.

Врезка: Ғалия Омарханова, Диас Қасымның әжесі:

–Немерем –өте өнерлі бала. Керемет билейді. Сабағын да үздік оқиды. Осы жарысқа жарты ай дайындалды. Жалпы, осындай байқаулар жас жеткіншектердің талпынуына, өздерін тәрбиелеуге игі ықпал етеді деп ойлаймын.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button