Қоғам

Сегіз тонна көксеркені заңсыз жолмен аулапты

Сегіз тонна көксеркені заңсыз жолмен аулапты


«Шығыс Қазақстан облысының полицейлері прокуратура қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеу нәтижесінде облыс аумағынан сегіз тонна көксерке балығын заңсыз жолмен әкетіп бара жатқан жүк машинасын құрықтады» деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Заңсыз жолмен көп мөлшердегі көксерке балығын Алматы облысына апара жатқан жүк көлігі Өскемен-Аягөз трассасы бойында орналасқан «Аслан» кафесіне тоқтаған жерінде ұсталған. Құқық қорғау саласы қызметкерлері құжат тексергенде жүргізушісі көліктікінен өзге ешқандай құжатының жоқ екендігін мәлімдеген. Тексеру барысында анықталғанындай, көлік жүргізушісі жартылай қапқа салынған, жартысы төгіп тиелген сегіз тонна балықты тапсырыс берушімен белгілі бір сомаға келісіп, Шығыс Қазақстан облысының Тұғыл селосынан Алматы облысына дейін жеткізіп беруге келіскен.

Полиция қызметкерлерінің айтуларына қарағанда, мұншама көп мөлшердегі балықты аулау, заң жүзінде тіркелген, балық өңдеумен айналысатын белгілі бір кәсіпорындарға ғана рұқсат етілетін көрінеді. Сондықтан бұл заңсыз балықтарды браконьерлер аулаған дейді. Аталған іс бойынша сотқа дейінгі іс қозғалған. Келтірілген шығын көлемі 5 млн. теңге.

Жалпы, жыл басынан бері табиғат қорғау полициясы қызметкерлерінің жіті назарына заңсыз жолмен балық аулаған 11 оқиға тіркеліп, барлығы 85 тонна балық тәркіленген.

Шығыс – Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button