Сегіз елдің теннисшілері келді

Өскемендегі «Smash» теннис орталығында спортсүйер қауым көптен күткен халықаралық «Ust-Kamenogorsk ITF Junior G3» санатты жарыс басталды.
Осымен төртінші жыл қатарынан Шығыс Қазақстанда жалауын желбіреткен бұл турнирдің деңгейі мен ауқымы жыл өткен сайын өсе түсуде.
Дүбірлі бәсекенің ашылу салтанатына қатысқан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов қатысушыларды құттықтап, олардың арасынан болашақта халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсететін спортшылардың шығарына сенім білдірді. Бұдан соң Қазақстан теннис федерациясы облыстық филиалының директоры Александр Липов сөз алып, барлық командаға сәттілік тіледі.
– Біз «Қазцинкпен» бірлесе отырып, облыс тұрғындарының тенниспен айналысуы үшін барлық жағдайды жасап отырмыз. Жалпы, спорт дегеніміз – бұл динамика, ұдайы өзгеріс және алға қарай қозғалыс. Оны теннисшілеріміз талай мәрте дәлелдеп берді. Өзгерістер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біздің облыстағы теннис спорты да қазір қарқынды дамып келеді. Сегіз жыл бұрын өңірдегі халықаралық деңгейдегі стандарттарға сәйкес келетін тұңғыш және жалғыз «Smash» теннис орталығы есігін айқара ашқан болатын. Бұл Қазақстан теннис федерациясы мен «Қазцинк» ЖШС-нің арқасында мүмкін болды. Осынау қысқа мерзім ішінде халықаралық дәрежедегі кәсіби сертификатталған жаттықтырушылар жас әрі табысты спортшылардың тұтас бір шоғырын тәрбиелеп шығарды, – дейді Александр Липов.
Айта кетейік, бұл биыл облыс орталығында теннистен ұйымдастырылып отырған бірінші жарыс емес. Осыдан бір апта бұрын Өскеменде 14 жасқа дейінгі спортшылар арасында азиялық теннис сериясының кезекті турнирі өткен-ді. Ал бұл жолғы додаға еліміздің, сондай-ақ Бельгия, Ресей, Өзбекстан, АҚШ, Украина мен Канададан келген 18 жасқа дейінгі теннисшілер қатысып, жұптық және жекелей сындарда өзара мықтыны анықтауда.
Айтулы додаға ұзын саны 60-тан астам спортшы қатысуда. Солардың бірі – бельгиялық Ромаин Фавков.
– Бұған дейін Ақтөбе қаласында өткен жарысқа қатысып, жүлделі орындардың бірін еншілеп қайтқан едім. Ал Шығыс Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Маған бұл өлкенің табиғаты да, жарыстың ұйымдастырылу деңгейі де ұнады. Қарсыластарыма сәттілік тілеймін, – деген Ромаин Фавков болашақта мықты спортшы болғысы келетінін де жасырмады.
Тағы бір айта кетер жайт, Шығыс Қазақстанда осындай ірі спорттық шараның өткізілуіне «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зор үлес қосып отыр. Рас, соңғы жылдары бұл кәсіпорын балалар арасында бұқаралық спорттың таралуына белсенді қолдау білдіріп келеді.
– Халықаралық деңгейдегі мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді. Ең бастысы, біз спорттың осы түрімен айналысамын деген балаларға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Баршаңызды «Қазцинк» компаниясының басшылығы мен жұмысшылары атынан жарыстың ашылуымен құттықтаймын, – деді «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Естеріңізге сала кетейік, бір аптаға созылатын байрақты бәсеке Өскемендегі «Smash» теннис орталығында өтіп жатыр. Жас теннисшілердің өнерін тамашалаймын деушілерге кіру тегін екенін айта кеткен орынды.
Ажар Сағатбекова