СЕГІЗ АВТОБУСТЫҢ ИЕЛЕРІМЕН КЕЛІСІМШАРТ ТОҚТАТЫЛДЫ
Газетіміздің 2017 жылғы 30 наурыздағы санында «Сексен теңгеге көтермедің деп, сес көрсетті» атты мақала жарияланған еді. Ағымдағы жылдың 8-сәуірінде №18 жолаушылар тасымалдау көлігі өз бағытын тоқтатқан болатын. Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жағдайды анықтау үшін орын алған мекен-жайға қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылығы мен аталған жолаушылар тасымалдау бағытына жауапты «Таксомоторлы парк» ЖШС-нің өкілдері барып қайтқан.
Белгілі болғандай, жол бағытына шықпаған 8 бірдей жолаушы тасымалдау көлігі, бұлар Семей қаласының «Таксомоторлы парк» ЖШС-не қарасты қосалқы мердігер ретінде қызмет атқаратын жеке кәсіпкерлер болып шыққан. Олар өздері келісімшарт жасасқан «Таксомоторлы парк» ЖШС-іне бұл әрекеттері туралы алдын ала хабарлап айтпаған. Жеке кәсіпкерлердің заңсыз әрекеттерін негізге ала отырып және келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін «Таксомоторлы парк» ЖШС №18 бағыт бойынша қызмет көрсеткен 8 автобустың иелерімен келісімшартын тоқтатты. Қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру мақсатында басқа жеке кәсіпкерлер тартылып, қазіргі таңда аталған бағытта 7 автобус қызмет көрсетуде.
Автобустардың желіге шықпауының басты себебі Би Боранбай көшесі жолының қанағаттанарлықсыз жағдайымен байланысты екен. Қала әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қазір жолды қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырды. Уақытша жұмыстар толық аяқталғанға дейін № 18 маршрут Глинка көшесімен қатынайды. Тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін, бекітілген кестемен жүретін болады.
2017 жылы жөндеуден өтуге тиіс көшелердің тізіміне Би Боранбай көшесі қосылғанын хабарлаймыз. Үстіміздегі жылы қала жолдарының ағымдағы жөндеуден өткізуге 200 млн. теңге қарастырылған. Бұл смма былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге көбейіп отыр, дейді әкімдік қызметкерлері.
Раушан Нұғманбекова
Семей қаласы.