Қоғам

Сегіз ауданның мектептеріне он сегіз автобус берілді

Сегіз ауданның мектептеріне он сегіз автобус берілді


Биыл ата-бабаларымыздың қашаннан-ақ арманы болған Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Осы орайда тәуелсіздіктің тұғырлы болып, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне білім қызметкерлерінің де қосқан үлесі орасан зор. Кеше Өскемендегі халықаралық «Нұр Орда» мектеп-лицейінде білім беру қызметкерлерінің «Тәуелсіздік – елдігімнің тірегі» атты салтанатты жиыны болып өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова қатысты.

Аймақтың аудан-қалаларынан жиналған педагогтар қауымы бұл күні еліміздегі ең мақтаулы оқу ордаларының бірі халықаралық «Нұр Орда» мектеп-лицейіне жиналды. Мектеп-лицей оқушыларының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған көрмесін тамашалап, инновациялық жобаларымен де танысты. Мектеп-лицейде 17 үйірме жұмыс істейді. Солардың бірі – «Робототехника» үйірмесі. Міне, аталған білім ордасының 6 «а» сынып оқушысы Ернұр Нұржанұлы өзінің «кобра» атты роботын келушілерге ерекше ықыласпен таныстырып жатыр. Шынында да, сыртынан қарасаң, роботтың кескіні айдаһарға қатты ұқсайды екен. Ернұрдың айтуынша, бұл роботты ұялы телефонмен де басқара беруге болатын көрінеді.

Сондай-ақ, салтанатты жиынға қатысушылар «Медиа клуб» үйірмесіне, қызықты ағылшын тілі мен «VALEO» интеллектум сабағына да қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Сөйтіп, әне-міне дегенше ұстаздар қауымы тағатсыздана күткен салтанатты шара да басталды. 25 жыл… Кәрі тарих үшін бұл тым аз көрінгенімен, жас мемлекет үшін бірталай уақыт. Қазақстанның тәуелсіздікті алған 25 жылда бағындырған белестері мен алған асулары жетерлік. Осынау ширек ғасырдағы тарихты «Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейдің» оқушылары театрландырылған көрініс арқылы бейнелеп көрсетті. Осыдан соң, мінбеге еңбек ардагері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Валерий Зуенко көтерілді. Валерий Куприяновичтің облыстың білім саласына сіңірген еңбегі ерекше. Ол 13 жылдай облыстың білім басқармасына басшылық еткен адам. Кейін көп жыл бойы Өскемен политехникалық колледжінің директоры қызметін атқарыпты. Мінбеге шыққан қарт педагог біраз нәрсені тебірене еске алды.

– Өзімнің 50 жылдық ұстаздық қызметімде талай дүниені бастан өткеруге тура келді. Ең алдымен сіздерге мынаны айтқым келеді. Біз бүгінгі қол жеткізген табыстарымызды сақтай білуіміз керек. Қазақстанда қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Балаларымыз өзі таңдаған мектепте білім ала алады. Үлкен болсын, кіші болсын, ұлты мен нәсіліне қарамай мұнда өзін жайлы сезінеді. Мұның бәрі Президентіміздің жүргізген дана саясатының арқасы, – деп сөзін бастаған Валерий Зуенко тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы білім саласын да еске алды.

– Ол күндердің бәрі бүгін тарих. Білім саласы қызметкерлерінің жағдайы қазір ол уақытпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Жалақы уақытымен беріледі. Міне, осының бәрін бағалау керек, деп түйіндеді өз сөзін қарт педагог.

Елімізде еңбек нарығын одан әрі дамыту және қалыптастыру жағдайында жастарды кәсіби даярлау мәселелері де аса маңызды әрі өзекті болып отырғаны белгілі. Бүгінгі күні облыста кәсіптік-техникалық білім беретін 82 колледж бар болса, оның 47-cі мемлекеттік. Солардың бірі – Семей қаласындағы электротехникалық колледж. Салтанатты жиында аталған колледждің директоры Азат Сарпеков та сөз алды. 1991 жылы кәсіби-техникалық училищеден колледж деңгейіне ауысқан оқу орнын жыл сайын тәмамдаған түлектердің 85 пайызы жұмысқа орналасады екен. Биыл колледж жаңа мехатроника мамандығын ашуды да көздеп отыр.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова құттықтап, жылы лебізін білдірді. Осынау 25 жылдың ішінде облыстың білім саласына бөлінетін қаражат 15, мұғалімдердің жалақысы 7 рет өсіпті. 179 білім беру нысаны бой көтерген. Оның 138-і мектеп болса, 22-сі балабақша. Осындай қол жеткізген жетістіктерді айта келіп облыс басшысының орынбасары:

– Әр адамның өмірде қол жеткізетін жетістіктерінің барлығы да мектеп қабырғасынан басталады. Алғашқы ұстаздың да орны ерекше. Мен мұғалім еңбегінің оңай емес екенін түсінемін. Бірақ біз алға ұмтылудан, білмегенімізді үйренуден, үйретуден шаршамауымыз керек, – дей келе залда жиналған ұстаздар қауымына зор денсаулық пен бақыт, шыдамдылық тіледі.

Әрине, кез келген мерекелік жиынның сәнін келтіретін марапаттау рәсімі. Осы жиында шығысқазақстандық 15 педагогқа облыс әкімінің атынан бағалы сыйлық – телевизор табыс етілсе, Тәуелсіздігіміздің құрдасы саналатын екі білім мекемесі материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 500 мың теңгеден 5 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Сондай-ақ, Семей қаласы мен 8 ауданның мектептеріне 18 автобус көлігінің кілті берілді. Ал ел тәуелсіздігін алған 1991 жылы құрылған Өскемендегі «Қарлығаш» тұңғыш қазақ балабақшасының басшысына облыс әкімінің атынан балалар ойын модулін және спорттық жабдықтар бұрышын сатып алуға сертификат табыс етілді.

– Мен ұстаздық еңбек жолымды 1991 жылы Көкпекті ауданындағы Үлгілі малшы ауылындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастаған болатынмын. Содан бері де 25 жыл өтіп кетіпті. Осы 25 жыл бойы мен саналы да тәрбиелі шәкірттер даярлау арқылы тәуелсіздігіміздің нығаюына үлес қостым деп ойлаймын. Әрине, қазір де дер шағымыздамыз. Бойымда күш-қуатым барда әлі де елімнің гүлденіп, өркендеуі жолында еңбек ете беремін, – дейді көкпектілік ұстаз Ләйлә Баспақова.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button