Қоғам

«Сеңгірден» балалар сергіп қайтады

Қандысу өзенінің бойындағы қалың тоғайдың арасына орналасқан «Сеңгір» лагеріндегі үйлердің сырт пошымы еуропалық үлгідегі жинақы нысандарды елестетеді. Биыл мұндағы ғимараттардың шатырлары ауыстырылып, есік-терезелері жаңартылған және жаңа монша салыныпты.

«Сеңгірден» балалар сергіп қайтады– Лагеріміз маусымның 14-інде ашылған еді. Балалардың алты маусымда алаңсыз демалуына аудандық бюджеттен 1,6 млн. теңге бөлінген. Әр маусымда 40 оқушыдан демалады. Қазір төртінші маусымды өткерудеміз, – деді лагерь бастығы Қыдырбек Биқа.

Жаз жайнатып, күн күлдіріп жүрген балалардың әр сағаты қызғылықты, мазмұнды өткізілуде. Біз барғанда жатақхана сыртындағы балалар доп қуып жүрсе, іштегілер шахмат ойнап, домбыра тартып жатты.

– Жазғы демалыс лагеріне бірінші келуім. Кеше балалармен таныссам, бүгін кешке өтетін «Сеңгір жұлдыздары» байқауына даярланудамын, – дейді №2 Ақсуат орта мектебінің алтыншы сынып оқушысы Әйгерім Мамырбекова қуанышын жасыра алмай.

Лагерьдегі балалардың мектептегідей тәлімді тәрбие алып, өнерлерінің бүршік жаруына ерекше қамқорлық жасалып келеді екен. Алда «Біз сүйетін ән», «Менің өлкем» атты сурет, «Сеңгір бишісі», «Сеңгір сұлтаны», «Сеңгір аруы» атты байқаулар, поэзия кеші, көңілділер мен тапқырлар клубы ұйымдастырылып, Маңырақ тауына саяхат жасалмақ екен.

Жүздері бал-бұл жанған Айдос, Назар, Ерболат, Нұрзат, Назлы деген балалар мұнда шахмат, дойбы, теннис, волейбол, футбол, қол күресі, тағы басқа спорт түрлерін өткізуге қолайлы жағдай туғызылғанына, арнайы спорттық құрылғылар салынып, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгеніне ризалық білдірді. Лагерьде сондай-ақ, эстафеталық ойындар өткізуге де жағдай жасалған.

Демалыс лагеріндегі іс-шаралардың тиянақты өтуіне аудандық білім бөлімінің әдіскері Асхат Қалимолдин, бас аспаз Әйкен Темірғалиева, шаруашылық меңгерушісі Болатбек Мәубәкімов, дене тәрбиесіне баулушы Дулат Омаров, тәлімгер Ақтоты Зеренханова, психолог Арай Смағұлова, медбике Намуна Сағатаева, музыкант Айнаш Түсіпова ерекше атсалысып жүрген көрінеді.

…Қандысу өзені толқындарының сыңғыры мен өзен бойындағы жасыл желек жапырақтары ондағы оқушылардың бойына сарқылмас күш-қуат дарытатынына біз еш шүбә келтіргеміз жоқ.

Амангелді Жанахмет

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button