Қоғам

Сегіз ауылды газбен қамту басталды

Азамат Темірбеков

Зайсан ауданының сегіз елді мекенінде ауылішілік газ жүйелерін тарту жұмыстары басталды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктің хабарлауынша, газ жүйелерін тарту жұмыстары шілденің бірінші жұлдызынан бастап қолға алынған. Сондай-ақ биыл Зайсан қаласының «Заречный» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлерді табиғи газбен жылытатын жылу қазандығының құрылыс жұмыстары басталған. Жалпы, аудан тұрғындарының көгілдір отынды тоқтаусыз әрі арзан бағада пайдаланып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған.

Бұл бағаның шарықтап тұрған кезінде аудан тұрғындары үшін үлкен жеңілдік болғанын алға тартқан аудан басшылығы қазіргі уақытта Зайсанның алғашқы барланған газ қорының азайғаны жөнінде мәселе көтеріліп, осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, оның шешімімен Қытайға газ беру уақытша тоқтатылғанын атап өтті. Жақында «Сарыбұлақ» газ кені орнында өткен комиссия отырысында «Тарбағатай Мұнай» компаниясының Қытай Халық Республикасына 75 млн. текше метр газ беру жөніндегі ұсынысы қаралды. Мәселе жан-жақты талқыланған соң аталған көлемде газ беру жөніндегі «Тарбағатай Мұнай» компаниясының ұсынысы тек аудан халқының келісімімен ғана қолға алынатыны туралы шешім қабылданды.

«Қытай Халық Республикасына газ беру жөнінде әлеуметтік желілерде қауесет әңгімелердің таралуына байланысты, аудан тұрғындарының назарына табиғи газ экспортының тоқтатылып тұрғанын хабарлаймыз. Қытайға газ беру мәселесі ауданда тек қоғамдық тыңдаулар өткізу арқылы аудан халқының келісімімен ғана шешілетін болады. Онсыз көрші елге газ беру жұмыстары қайта басталмайды. Ал ішкі нарықтағы аудан тұрғындарына табиғи газ беру жұмыстары тоқтатылмайды. Қоғамдық тыңдауларды өткізу уақыты және орындары туралы хабарландырулар ақпарат құралдарында жарияланады», – деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз орталығы.

Осы айдарда

Back to top button