ТОП

Сәбеңнің қолтаңбасын алыпты

Хасен Зәкәрия

Кезінде кітаптан бас алмайтын, көп оқыған қауым үшін қазақтың классик жазушыларының орны қашанда бөлек. Ал сол классиктердің арасындағы ең көп жазған қаламгерлердің бірі  – Сәбит Мұқанов екендігі көпке жақсы мәлім. Сәбит атамыздың қай кітабын атасаңыз да, ескікөздердің бір кісідей қостап, дуылдай жөнелетіні рас.

Ес білгелі ала қағазды ақтарумен келе жатқан біздің сол ғұлама жазушылардың ықпалымен, солардың тәрбиесімен өскеніміз шындық. Ал сол уақытта әлгіндей пір тұтқан абыз ақсақалдармен бетпе-бет жүздесудің қаншалықты бақыт болып саналғанын қазіргі буынның түсінбеуі де мүмкін.

Сондай бақытты жандардың бірі Үшбұлақ ауылының тұрғыны Тұрсынхан Жауқанбаев болатын. Ол кісі дәм тартып, Көкшетауға курортқа барған кезінде Бурабай көлінің жағасындағы бір шипажайда даңқты жазушымыз Сәбит Мұқановпен 15 күн бірге демалып, жанында жүрген екен.

– Ол кезде мен «Күршім» совхозының Үшбұлақтан ағаш даярлайтын бригадасында тракторшы болып жұмыс істейтінмін, – деп еске алады сол шақтарды Тұрсынхан Оқасұлы. – Біз жұмысқа ерте араласып, еңбекқор болып өстік қой, уақытпен санасқанды, жұмсаған жерден бас тартқанды білмейтінбіз. Мен небәрі жиырма жасымда озат механизатор атанып, сый-сияпаттың неше түрін иелендім. 1968 жылдың шілде айында кезекті еңбек демалысына шығып, тиісті ақшамды алуға совхоз орталығы Маралихаға барғанымда ондағы кәсіподақ комитетінің төрағасы «Көкшетаудағы Бурабай курортына бір жолдама тұр, совхоз басшылығы соны Орал ағаң екеуіңнің біріңе лайық көріп отыр», – дегенді айтты. Мен ауылға келіп, жақында ғана үйленген Орал ағайыммен ақылдасқанымда, ол кісі:

– Сен барып қайт, Тұрсынхан, – деді ойланбастан. – Әзірше бойдақсың, ел көріп, жер көргенің жақсы, әрі демалысқа шығып тұрсың, созбай аттанып кет!

Сөйтіп, мен әйгілі Көкшетауды бетке алдым. Өскеменнен Қарағандыға дейін ұшақпен ұшып барып, ары қарай пойызбен жүріп кеттік. Жақсы жетіп, орналасқаннан кейін айналадағы жұртпен таныстық басталды. Асханадан тамақ ішіп шығып, қарағайлардың саясындағы орындықта әңгімелесіп отыр едік, бір кезде маңайдағылар: «Сәбит, Сәбит ақсақал», – деп дабырласып кетті. Қарасам, жанында бір кісі бар, атақты жазушы Мұқанов келе жатыр екен. Дәл осы жерден көремін деп үш ұйықтасам, түсіме кірмеген адамым ғой, сасқалақтап қалдым. Алдында ғана қолға түсірген «Сұлушаш» романын әлі аяқтап та үлгерген жоқ едім, ол осындағы бөлмемде жатқан. Өре түрегеліп, жамырай амандастық. Қарттың қолы жұп-жұмсақ, жүзі мейірлі екен. Сондай қарапайым жан екенін бір көрген адам айқын аңғарғандай. Иығына іле салған жеңіл-желпі көйлек-көншекті де даңқты жазушының киімі деуге қорынғандайсың.

Арада үш-төрт күн өткен соң әлгі жерде қисыны келіп, қария екеуіміз қатар отырып  қалдық. Ол кезде жиырмадағы жас жігітпін, дәл мына кісідей беделді адаммен сөйлесіп көрмеген едім, қобалжығанымды жасыра алмадым.

– Иә, бала, қай жерденсің? – деп сұрады ол кісі маған бүкіл денесімен бұрылып. Мен Шығыс Қазақстаннан, Күршім деген ауданнан келіп тұрғанымды айттым.

– Пәлі, – деп қуана құптады ол кісі менің сөзімді. – Мен бес-алты жыл бұрын болғанмын Күршімде, «Қалғұты» совхозында. Жайлауына шығып, емін-еркін демалғанбыз. Шығыстың азаматтары алтын ғой, шеттерінен сабырлы,     салмақты, бір сөзді болып келеді.

Мынаны естігенде мен әжептәуір көтеріліп қалдым. Өйткені Шығыстың жігіттерінің ішінде өзім де бармын ғой. Сол күні бір әуесқой фотограф келіп, демалып жатқан жұртты суретке түсірді. Сәтін салғанда, жазушы ағамызбен бірге біз де түскен едік, тәбәріктей көріп, бір-бірден сатып алдық. Осы сурет менде әлі күнге дейін сақтаулы. Соңынан тағы бір жолыққанда әдейілеп алып шыққан «Сұлушаш» романына жазушының қолын қойдырып алдым, сол уақытта мұның өзі мен үшін үлкен олжа сияқты болып көрінген болатын.

Зымыраған уақытта тоқтау жоқ, жазушы ата, ағаларымыз өмірден өтті, сол кездегі қылшылдаған жігіт Тұрсынхан Оқасұлының өзі жетпістің төртеуіне келген қазыналы қартқа айналды. Бірақ ес білгелі кітаптарын қызыға оқыған Сәбит ағасымен бірге өткізген сол күндерін ол ешуақытта естен шығармақ емес.

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button