Сібенің жағалауындағы заңсыздықтар жайылуы тиіс
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Сібе көлдерін туристік мақсатқа пайдалану мәселесіне қатысты арнайы жиын өткізді.
Ел арасында Бескөл деп те аталатын Сібенің маңайында жылдар бойы қордаланған заңсыздықтарды шешу үшін аймақ басшысының тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Құрамына табиғат қорғау прокуратурасы, жер инспекциясы, мемлекеттік кірістер департаменті, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, жергілікті полиция қызметі мен Ұлан ауданының әкімдігі кірген комиссия бүгінгі таңда жағалаудағы демалыс базалары мен жер телімдерін түгендеуде. Жиында осы топтың мүшелері атқарылған шаруалар жөнінде есеп берді.
Негізгі ақпаратты туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев берді. Оның айтуынша, жұмыс тобы бүгінге дейін Сібенің төрт көліндегі демалыс нысандары мен жер телімдерін түгендеп үлгерген.
Бірінші көл – Садыркөлдің бір шеті жергілікті орман шаруашылығының аумағына еніп жатқанына қарамастан, төрт бірдей демалыс нысаны осы аумаққа заңсыз салынған. Нысан иелеріне ескертілгендей, алдағы уақытта бұл үйлер бұзылуы тиіс. Сондай-ақ, жеті бірдей нысанның қолданысқа беру туралы актісі жоқ болып шыққан. Ал Ұлан ауданының әкімі Дәулет Батырбаев бұл көлдің жағасындағы 24 нысанның иелері заңсыздыққа жол бергенін айтады. Бірақ солардың тең жартысының ғана иелері табылған. Қалған 12 нысанның иесі әлі іздестірілуде.
Екінші көл – Төртқарада да дәл осыған ұқсас жағдай анықталған. Бұл көл жағалауынан 138 жер телімі берілген екен. Соның ішінде 16 нысан заңсыз салынған. Ж.Сәрсебаев қазіргі таңда Төртқараға қарапайым тұрғындар көлігімен ақысыз кіретіндей жағдай жасалғанын айтады. Ал үшінші көл – Шалқардың жағасындағы шлагбаум жұмыс тобы үшін алынбас қамалдан бетер болып тұр. Аудан әкімдігі мен жергілікті полиция қызметі шлагбаумды екі рет алып тастағанымен, иесі қайта орнатып қойған. Мұнда да жеті бірдей жер телімінің иесі белгісіз қалып отыр. Иесі жұмбақ жер телімдері төртінші Қоржынкөлде да бар болып шығыпты. Жиын барысында облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Дулат Қазақпаев барлық нысан иелерін іздеп табуға қызметкерлердің аздығы қолбайлау болғанын айтып қалды. Аймақ басшысы бұл уәждің негізсіздігін қадап айтты.
-Сіздерге жыл басында 120 автокөлік бердік. Ал бүгін келіп адамдарымыз аз дейсіз. Төрт айдың ішінде бірде-бір тапсырманы соңына жеткізбегендеріңізді ешқандай себеп ақтай алмайды, – деді облыс басшысы. Мұндағы мәселелердің уақытында шешілмегені үшін аудан әкімі Дәулет Батырбаевқа да ескерту айтылды.
-Шомылу маусымы аяқталғанша жағалаудағы шлагбаумдар алынып, халық көлігімен еркін кіретіндей жағдай жасалу керек болған. Ал сіздер әлі иелерін таба алмай жүрсіздер. Шындықты қусақ, солардың барлығының иесін білесіздер. Ешқайсы қарапайым адамдар емес. Бәрі де елге танымал, ауқатты адамдар. Тіпті, басшылық лауазымдағылары да бар. Ал заң – бәрімізге ортақ. Көл жағасынан 5-6 метр жерге үй салу – ешбір заңға сыймайтын әрекет. Халық өз жерінде емін-еркін, ақысыз демалуға құқылы. Желтоқсан айына дейін барлық заңсыз нысандардың иелері анықталып, әкімшілік шара қолданылсын. Қажет болса сотқа беріңіздер. Бұл істі орынбасарым Жақсылық Омар қадағалайтын болады, – деді аймақ басшысы.
Халық ең көп шоғырланатын Шалқар көлін қоғамдық жағажай ретінде абаттандыру жобасының да орнынан жылжитын түрі жоқ. Д.Батырбаев көлдің жағасын бұтадан тазартып, құм сеуіп, көпір төсеу үшін, душ кабиналарын орнатып, санитарлық торап пен электр жарығын тарту үшін 218 млн. теңге қажет екенін атады. Облыс басшысы бұл жобаны құптамады.
-Осы жобаның бастамасына 50 млн. теңге бөлгенбіз. Әлі не техникалық-экономикалық негіздемесі, не жобалық-сметалық құжаттары дайын емес. Ал сіздің ұсынып отырғаныңыз – сызба ғана. 240 адамдық жағажайға 240 млн. теңге шығындау ақылға сыймайды, – деген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ келер жылдың маусым айында халық Сібеге еш кедергісіз кіретін болу керектігін ескертті.
Есімжан Нақтыбайұлы