Қоғам

Сібенің келбетіне көз тояды

Сібенің келбетіне көз тояды


Тән мен жанды сергітетін Сібе көліне бір кезде халықтың емін-еркін кіруі мұң болатын. Әр жағалауда бір шлагбаум, әр қадамың үшін ақы сұраған кәсіпкерлер. Ал бүгін ше? Бүгін Сібенің бес көлінде де көз қызығарлық өзгерістер бар екен. Ең бастысы, мұндай бейбастақ әрекеттер өткен күннің еншісінде қалыпты.

Шалқарда бала-шаға шаттанып жүр

Өскемен қаласынан 85 шақырым қашықтықта орналасқан Сібе көліне дейінгі жол сайрап жатыр. Өткен жылы облыс басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен көлге апаратын жолдың 125-шақырымын жөндеуге қаржы бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылды. Әрине, мұның бәрі жағалауды жалға беріп жүрген кәсіпкерлер үшін емес, қарапайым халықтың жайлы демалысы мен өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін жасалды. Бүгін Сібе көлдері расымен де, халыққа қолжетімді демалыс орнына айналып келеді. Оған Сібедегі үшінші көл – Шалқардағы муниципалдық жағажайдың шомылу маусымының ашылуына келген нөпір халықтан-ақ байқауға болады. Шалқардың шомылу маусымының ашылуын Ұлан ауданының әкімдігі салтанатпен өткізіп, алғашқы демалушыларын ән мен жырдан шашу шашып қарсы алды. Биыл бұл көлдегі шомылу маусымы әдеттегіден ерте басталып отыр. Оның өзіндік себептері бар.

– Муниципалдық жағажайдың шомылу маусымын Астана күніне орай ашу жоспарланған болатын. Алайда тұрғындардың сұрауы бойынша биыл ерте бастауды жөн көрдік. Жағажай өткен жылы ғана пайдалануға берілсе де, мұнда демалуға ниеттілер көп. Осы үшінші көлді абаттандыруға Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» туризмді дамыту бағдарламасы аясында өткен жылдары 79 млн. 960 мың теңге бөлінген болатын. «Өскемен еңбек» мердігер компаниясы бұл істі қолға алып, жағажайда отбасылық демалысқа арналған барлық жағдайды жасады. Былтыр муниципалдық жағажайда 20 мыңнан астам облыс тұрғындары демалды, – дейді аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Жуықта әлеуметтік желіде жағажайда құрылыс материалдарының қалдықтары шашылып, әткеншектердің қирап жатқандығы туралы бейнематериал пайда болған еді. Аудан басшысы осы мәселеге қатысты да түсінік берді. Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, оған қыс мезгіліндегі ауа-райы мен көктемде қатты соққан жел себепкер болған. Алайда, көлді абаттандырған мердігер компания кепілдік мерзім бойынша жағажайды азғана уақытта қалпына келтіріпті.

Жағажайды аралап келеміз. Жан-жағымдағы дүниелерге қарап, биыл мұндағы қызмет көрсету деңгейі жаман болмайтын сияқты деген ой келді. Бүгін мұнда попкорннан бастап, салқын сусындар ұсынған сауда нүктелері де, кәуап жасап сатып жатқандардың да қарасы мол. Отбасылық жағажай деген атына әбден лайық екендігін үрленген батуттар мен балаларға арналған әткеншектер әйгілеп тұр. Тіпті судан жалықсаң, волейбол ойнайтын мүмкіндік те қарастырылған екен.

Сібенің келбетіне көз тояды

Қоржынкөлден қысы-жазы турист үзілмейтін болады

Шығыста қарасаң көркемдігіне көз тоятын жерлер өте көп. Бірақ Сібеде бір болған адам гранит пен сол тастардың арасында маржандай жарқыраған бес көлдің ерекше үндестігін жадында көпке дейін сақтап қалары сөзсіз. Таудың саф ауасы, тұп-тұнық су мен тұмса табиғат. Алайда турист тарту үшін бұл жеткіліксіз деп есептейді кәсіпкер Болат Бағадаев. Алдағы уақытта Сібе көлі дегенде көз алдымызға гранит тасты таулар мен муниципалдық жағажай ғана емес, төртінші – Қоржынкөлде салынып жатқан «Silkway» парк-отелі де елестейтін болады. «Best & Alliance Group» компаниясының бас директоры жақын болашақта мұнда жайлы демалыс үйлерімен қатар балалар лагерін салуды, сондай-ақ экстремалды аттракциондары бар туристік орталық ашуды қолға алды. Осы бағыттағы жұмыстар басталып та кеткен екен. Сібенің төртінші көліне табан тіреген біз шатыры батырдың дулығасына ұқсас қыстық мейрамхананың құрылысының қарқынды жүріп жатқандығына куә болдық.

– «Жібек жолы» деп аталатын бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін 1,8 миллиард теңге қаржы қажет. 250 млн. теңге сомасындағы өзіміздің қаржыға біраз шаруа атқарылды. Алдағы уақытты мемлекеттік грантқа қол жеткіземіз деген үмітіміз бар. Бүгінгі күні кәріз суының көлге құйылмауын қамтамасыз ету мақсатында сыйымдылығы 118 текше метр болатын септиктің құрылысы басталды. Жалпы, бұл демалыс базасын біз маусымдық емес, жыл бойы турист қабылдай алатын деңгейге жеткізуді көздеп отырмыз. Қыстық ресторан, альпинизмге қызығушылық тан тытушылар үшін скалодром құрылысы жасалып жатыр, – дейді кәсіпкер.

Алдағы уақытта мұнда 20 тоннаға дейін салмақ көтеретін тарзанкасы бар экстримпарк та салынады. Сондай-ақ жобада киіз үй қалашығы мен амфитеатр құрылысы да бар.

Сібенің келбетіне көз тояды

– Сібе тек көркемдігімен ғана емес, тарихымен де әйгілі. Сібенің Садыркөлінің маңайында өткен ғасырларда Аблайкит ғибадатханасының болғандығын бүгінгі тарихтан білеміз. Сол ғибадатхананы қайта құрсақ деген ойымыз бар. Болашақта осы жерде Моңғолия мен Араб Әмірліктеріндегі секілді бүркітшілер арасында республикалық фестиваль ұйымдастыру да жоспарланып отыр. Бұл да тарихи өңірге турист тартудың бір жолы, – дейді Болат Бағадаев.

Ең бастысы, Сібе көлдеріндегі туризмнің дамуы маңайындағы ауыл жұртшылығына да оң әсерін тигізбек. Жаңа жұмыс орындары ашылып қана қоймай, жергілікті шаруалардың ауылшаруашылық өнімдерін, мәселен, қымыз сатуға зор мүмкіндік береді.

Қоржынкөлдің үстіне салынған жайлы орындықтары бар пирс демалушылардың көңілінен шыққан тәрізді. Айналадағы табиғатқа тамсана көз тастап, әңгіме-дүкен құрып отырған ерлі-зайыптыларды сөзге тарттық. Олар Сібе көлінде демалу үшін Бородулиха ауданынан келіпті.

– Су әлі салқын екен. Соған қарамастан шомылып жүрміз. Сібе көліне алғаш келуім. Еліміздің көптеген демалыс орындарында болдық. Салыстырмалы түрде айтсақ, Сібенің осы көліне жақсы деген баға берер едім. Сервисі көңілімізден шықты. Бәрінен де табиғаты ұнады. Мұнда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр екен. Келешекте керемет демалыс орны болатын сияқты. Тағы бір ерекше атап өтетіні, ол кешкі уақытта өтетін концерт. Өңірімізде осындай өнерпаздардың бар екендігі расымен қуантады, – дейді Алина Ливанова.

Концерт демекші, «Ертіс концерт» пен оның жетекшісі Ғибрат Азубаев биыл ерекше бастаманы қолға алыпты. Өнер ұжымы жаз уақытында демалыс орындарына гастрольдік сапармен шыққан. Бұл күні Қоржынкөл жағасын ән мен күйге бөлеген өнерпаздар демалушылардың қошеметіне бөленді.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button