Саят

Құсбегілікті шынымен құртып алғанымыз ба?

– Алло, бұл облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы ма? Үстіміздегі жылға облысымызда құсбегілікті дамыту үшін қандай шаралар жоспарлап отырғандарыңызды білсек деп едік.

– Мен сізге ештеңе айта алмаймын. Бұл сала бізде дамымай қалған ғой. Сіз ұлттық спорт қауымдастығының облыстық филиалымен хабарласып көріңіз…

Іле-шала бұл мекемедегілер «жөн сілтеген» орынға хабарластық. Бірден айтайық, олардың да жауабы мандыта қоймады.

Құсбегілікті шынымен құртып алғанымыз ба?– Үржар ауданында республикалық «Сонар» байқауына қатысып жүрген бір азамат болған-ды. Бірақ, ол кісі Астанаға қоныс аударып кеткен. Құсбегілікпен айналысатын өзге адам жоқ деуге болады. Қауымдастық бұл мәселені жаңадан қолға алып жатыр…

«Жазған құлда жазық жоқ» дегендей, діттеген шаруадан бір нәтиже шығаруды мақсұт еткен басымыз бұл сауалды облыстық мәдениет басқармасындағы азаматтарға да қойып көрдік. Ондағылар:

– Біз мұны ұлттық дәстүр ретінде қарастыруымызға болады. Бірақ, қызметтік жауаптылық (функция) тұрғысында ол ұлттық спорт ойындарының бірі ретінде қарастырылады. Сондықтан облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының құзырында, – деді.

Міне, Алла тек біздің ұлтымыздың ғана маңдайына жазып, бегдеп берген құсбегілік дәстүрдің облысымыздағы ахуалы осындай. Жақсы сөз естиміз бе деп хабарласқан мекемелердің жауабы жоғарыдағыдай.

Иә, қазақ «құс төресі – бүркіт» дейді. Ал нағыз әккі құсбегілер «бүркіт төресі – Алтайдың ақиық мұзбалағы» дейді. Сонда деймін-ау, біз «Алтай – біздің туып-өскен өлкеміз» деп, ақбас шыңдарымен, алтын-күмісімен, аршасымен, шыршасымен мақтанып жүріп, оның атақты ақиығын ұмытып кеткен сияқтымыз.

Мұнан соң мемлекеттік мекемелер тұрғысынан қолға алынбаса да, киелі дәстүріміз ел ішінде біржола ұмытылмаған болар деген үмітпен кезінде құсбегілік кең қанат жайған Зайсан, Тарбағатай, Күршім сынды аудандардағы тілшілерімізбен де хабарласып көрген едік. Бірақ, олардан да тұщымды жауап ала алған жоқпыз.

Тәуба, ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігіміздің арқасында ұлттық рухымыз оянып, салт-дәстүрімізді дәріптей бастадық. Құсбегіліктің Қазақстанда ұлттық ойындар тізіміне енгеніне де 14 жылдың жүзі болыпты. Содан бері құсбегілердің республикалық «Сонар» сайысы дәстүрлі түрде жылма-жыл өтіп келе жатқанын да білеміз. Тек Алматы облысында өткен «Сонар – 2011» сайысына ғана Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Алматы сияқты облыстардан 50-ден астам бүркітші қатысқан екен. Тіпті, 2002 жылы Қарағанды облысының Шет ауданынан Мақпал атты 13 жасар қыздың «Сонардың» бас жүлдесін жеңіп алып, жұртты таңғалдырғаны есімізден кеткен жоқ. Осы Қарағандыдағы спорт мектебі ынталы жастарға бүркіт баптаудың қыр-сырын үйрететін көрінеді.

Ал шетелдерге келер болсақ, қырғыздар мен Моңғолия қазақтарын былай қойғанда, сонау Еуропаның батыс шалғайындағы Испанияның өзі құсбегілікті қолға алған көрінеді. Бізде неге жоқ? Қазақпыз деп, әйгілі Алтайдың тумаларымыз деп қалай айтамыз?

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жоғарыда сөз болған саятшылықтың бір түрі – құсбегілікке тікелей, тіпті, жанама түрде болсын, қатысы бар ұйым, мекемелер бұл саланы жедел қолға алмаса, ұятқа қалатын түріміз бар…

Бодаухан Тоқанұлы

Осы айдарда

Back to top button