Қоғам

Сібеге тегін кіретін күн жақын

 Сібеге тегін кіретін күн жақын

Сібенің үшінші көлі алтыншы шілдеге қарай халық игілігіне берілмек. Жағалауға арнайы ат басын бұрған аймақ басшысы Даниал Ахметов Ұлан ауданының әкіміне осындай тапсырма жүктеп отыр.

Сібе көлдерінің жағасын санитарлық талаптарға сай абаттандырып, оған қарапайым халықтың тегін кіруін қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімінің тікелей назарында. Ондағы Шалқар көлін қоғамдық жағажай ретінде абаттандыру үшін өткен жылдың жазында бірінші траншпен 50 млн. теңге бөлінген.

-Бұл қаржыға аудан әкімдігі жағдайды толықтай бағамдап, нақты жоба әзірлеп, құжаттарын пысықтауы тиіс болатын. Ал биыл мамырдан бастап жағалауды қамыс пен тастан тазартып, құм себілуі керек еді. Өздеріңіз көріп тұрғандай мұнда жұмыс жуықта ғана басталған. Күткен нәтиже орындалмады, – деген аймақ басшысы қалқыма соқпақтың сапасына да сын айтты.

-Қалқыма соқпақтың сапасы көзге ұрып тұр. Тіпті, қарапайым қауіпсіздік шаралары да сақталмаған. Келбеті ХІХ ғасырды еске салатын материалды сапалы полимермен алмастыру қажет. Алматыда халықаралық талапқа сай жақсы қалқымалар бар. Соларды қою қажет, – деді облыс әкімі.

 Сібеге тегін кіретін күн жақын

Жаз ортасына жетсе де, жағалау адам қабылдауға дайын емес. Сондықтан Астана күніне дейін «Облшығысжол» мекемесі асфальт жолдан көлге дейінгі қара жолды тегістеп, жағажайдың аумағына қалыңдығы 30 сантиметрден кем болмайтындай етіп құм себетін болды. Тапсырманың ойдағыдай орындалуын облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов тікелей қадағалайды. Ал Ұлан ауданының әкімдігі көлдің айналасын қамыстан түгелдей тазартып, сапалы қалқыма соқпақ орнатуы тиіс. Жағажай қолданысқа берілген сәттен бастап халық оған тегін кіретін болады.

-Қажет болса, осында қона жатып жұмыс істеңіз. Ауданның өзге шаруаларын орынбасарларыңыз атқарсын. Ал сіз осында тұрып, басы-қасында болыңыз,-деді облыс басшысы.

Облыс әкіміне жағажайдың қорытынды сызбасы да таныстырылды. Ол бойынша көл жағасын пайдаланудың жалпыға ортақ тәртібі орнатылмақ. От жағып, ет қақтағысы келгендер үшін арнайы орын бөлінбек. Сондай-ақ, киіз үйлерде ұлттық тағамдар саудалануы мүмкін. Балалардың ойын алаңы арнайы қондырғылармен жабдықталып, көлден тыс шағын хауыздар да орын тебетін болады. Алайда, мұның бәрі – болашақтың еншісіндегі шаруа. Аймақ басшысы бірінші кезекте аптаптан қажыған халық тегін келіп, сая табатындай жағдай жасау қажеттігін қатаң ескертті.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button