Сібе көлінде этноауыл салынады
Сібе көлінде ауқымдыжазғы туристік фестивальдерді өткізу үшін туристік база салынбақ. Бұл туралы аудан әкімі Дәулет Батырбаев мәлім етті.
– Аудандағы туризмді дамытудың кешендік жоспары аясында Сібе көлінде орналасқан үш су қоймасында демалыс орнын салуды жоспарлап отырмыз. Қазір көлдің түбі мен жағалауын түгелдей дерлік қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Енді құрылыс жұмыстарын бастап, оны 2018 жылға дейін аяқтаймыз. Турбазаның ерекшеліктерінің бірі мұнда этноауыл бой көтеретін болады. Бұл жерге келген демалушылар әртүрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүрімен танысып, ұлттық тағамның дәмін татады, – дейді Дәулет Батырбаев.
Екі жылдан соң бой көтеретін демалыс орнында көлік қоятын ыңғайлы тұрақ болмақ. Сонымен қатар, көлге апаратын екі ыңғайлы пирс орнатылып, спорттық, ойын алаңдары, жуынатын бөлмелер, санитарлық торап сияқты бөлмелер салынады. Сондай-ақ, турбазада велотур ұйымдастыратын алаң мен жылқы, квадроциклмен жүретін жолдар пайда болады.
Ажар Сағатбекова
Ұлан ауданы