Руханият

Сазгерлердің сиясы кеппеген туындылары орындалды

Сазгерлердің сиясы кеппеген туындылары орындалды

Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ұлы Дала Елі» атты қазақстандық заманауи музыка композиторларының республикалық фестивалі өтті.
Фестивальда астаналық Балнұр Қыдырбек пен Серік Әбдінұров, алматылық Бейбіт Дәлденбай мен Ермек Өміров, сондай-ақ, жерлестеріміз Светлана Апасова, Ольга Юлтыева, Қарлығаш Кунафина, Арыстанбек Кәкиев, Бағдат Есдәулетова сынды композиторлар өздерінің сиясы кеппеген туындыларын ел назарына ұсынды.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттар басқармасы мен Қазақстан композиторлар одағының өңірдегі өкілдігі бірлесіп ұйымдастырған шығармашылық кеште облыс әкімінің симфониялық оркестрі, Шалқар Рысханов жетекшілік ететін облыстық мемлекеттік филармониясының Байжігіт атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің оқытушылары мен студенттері композиторлардың жаңа туындыларын бебеулетті.
Елді әсем әуенімен еліткен бұл шара Өскемен қаласында осымен үшінші мәрте өтіп отыр. Бұдан бұрын бұл фестиваль 2008, 2009 жылдары «Ертіс самалы» деген атпен ел есінде қалған-ды.
Астанадан келген қонақтар жергілікті БАҚ өкілдерімен де кездесті. Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек жауап берді.
Композитордың айтуынша, одақтың бүгінде 100-ден астам мүшесі бар. Өткізіліп жатқан «Ұлы Дала Елі» фестивалінің мақсаты – қазақ музыкасын одан әрі дамыта түсу.
-Академиялық жанрдағы концерттерді көбірек ұйымдастыру керек. Қазақстанда бүгінде, құдайға шүкір, ауыз толтырып айтатын кәсіби музыканттар мен оркестрлер бар. Бір жылдары музыкант мамандығына деген қызығушылық мүлде азайып, құндылықтар өзгеріп кеткен болатын. Қазыр мәдени сана жетіліп, музыкаға деген көзқарас өзгеріп келе жатыр. Өскеменде өткен аталмыш іс-шара осы сөзімізге дәлел,-дейді Балнұр Қыдырбек.
Кәсіби сазгерлер бұдан басқа, аймақтардың шығармашылық байланысы, заманауи музыка мен дәстүрлі саз өнерінің сабақтастығы сияқты тақырыптарды қозғады.
Қонақтарға өскемендік сазгер Светлана Апасова мен ауқымды концерттің ұйымдастырушысы Бекболат Қажиков алғыстарын білдірді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button