Қоғам

Сайын далада өркениеттің ізі сайрап жатыр

Балауса ҚОЖАЕВА

Күздің қара суығы. Таң атар-атпастан микроавтобусқа отырып жолға шықтық. Бағытымыз – Көкпекті, Ұлан аудандары. Бұл жолғы сапар бұрыңғылардан өзгерек. Өйткені ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республикалық Egemen Qazaqstan және «Казахстанская правда» газеттері «Атамекен» экпедициясын ұйымдастырды. Сапар аясында аталған аудандардағы тарихи-мәдени орындары араладық. Елғашқы табан тіреген жеріміз  – Дала кітапханасы.

Буккроссинг Көкпектіде ежелден бар

Көкпектіге келе салысымен, біздің топты өңір тарихын зерттеп жүрген Қайрат Мәлікаждар мен журналистер күтіп алды. Осылайша біз көне нысандарға сапарымызды бастап кеттік. Қайрат ағамыз, «қазір ашық аспан астындағы кітапханаға барамыз» деді. Көз алдыма не түрлі картиналар келе бастады. Қиялыма ерік беріп мен отырмын. «Дала кітапханасы» дегеніміз қалай? Кітаптар жаңбырлы күні су болмай ма? Ол жерге кітаптарды кім жеткізеді? Қысқасы, қалың сұрақтың ішінде отырып діттеген жерге қалай жеткенімізді де білмей қалдық. Биғаш ауылынан 10-15 шақырым қашықтағы жазықта тұрған мұнараға тоқтадық. Самал жел есіп тұр. Маңайында тірі жан жоқ. Тек анадайдан шөп жинап жүрген ауыл адамдары көрінді. Олардың өзі алыста. Аң-таң болып тұрғанымызды байқаған Қайрат ағамыз: «Еее, Апырым байдың кітапханасы осы», – деді. Өлкетанушының сөзіне сенсек, мазар шамамен 1850 жылдары өмір сүрген Апырым байға арнап салынған. Жергілікті жұрт оны ауқатты, қолы ашық, адамгершілігі мол, дана кісі болған деседі. Қарапайым халыққа үнемі қол ұшын созған бай ауылдастарының арасында аса құрметті жан болған. Өмірден озар шағында, сыйлы азамат өзі оқыған кітаптарды жұртқа аманат етіп қалдырған көрінеді. Аманатқа қиянат жасамаған халық, мұнара тұрғызып, күмбездің астына киізге орап, кітаптарын қойған. Көшпенді қазақ, мұнарадан кітапсыз қайтпаған екен. Былайша айтқанда, бүгінгінің буккроссингі Көкпектіде бір ғасыр бұрын пайда болған. Зират маңына биіктігі 1,5 метр тастан қоршау жасалған. Ал күмбез басында ай орнатылған. Әрине, біз үшін тың ақпарат болғаны рас. Алты қырлы мұнараның күмбезіне көз тіктік те, өлкетанушыдан «қазір мұнда кітап бар ма?» деп сұрадық.

  • Кітапханада Апырым байдың кітаптарынан басқа кітаптар да болған. Өңірдегі ауқатты жандар жиі-жиі кітап әкелгендерін айтады. Дегенмен бұл жердегі соңғы кітап 1940 жылдары алынған деген ақпарат бар, – дейді Қайрат Мәлікаждар.

Күмбез маңында жүргенімізде қасымызға ауыл тұрғыны келді. Сөйтсек, мазар маңында шөп жауып жүргендердің бірі екен. Мазар басында жүрген топты көріп бізге жақындапты. Ауыл тұрғыны жергілікті көнекөздерден естіген дүниелерін айтып берді.

  • Биғаш ауылында туып өстім. Осы өңірде Ойман Нұрлыбаев деген ақсақал өмір сүрген. Көзі тірісінде бізге күмбез басындағы айды ақтар оқпен атып, 3-4 жерден тесіп кетті деген еді. Өз ұрпақтары осыдан 10 жыл бұрын келіп құран бағыштағаны есімізде. Ала жаздай осында шөп шабамыз, келіп құран бағыштаймыз. Сол себепті ақсақалдардан естіген әңгімемізді, бөлісуге келдім, – дейді Тоқтарбек Әбішев.

Абырой болғанда мазардың өзі сақтаулы. Тас қабырғасы, кімбезі орнында. Әр тасы тарихтан сыр шертетін мазардан алыстай бердік. Кенет мүлгіген тыныштықты «Приехали!» деген көлік тізгіндеушінің дауысы бұзды.

Бармақ батыр туралы білеміз бе?

Өзен жағасында қоршаулы тұрған мазар. Кімдікі екенінен хабарымыз жоқ. Жете бере Қайрат ағамыз әдеттегідей ақтарыла сөйлей бастады.

– Бұл мазар 1820-1830 жылдары тұрғызылған. Бала кезімізден мазардың Бармақ батырдікі екенін естіп, біліп жүрміз. Кіші жүздің жасағын басқарған Бармақ батыр Қызылбұлақ шайқасында мерт болыпты. 1723 жылы жоңғарлар шапқанда, Бармақ батыр жиырмадағы бозбала екен. Жергілікті халық батырға мазарды кіші жүз, алшын, тамалар орнатып кеткен деседі. Бірінші күмбезде батырдың қару-жарағы басқа да жабдықтары жерленген. Ордалы күмбездің биіктігі – 19 метр, қабырғасының қалыңдығы – 1 метр. Кірпішті бес қатар етіп жинаған. Есігі оңтүстікке қаратып жасалған. Дәл осы күмбезде батырдың қабірі бар, – дейді өлкетанушы.

Батыр зиратының маңында ұрпақтары орнатқан құлпытасы тұр. Құлпытаста жерленген адамның 1703-1757 жылдар аралығында өмір сүргені жазылған. Абылай ханның беделді батырларының бірі болған Бармақ бабамыз жайлы жас ұрпақ аса көп білмегенімен жергілікті жастар оның ерлігі жайлы жатқа соғады. Тіпті мазарға қоршау да орнатыпты.

– Бұл мазарда Бармақ батыр жерленгенін білгеннен кейін жастардың басын қосып, қоршау орнатуды қолға алдық. Себебі тарихи нысанды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Жастар бірден қолдап, қоршау орнатылды, – дейді «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Дархан Бердібек.

1941 жылы соғысқа кеткен Биғаштың 17 адамы мазарға келіп зиарат еткен. Құран бағыштаған жандардың бәрі сұм соғыстан тегіс аман оралған. Бармақ батырдың ұрпақтары қазір Қостанай облысында тұрады. Көкпекті ауылында батырға арналған ескерткіш те бар. Қайтар кезде өлкетанушы зират маңында кіші жүз жерінде өсетін изен дейтін дертке дауа шөптің өсіп тұрғанын көрсетті. Осы тұста халқымыздың изенді туған жердің белгісіндей санағаны есімізге оралды.

Тау басында желбірейді көк байрақ

Көкпекті ауданына таяу маңда өзге жоталардан ерек тұрған тауға көзіміз түсті. Өзі тақиядай дөп-дөңгелек. Алыстан қарағаннан-ақ биік екенін аңғаруға болады. Жол бойы Толағайға шығамыз деп келе жатқан біраз қыз-жігіттер тауды көргенде жүрексініп қалғандай. Аудан жастары жыл сайын ту тігетін тауға шықпаймын деуге намыс жібермеді. Күн қызарып батып барады, ал біз Толағайдың етегінде тұрмыз. Мақсатымыз – күн ұясына кіргенше Толағай шыңын бағындыру.  Тау басында көк байрағымызды желбірету.

«Асқар тауға келіп жетті,

Таңдап жүріп тау жотасын

Талғай қарап, орман тасын

Тарбағатай үйірінен

Толағайы тыңдап алды.

Көңілі сүйген бір шатқалды

Ұзақ ырғап бөліп алды», – деп Әбділдә Тәжібаев жырлаған Толағай тауы ғой деп таңдана қарадық. Ақын жырлаған Толағайдың арқасындағы тау осы болса, тәуекел деп алға қадам бастық. Сапарластарымыздың біразы тау басына шығып алған. Қыздар жағы бір кідіріп, бір жүріп келеміз. Тік жартасқа келгенде ары қарай жүреміз бе, жоқ па деп кідіріп қалдық. Алайда батыр бабамыз көтерген тауға шыға алмасақ несіне келдік деп жігерімізді қайрап алға ұмтылдық.

Көкпектіні құс ұшар биіктен қарап ұзақ тұрдық. Бізбен жарысқан күн де, қош айтысқандай ұясына батты. Енді бізге төмен түсу керек. Себебі ертең аттың басын Ұланға бұрамыз…

 

 

Осы айдарда

Back to top button