Қоғам

Сақылдаған сары аязда сарғалдақтар жайнап тұр

Сақылдаған сары аязда сарғалдақтар жайнап тұр

Семейлік кәсіпкер Рафаиль Хазипов қыстың аязды күндеріне қарамастан аумағы 400 шаршы метрден асатын жылыжайда көкөніс, гүл өсіріп, біраз мүгедек адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұрындары қаладағы гүл дүкендеріне гүлдер шеттен немесе оңтүстік облыстардан тасымалданатын. Енді міне, кәсіпкер Рафаиль тұрғындарды арзан өніммен, ал қаланы көгалдандырушы мекемелерді қажетті көшеттермен, небір әдемі гүлдермен қамтамасыз етуді жолға қоймақ. Қазірдің өзінде жылыжайда қызғалдақ пен сарғалдақ сияқты гүлдер бүр жара бастапты.
– Зерттеулер бойынша гүлдердің жылыжайдағылары да, бөлмедегі өсімдіктері де адамға игі әсер етеді. Оның ішінде лалагүлі, қазтабан гүлі ауаны ластанудың бірнеше түрінен, соның ішінде формальдегидтен тазартса, бегония мен фикус гүлдері үйіңізге келген адамдардың жағымсыз пиғылдарын өз бойларына сіңіріп, сіздерге тек оң энергия жібереді, – дейді, зерттеушілер.
Теледидар, компьютер, толқынды пештердің сәулелерінен сақтануға сіздерге раушан гүлдер, орхидея, өрмелегіш (лиана) өсімдіктер көмектеседі. Балалар бөлмесіне шегіргүлдерді (фиалка) орналастырсаңыз, олардың жеткіншектің өсіп-жетілу уақытындағы көңіл-күйін бірқалыптылыққа бейімдейді екен. Қазтамақ гүлінің қасында 15 минуттай отырсаңыз, өзіңіздің тың күш жинап, демалғаныңызды сезесіз. Өйткені бұл өсімдік эфир майларын бөліп шығарады. Сіздің ағзаңыздағы зат алмасу процесі ұлғая түседі. Ұсақ жапырақты бұрыштар мен хризантемалар отбасындағы, жұмыс орнындағы адамдардың бір-біріне деген жақсы қарым-қатынасының қалыптасуына әсер етеді.

Сақылдаған сары аязда сарғалдақтар жайнап тұр

Р.Хазиповтың айтуынша, қала әкімшілігі мен көптеген мекемелерден гүл көшеттеріне тапсырыс қазірден бастап түсіп жатыр. Жергілікті жылыжайда өсірілген гүлдер биыл 2 мың шаршы метр аумаққа егілмек. Бұл өзге өңірлерден сатып алғаннан әлдеқайда пайдалы. Жылыжайда жұмыс істейтін жиырмаға жуық адамның дені – мүмкіндігі шектеулі жандар.
– Қараша айынан бастап осы жерде еңбек етіп жатырмын. Құлағы нашар еститін бірнеше адамды жұмысқа алды. Қазір гүл баптаудың қыр-сырын меңгеріп қалдым, – дейді үшінші топтағы мүгедек Татьяна Свистунова.
Рафаиль Хазипов жылыжай ашуды көп жылдан бері жоспарлап келіпті. Қазір жаңа шаруашылығының аяқ алысы жаман емес. Гүлден басқа, жылыжайда қызанақ, қияр, пияз бен аскөк те өсіп жатыр. Себебі, сырттан тасымалданатын қымбат көкөністен гөрі, дәмі мен сапасы келісті отандық, арзан өніммен тұтынушыларды қамтыған аса пайдалы, дейді кәсіпкер.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button