Облыс бойынша Nur Otan партиясы сайлауалды бағдарламасының орындалуын қадағалайтын 12 өңірлік қоғамдық кеңестің құрамы облыстық филиал Саяси кеңесінің бюросында бекітілді.
Өңірлік қоғамдық кеңестер партия көшбасшысының алға қойған міндеттерін ескере отырып, ең алдымен партияның сайлауалды уәделерінің орындалуын жүйелі бақылап, бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуына монинторинг жасайды.
– Кеңестердің міндетіне сайлауалды бағдарламада берілген уәделердің нақты, уақытылы орындалуын қадағалау енеді. Кеңестердің жұмысы қоғамдық пікір ескеріле, сондай-ақ партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтардан түскен өтініштерге жасалған талдауға негізделе отырып, жария түрде жүргізіледі, – деді партияның облыстық филиалы төрағасы, аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Nur Otan партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің бюросында өңірлік қоғамдық кеңестер төрағаларының кандидатуралары мен құрамы бекітілді.
Атап айтсақ, «Өңірлік партиялық бақылау комиссиясы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңес», «Отбасы, әйелдер және балалар құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңес», «Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі өңірлік кеңес», «Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі өңірлік кеңес», «Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі өңірлік кеңес», «Аграрлық секторды дамыту жөніндегі өңірлік кеңес», «Жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңес», «Аймақтық қоғамдық экологиялық өңірлік кеңес», «Өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңес», «Miras» өңірлік кеңесі», «Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңес» құрамдары белгіленді.
Аталған кеңестердің құрамына депутаттар мен партияның белсенді мүшелерінен басқа үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, талдаушылар, жалпы қоғамдық пікір көшбасшылары кірді.
Сонымен қатар Саяси кеңес бюросының отырысында бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстарын және партия филиалдарының есеп беру-сайлау конференцияларын өткізу кестелері бекітілді. Оларды өткізу кезінде саяси кеңес пен оның бюросының, бақылау-тексеру комиссиясының және бастауыш партия ұйымдары бюросының құрамдары партия филиалдарының сайланбалы органдарының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты қайта сайланатын болады.
DIDAR ақпарат