Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған арнайы делегация кеше облыс орталығына жұмыс сапарымен келіп, «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінің үлкен залында Өскемен қаласының жұртшылығымен сайлау процесінің мәселелері бойынша ашық та, еркін, сұрақ-жауап форматында кездесу өткізді. Жиынға бес жүзден астам өскемендік келді.
Кездесудің басында ОСК төрағасы ең әуелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сайлау процесін жаңғырту жөніндегі бастамаларын, соған орай қолға алынған шаруаларды егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Мен бұл қызметке ағымдағы жылдың 25 қаңтарында тағайындалдым. Содан бергі уақытта еліміздің әр өңірінде осындай кездесулер өткізіп келеміз. Осымен он бесінші өңірде кездесу өткізіп жатырмыз. Қазір біз сайлауаралық кезеңде тұрмыз. Президент біздің алдымызға барлық сайлау процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуді, сайлау процестерін барынша жаңғыртуды қойып отыр. Сайлау органдары әкімдіктерден тәуелсіз болуы керек және сайлау кезінде түрлі бұрмалаушылықтарға жол берілмеуі тиіс. Ел аралап, алыс ауылдардағы ағайынның пікірін тыңдаудағы сапарымыздың басты мақсаты осы, – деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Өскеменде қоғам өкілдерімен кездесу барысында.
Басқосуда ауыл әкімдерінің сайлауы, учаскелік сайлау комиссиялары жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ету, сонымен бірге бақылаушыларға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді.
Айталық, ауыл әкімі лауазымына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткердің мемлекеттік қызметте еңбек өтілінің болуы міндетті талап ретінде қойылады. Қоғам белсенділерінің пікірінше, бұл талап адамның құқығын шектейді. Сол себепті мейлі ауыл әкімі, тіпті Президент сайлауында да өз кандидатурасын ұсынуға кез келген азаматтың конституциялық құқығы бар. Сондықтан мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек өтілі міндеттелген талап қайта қаралса дегенді алға тартады белсенділер.
Сайлау процесіне тікелей қатысып жүрген қоғам белсенділерінің айтуынша, партия өкілдерінің сайлау учаскелеріне бақылаушы ретінде кіруінде де бірқатар проблемалар бар.
– Егер, бақылаушының құжаттары заң талаптарына сәйкес рәсімделген болса, ол сайлау учаскелеріне кедергісіз кіруі қажет. Бұған қоса, бюллетень санау сынды маңызды процестер кезінде ол барлық үрдісті толық көре алатындай қашықтықта отыруы керек. Былтыр біз республика бойынша бір күнде 730 ауыл әкімін сайладық. Бүгінгі күнге дейін 961 ауыл әкімі сайланды. Халықтың дауысы арқылы сайланған әкімнің жауапкершілігі де арта түседі. Бұл еліміздің саяси жүйесінде бұрын-соңды болмаған оқиға, – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Жиын барысында сайлау кезінде электронды дауыс беру мүмкіндігінің болашағы да сөз болды.
– Шыны керек, сайлаушылардың электронды түрде дауыс беруін ұйымдастыру өте көп қаражатты қажет етеді. Бұған дейінгі тәжірибе электронды дауыс беру мүмкіндігін сайлаушылардың тым аз бөлігі қолданғанын көрсетті. Дегенмен, бұл мәселе әлі де зерттеледі. Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз бар. Смартфонды күнделікті қолданатын жастар бар. Сондықтан электронды дауыс беру мүмкіндігін қалдыру, қалдырмау мәселесі жан-жақты зерттелгеннен соң шешіледі, – деді бұған қатысты түсінік берген спикер Нұрлан Мәжитұлы.
Кездесуге қатысушылар сайлаушылардың жеке санаттары үшін қағаз бюллетеньдері бойынша дәстүрлі дауыс берудің нысаны сақталса деген ойларын жеткізді.
Жиында облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры, Өскемен қалалық мәслихаты депутаты Арайлым Есімбекова сайлауға жастарды көптеп тартуға, мажоритарлық жүйені енгізуге, сайлау процестерін жетілдіруге қатысты ой-пікірін ортаға салды.
Ал Өскемендегі ЖМК мөлтек ауданы ардагерлер кеңесі төрағасы, ардагер ұстаз Әлібек Нұрмұхамедов қазіргі жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру қажеттілігін, қазір ертегі айтатын апаның жоқтығына, жастардың «ұят болады» деген сөзді ұмытып бара жатқандығына жиналғандар назарын аударды. Мұнымен қатар халықтың сайлауға деген сенімін қайтару үшін бұрынғы сайлау процестерінде жіберілген қателіктер енді қайталанбаса деген тілегін жеткізді.
Сондай-ақ өңірдегі өзге саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер спикерге көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып нақты жауап алды.
Еске сала кетелік, елімізде облыс, қала, аудан деңгейіндегі 234 аумақтық-территориялық сайлау комиссиялары бар. Республика бойынша сайлау кезінде 10 мың учаске, 70 мың комиссия мүшесі жұмыс істейді.
Аталған тақырыпқа арналған дәл осындай жүздесу Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бас әкімшілік ғимаратында да өтіп, оған екі жүз елуден астам студенттер мен қала жастары қатысты.
ОСК төрағасының Өскемен қаласының жұртшылығымен және жастарымен кездесулерінің барлығы басқа өңірлердегі сияқты әлеуметтік желілерде тікелей трансляция режимінде көрсетілді. Кездесу соңында өскемендіктер мазмұнды да түсінікті әңгімесі үшін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровке алғыс білдірді.
Дәурен Аллабергенұлы