Қоғам

Сайлаушылармен кездесті

Сайлаушылармен кездесті

Кеше Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Алматыда қала активімен, студент жастармен, Алматы көпір құрастырмалары зауытының жұмысшыларымен кездесті, сондай-ақ, Ұлт Көшбасшысының мыңдаған жақтастарының форумына қатысты.
Республика сарайына үш мыңға тарта алматылықтар, Президенттің серіктері, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, қаланың құрметті азаматтары, этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының, шағын және орта бизнестің өкілдері кезекті рет Н.Ә.Назарбаевқа өздерінің қолдауын білдірді.
Белгілі мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов Елбасы Қазақстанды әлемдік аренада ірі де салмақты халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі дәрежесіне жеткізгенін атап өтті. «Белкамит» АҚ бас директоры Павел Беклемишев Нұрсұлтан Назарбаевқа өнеркәсіпке қолдауы үшін алғысын білдірді. Белгілі ғалым және педагог Асылы Осман Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында әрбір қазақстандық ұлтына немесе шыққан тегіне қарамастан өмірде үлкен табыстарға жете алатынын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев туралы атақты Нұрғиса Тілендиевтің қызы өзінің жүрекжарды лебізін аса жылылықпен білдірді.
Түстен кейін Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері Алматы қаласы жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесті. РҚШ мүшелері сондай-ақ, Алматы көпір құрастырмалары зауытының жұмыскерлерімен де кездесті. Онда 700-ден астам адам еңбек етуде. Аталған зауытта Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысына қажетті жоғары сапалы темірбетон өнімдері шығарылады. Зауыт жұмысшылары өз кезегінде еңбек адамына құрмет пен ізет көрсетілетіні үшін Н.Назарбаевқа алғыс білдірді.
Республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің Алматыға жұмыс сапарының алғашқы күні Елбасы жақтастарының форумымен аяқталды.

* * *

Сайлаушылармен кездесті

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданындағы «Молсервис» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді. Өз сөзінде Ә.Құсайынов жиынға қатысушыларды сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды.
Ә.Құсайыновтың айтуынша, бірқатар әлем елдерінде экономиканы қарқынды дамытуға бағытталған жұмыстар қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктерін ескермей, оған шамадан тыс күш салып жатыр.
Табиғат қойнауын тиімсіз пайдалану, табиғи ортаның қалдықтармен ластануы, гендік және биологиялық әртүрліліктің азуы табиғи ортаның, адамзат мекендеген айналаның құлдырауына алып келуі мүмкін.
«Табиғи ресурстардың қайта қалпына келмейтінін естен шығармаған жөн», – деп атап өтті Ә.Құсайынов.
Кандидаттың айтуынша, адамзат жыл сайын өнеркәсіптік өндіріс көлемін өсіріп, соның салдарынан игерілмеген табиғаттың таза айналасы тарылып бара жатыр. Оған қоса, Ә.Құсайынов экологиялық білімнің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, Әбілғазы Құсайынов Петропавл қаласындағы «Севказэнерго» ЖШС-нің ұжымымен де кездесті.
Кездесу барысында ол өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы баяндап берді.
– Жағымсыз экологиялық жағдай әлемдегі өзекті проблемаға айналып отыр, себебі, өнеркәсіпті дамытуда қоршаған ортаның мүмкіндіктері назардан тыс қалып, көп жағдайда табиғатты қорғау технологиялары пайдаланылмайды, – деп атап өтті Әбілғазы Құсайынов.
Табиғат қойнауын тиімсіз пайдалану, қоршаған ортаның қалдықтармен ластануы, гендік қор мен биологиялық әртүрліліктің жұтаңдануы қоршаған табиғи ортаны аздырып, айналып келгенде, мұның соңы адам денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр.
Ә.Құсайынов өз баяндамасында атап өткендей, бүгінде экологияның кең мағынасына тереңнен бойлап, жеке үйің, яғни биосфера, оның даму ерекшеліктері мен осы үрдістегі адамның рөлі ретінде түсіну қажет.

***

Сайлаушылармен кездесті

Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов Қостанай қаласында «Баян Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасы ұжымының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында кандидат Т.Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасының басты бағыттарымен таныстырды.
Алдымен ол Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының қызметі ғылыми социализм идеялары, маркстік-лениндік ілім мен прогрессивті қоғамдық ойларға негізделіп құрылғанын атап өтті.
«Біз қоғамдық дамудың біртұтас материалистік теориясы ретінде марксизм-ленинизмнің ғылыми және идеологиялық негіздеріне сүйеніп қызмет атқарамыз. Марксизм коммунистер үшін – қоршаған әлемнің өзгеруімен бірге үнемі дамып отыратын, қоғамның дамуындағы қордаланған және жаңа деректерді ой елегінен өткізетін шығармашылық ғылым. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін марксизм-ленинизмді және Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының бағдарламалық шарттары мен оның қызметін насихаттау қажет», – делінген Т.Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында.
Сонымен қатар, Тұрғын Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасының тағы бір қағидаты – батыс мәдениетінің теріс ықпалы жайында мәселе көтерді. «Руханилықтың мәнін түсіретін батыс құндылықтары мақсатты түрде астамшыл тұтынушылық сана қалыптастыруда», – деп атап өтті кандидат өз сөзінде.
Адамның психикасы мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін ақпараттық ықпалдар бар. «Мысалы, жай ғана компьютерлік ойыншықтардың өзі психика мен денсаулыққа кері әсерін тигізеді», – деді Т.Сыздықов.
«Еуропалық елдерде тұтынушылық қоғам құрылымдарының қалыптасуынан туындаған батыстық мәдениет дағдарысы батыстық өркениеттің әмбебап құндылықтар мен әлеуметтік тұрмыс-тіршілік нормаларына деген наразылықтарына қарама-қайшы келуде», – делінген кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында.

Осы айдарда

Back to top button