Сайлау-2022ТОП

Сайлаудың да, сауданың да көрігін қыздырды

Өскемен қаласының үш ірі сайлау учаскесінде жәрмеңке ұйымдастырылып, тұрғындар азық-түлік өнімдерін арзанға сатып алып жатыр.

Қазақстан Республикасының Президентін сайлау күні облыс орталығындағы электорат саны көп үш ірі сайлау учаскесінде дауыс берушілерге арнап азық-түлік тауарларын арзан бағада саудалайтын жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл қатардағы екі ірі сайлау учаскесі: №30 және №31 учаске Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінде орналасқан.

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі өкілдерінің айтуынша, таңғы сағат сегізден бастап білім ордасының кіреберісіне өз өнімдерін жайғастырған кәсіпкерлер келушілерге азық-түлік тауарларын әдеттегі бағадан 10-15 пайызға арзанға ұсынған. Сайлаушыларға арнап істелген игі шараға келген қала тұрғындары бірінші кезекте қажетті қант, өсімдік майы және шұжық сияқты азық-түлік тауарларын сатып алуда. Осындай ерекше жәрмеңкелер арқылы өз өнімдерінің көпшілік арасында кеңінен танымал болатынын айтқан кәсіпкерлер де сайлаушылар тарапынан қызығушылықтың барын айтады. Дауыс беру басталған сәттен бері екі сағат ішінде саудаға шығарылған тауарлардың 30 пайызынан астамы сатылып кеткен.

– Біздің мектебіміздің аумағында 30-шы және 31-ші сайлау учаскелері орналасқан, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Ғазизова. – Екі сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар саны өте көп. Яғни, 30-шы сайлау учаскесінде сайлаушылар саны 1878 болса, 31-ші сайлау учаскесі бойынша – 1545 адам. Бүгін таңғы сағат жетіден бері ауа райының қолайсыздығына қарамастан сайлаушылар дауыс беруге келіп жатыр. Президент сайлауына байланысты барлық шаралар заңға сай әрі уақтылы орындалуда. Заңбұзушылықтар болған жоқ. Яғни, дауыс берушілер тарапынан ешқандай ескертулер келіп түскен жоқ.

Бұдан бөлек, сайлау учаскелерінде қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен электоратқа арнап дастархан жайылып, көпшілік ыстық шай мен бауырсақтан дәм татты. Сайлаушылармен ере келген балаларға түрлі-түсті шар мен ойыншықтар сыйға берілді.

– Өскемен қаласының байырғы тұрғынымын. Осында туып, өстім. Бұл жолғы Президент сайлауына дауыс беруге келіп, көңілім көтеріліп қалды. Күнделікті қолданатын азық-түлік тауарлары мен шұжықтардың бағасы көңілге қонымды екен. Қолөнер бұйымдарын да саудалап жатыр. Бұл жерге түрлі тоқыма өнімдерін ұсынатын әжелерді де отырғызып қойса артық болмас еді. Бұрынғы кезде осындай сайлауға келгенде өзімізді мерекеге келгендей сезінетінбіз. Бүгін де сондай атмосфера сезіледі. Жолдасым екеуіміз дауыс беруге келіп, бір аптаға жететін азық-түлікті әлеуметтік бағада сатып алдық, – дейді Марина Ефименко есімді қала тұрғыны.

Кіреберістен-ақ мерекелік көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірген қала тұрғындары алдағы уақытта әр сайлаудың осындай қалыпта өткенін қалайтындықтарын айтты.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button