Сайлауалды бағдарламасы мүлтіксіз орындалады

Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы депутаттық фракциясының жиыны өтіп, онда филиал төрағасы, аймақ басшысы Даниал Ахметов «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының және 2016-2020 жылдарға арналған облыс аумақтарын дамыту бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады.
18 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысы өткені белгілі. Жиында Үкімет партияның сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы туралы есеп беріп, Елбасы Парламенттегі партия фракциясына «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жариялаған жүйелі жаңғыру шеңберінде бірқатар міндеттер қойған-ды.
– Біздің жұмыстағы негізгі құжат – «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы. 2016 жылғы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын біз осы ұранмен өткіздік. Өңір тұрғындары бізге сенім артып, қолдау көрсетті. Облысымыздан 7 кандидат Мәжіліс депутаты атанды, облыс мәслихаттарындағы 321 мандаттың 300-і партиямыздың үміткерлеріне тиесілі, – деген Даниал Ахметов облыстың барлық мәслихаттарында депутаттық фракциялар құрылғанын атап өтті. Олар мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуына, қазына қаржысының мақсатты жұмсалуына қадағалау жүргізіп келеді.
Партия филиалының төрағасы бірқатар маңызды салаларды қамтитын сайлауалды бағдарламасының нәтижелеріне кеңінен тоқталды. Негізгілерін айтар болсақ, өңірдің жалпы өнімі 2016 жылмен салыстырғанда 28 пайызға артып, былтыр 3,6 триллион теңгені құрады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету салаларының қарқынды өсімі байқалады.
– Біз жыл соңына дейін экономика өсімін 3,4 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуді міндет етіп отырмыз. Алғашқы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 114, ауыл шаруашылығы 112, құрылыс 124, инвестиция тарту 143 пайызға ұлғайып отыр, 244 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Салық мөлшері 12 пайызға көбейіп, 89 миллиард теңгеге жетті, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, тұрғындардың табысы 118, орташа жалақы 114, азаматтардың депозиттері 103 пайызға өсіпті. 21 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан аспаған.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамыту бағытында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, медицина саласы бойынша емханаларды жаңарту, мамандар біліктілігін арттыруға алдағы үш жылда бюджеттен 26 миллиард теңге бөлінбек. Ал білім саласына үштілділікті енгізу үшін тіл пәндерінен сабақ беретін үш жарым мың ұстаз оқытудан өткен. Нәтижесінде оқушылардың білім деңгейі 20 пайызға артты. Алдағы үш жылда бес мектеп салынады.
Әлеуметтік қолдау аясында жыл басынан 20 мыңнан астам аз қамтылған отбасына 7,4 миллиард теңгенің атаулы көмегі көрсетілген. Жыл соңына дейін бұл сома 11 миллиард теңгеге жетпек.
Мұнымен қоса, барлық аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары (33 мыңнан астам) тегін ыстық тамақпен және мектеп формасымен қатылды. Үш жарым мың бүлдіршін балабақшаға тегін баруда. Бүгінге дейін 388 көпбалалы отбасы баспана алған. Бұл – пәтер кезегінде тұрған осы санаттағы жанұялардың 23 пайызы. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Партия филиалының төрағасы ауызсумен қамту, елді мекендерді абаттандыру, мемлекеттік қызметтерді және өзге де салаларды цифрландыру, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, туризмді дамыту, жол жөндеу сынды бағыттарда атқарылған және жоспарланып отырған ауқымды жұмыстарды атап көрсетті.
– Партия төрағасы келер жылдың 1 наурызына дейін әр аудан, қала, облыс бойынша 2025 жылға дейінгі аумақтарды дамыту бағдарламасын әзірлеуді міндеттеп отыр. Бұл ретте жергілікті жерлердегі бастаушы партия ұйымдарына және мәслихаттардағы фракция депутаттарына артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Бізге мемлекеттік қызметшілер, депутаттар болып табылатын партия мүшелерінің жұмыс тәсілін жаңарту қажет, – деген Даниал Ахметов әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудегі партия рөлін насихаттауды тапсырды.
Партия жұмысын жандандыра отырып, халықтың сенімін арттыру керек. Депутаттар «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Халыққа көмек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» сынды партиялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуы тиіс. Осыған орай 1 желтоқсанға дейін азаматтардың партияға деген сенімін арттыру, жер-жерлердегі өткір мәселелерді шешу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу, бастауыш партия ұйымдарының бюросын тоқсан сайын өткізу міндеттелді.
- Бес жылға арналған басым бағыттар белгіленген сайлауалды бағдарламасы мүлтіксіз орындалуы керек.– деді Даниал Ахметов.
Жиын соңында облыстық мәслихаттағы фракция депутаттары Жасұлан Шаймарданов білім, Зарина Камасова денсаулық сақтау, Олег Чернышов мемлекеттік қызмет көрсету салалары бойынша есеп берді.
Ержан Әбіш