Сайлау-2023ТОП

Сайлау үрдісі сауатты бақылануы тиіс

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға бақылаушыларға қатысты өзгерістер енгізілгені белгілі.

Егер осыған дейін қоғамдық бірлестіктер байқаушы ретінде сайлау күні учаскелік сайлау комиссияларына келіп, құжаттарын көрсетіп, байқаушы ретінде тіркелген болса, енді Конституциялық заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін олар міндетті түрде аккредиттеуден өтулері қажет.

20-1-бабының 1-тармағына сәйкес байқаушы ретінде ел азаматтары саяси партиялардан, сондай-ақ өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан жіберіледі.

Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы №131/626 қаулысымен бекітілген жарғылық қызметіне сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру жататын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу қағидаларымен аккредиттеу тәртібі айқындалған.

Егер осы Конституциялық заңда өзгеше белгіленбесе, аккредиттеудің қолданылу мерзімі бір жылды құрайды.

Аккредиттеуден өту үшін қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар тиісті сайлау комиссиясына тиісті құжаттарды жібереді.

Аккредиттеуге өтінішті қарау мерзімі отыз күнтізбелік күнді құрайды.

Аккредиттеуден бас тартуға немесе аккредиттеудің күшін жоюға мыналар негіз болып табылады:

1) құжаттардың толық тізбесінің ұсынылмауы;

2) жарғының осы баптың талаптарына сәйкес келмеуі;

3) қоғамдық бірлестік, коммерциялық емес ұйым қызметінің тоқтатыла тұруы не тоқтатылуы.

Сайлау комиссияларының сұрау салуы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардан аккредиттеуден бас тарту немесе аккредиттеудің күшін жою үшін негіздердің бар-жоғын анықтауға қажетті ақпарат сұрау салу алынған кезден бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде беріледі.

Конституциялық заңда республиканың саяси партиялары, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушыларының сайлау өткізу кезінде жүзеге асыруға құқылы іс-әрекеттері айқындалған. Сондай-ақ Конституциялық заңда қоғамдық бірлестіктердің міндеттері айқындалған.

Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары ел заңнамасын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеудің күшін жоюға құқылы.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button