Сайлау учаскесіне бармай дауыс беруге бола ма?

Азамат Темірбеков
Қараша айының 20-шы жұлдызында өтетін кезектен тыс Президент сайлауы жақындаған сайын газет оқырмандары сайлауға қатысты сұрақтарын редакцияға жиі жолдауда. Осы ретте көпшілікті толғандырған бірқатар сұраққа жауап іздеп, қалың оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Сайлау учаскесінің мекенжайын қалай білуге болады?
Сайлау учаскесінің мекенжайын білудің бірнеше әдісі бар. Біріншіден, сіз сайлау учаскелерін «ЖСН бойынша сайлау учаскесін іздеу» ақпараттық сервисі арқылы, сондай-ақ байланыс операторларының смс-тарату арқылы келіп түскен call-center қысқа нөмірі арқылы біле аласыз. Екіншіден, сіз бұл ақпаратты учаскелік сайлау комиссиясынан тұрғылықты мекенжайыңызды айту арқылы білуіңізге болады. Үшінші жолы, сіз «Kaspi.kz» және «Halyk» қосымшалары арқылы біле аласыз.
Сайлаушылар тізімінде менің мекенжайым дұрыс көрсетілмесе әрі бұл менің қателігім болмаса, мені дауыс беруге жібермеуге олар құқылы ма?
Ешқандай жағдайда құқылы емес! Мұндай қателікті комиссияның өзі түзетуі керек, онда сіз міндетті түрде хабарласуыңыз керек. Егер қателік дауыс беру күніне дейін анықталса, сіздің өтінішіңіз бір тәулік ішінде, егер қателік дауыс беру күні анықталса, 2 сағат ішінде (бірақ дауыс беру уақыты аяқталғанға дейін) қаралуы қажет. Қате анықталғаннан кейін түзету дереу енгізіледі. Егер комиссия сіздің өтінішіңізді қанағаттандырудан бас тартса, жоғары тұрған комиссияға өз бетіңізше немесе учаскедегі бақылаушылармен бірге шағым түсіруіңізге болады.
Егер басқа қалаға тұрақты тұруға көшсем, бірақ әлі дауыс бермеген болсам, не істеуім қажет?
Сайлаушылар тізіміне белсенді сайлау құқығы бар Қазақстан Республикасының барлық азаматтары енгізіледі. Азаматтар сайлаушылар тізімімен дауыс беру күніне 10 күн қалғанда тұрғылықты жері бойынша өзінің учаскелік сайлау комиссиясында танысуына болады. Егер сайлаушы өзін жаңа тұрғылықты жері бойынша сайлаушылар тізімінен таба алмаса, онда ол сайлау комиссиясының учаскесіне сайлаушылар тізіміне енгізу туралы өтінішпен жүгіне алады.
Егер сайлаушы дауыс беру күні 18 жасқа толса, дауыс бере ала ма?
Дауыс беру күні 18 жасқа толған сайлаушы сайлауда дауыс беруге құқылы.
Егер сайлаушы қандай да бір себептермен сайлаушылар тізіміне енгізілмесе, онда комиссия тұрғылықты жері бойынша тіркелген сайлаушыны сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жедел шешім қабылдайды.
Қандай жағдайда сайлау комиссиясының мүшесін портативті дауыс беру жәшігімен үйге шақырта аламын?
Мұндай құқықты сіз сайлау күні бөлімшеге келе алмайтын жағдайда пайдалана аласыз. Жалпы тәжірибе бойынша мұндай қызмет сайлаушы ауырып қалған кезде көрсетіледі. Осындай кезде учаскелік сайлау комиссиясы жазбаша өтініш бойынша сайлаушылардың тұрған жерінде дауыс беруді ұйымдастырады. Дегенмен сайлаушының өтініш хаты дауыс беру күні жергілікті уақыт бойынша он екі сағаттан кешіктірілмей берілуі керек.
Сайлау учаскесінде көру қабілеті нашар немесе ампутатор сияқты мүгедек адамға бюллетень толтыруға көмектесе аламын ба?
Егер мұндай адам сізге сенсе, сіз бюллетеньдерді өз бетінше толтыра алмайтын адамдарға (сайлаушыларға) көмектесе аласыз. Дауыс бергеннен кейін сіздің фамилияңыз бюллетень алу үшін сайлаушы қолының жанында сайлаушылар тізіміне енгізіледі.
Мұндай жағдайда сіз:
1) сайлау комиссиясының мүшесі;
2) жергілікті өкілді немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
3) кандидаттың сенім білдірілген адамы;
4) журналист, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі;
5) сәйкес сайлау комиссиясында тіркелген байқаушы болмауыңыз қажет.
Үміткерлер туралы сенімді ақпаратты қайдан табуға болады?
Кандидаттар туралы объективті, құжатталған және тексерілген ақпаратты сіз учаскелік сайлау комиссиясының ақпараттық стендінен көре аласыз, сонымен қатар бұл ақпаратты тиісті сайлау комиссиясының интернет желісіндегі ресми сайтынан таба аласыз.