Сайлау-2022

Сайлау учаскелерінде медицина бұрышы ұйымдастырылды

Өскеменде адам қарасы көп бірқатар сайлау учаскесінде уақытша медицина бұрышы ұйымдастырылды.

Арнайы медициналық білімі бар маман отыратын мұндай орындарда дауыс беруге келген тұрғындар қан қысымын өлшетіп, қанындағы қант мөлшерін талдата алады. Сондай-ақ олардың сатурациялық жағдайы да тексеріледі. Барлық қызмет – тегін.

Осындай медицина бұрышын орналастыру «Жас техниктер станциясы» мекемесінің ғимаратындағы №32-ші сайлау учаскесінде де көзделген. Ол үшін кіреберісте арнайы жабдықталған бөлме бөлінген.

Сонымен қатар Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-гимназияда орналасқан №70-ші сайлау учаскесінде де дауыс берушілерге барлық жағдай жасалған.

– Біздің сайлау учаскеміздегі дауыс берушілер саны – 1830 адам. Дауыс беріп жатқандардың легі бірқалыпты. Бірінші болып дауыс берген адамдарға, сонымен қатар алғаш рет дауыс берген 18 жастағы екі сайлаушыға да сайлау учаскесі комиссиясының атынан арнайы сыйлықтар табысталды. Енді осындай алғаш рет дауыс беретін үш сайлаушымыз келуі керек. Сондай-ақ 57 адам үйінде дауыс береді. Олардың үйіне жылжымалы сайлау жәшіктері жеткізіледі. Егер бізбен бірге үйден дауыс беру үрдісін бақылаймын деген бақылаушылар болса, оларды да ала барамыз, – дейді №70-ші сайлау учаскесінің төрайымы Гүлназира Калимолдина.

Әр сайлауда дауыс берушілер үшін мектеп басшылығы мен ұжымы арнайы жәрмеңке ұйымдастыратынын айтқан ол, биыл да осы дәстүр жалғасын тапқанын тілге тиек етті. Атап айтсақ, бұл жолғы кезектен тыс Президент сайлауында дауыс берушілерге ыстық мен жаңа піскен нан-тоқаш өнімдері ұсынылды. Концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button