Саяжайлар жарыққа қашан жариды?

Өскемендегі саяжайлардың жарығы жиі-жиі өшіп қалып жатыр. Саяжайларға беріліп тұрған электр энергиясының қуаты да мардымсыз. Редакциямызға саяжайлардағы жарықтың «жырын» жазып, арыз,-шағымдарын айтып келіп жатқан тұрғындар көп. Мәселенің мәнісін мамандардан сұрадық.
– Саяжай учаскелеріне жарық жеткізіп тұрған электр желілеріне мерзімдік техникалық қамту жұмыстары жүргізілмей, дұрыс пайдаланылмай отырғандықтан, қазір олардың жағдайы қанағаттанарлықсыз күйде тұр. Соның салдарынан апаттық сөндірулер жиі қайталанып жатады,-дейді саяжайларда жарықтың жиі өшіп қалуының себебі неде екендігін түсіндірген облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы энергетика және энергия үнемдеу бөлімінің басшысы Нұрлан Рамазанов.
Нұрлан Рамазанов, облыстық энергетика , тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы энергетика және энергия үнемдеу бөлімінің басшысы:
-Саяжай кооперативтері мен энергиямен қамтушы мекеме арасындағы есеп айырысу аймақтық энергетика компаниясы (АЭК) желілерінің саяжай мен АЭК желілері шекарасында орналасқан коммерциялық есепке алудың бас құралы көрсеткіштері бойынша ғана жүргізіледі. Энергия төлемақысы заңды және жеке тұлғалардың жалпыүйлік қажеттіліктері мен саяжай қоғамдастығы үшін пайдаланатын энергияға белгіленген орташа тариф бойынша 11,642 кВт/ теңгеден алынады.
Бірақ, қазіргі күні саяжай қоғамдастығының шешімі бойынша саяжайларда тұратын тұрғындар электр энергиясының киловатына 16-20 теңгеден төлеуде.,өйткені тұрғындар серіктестіктің, қоғамдастықтың желілерін ұстауға, желілер мен трансформатордағы шығындарға да ақша төлеп жатыр. Бұған қоса тұрғындар коммерциялық шығындарға, яғни, қоғамдастықтың энергияны ұрлап тұтынып жатқан мүшелері үшін де ақша төлеуде.
2017 жылдың шілдесінде Ұлт жоспарының 51- қадамын жүзеге асыру аясында Мемлекет басшысы аймақтық электр желілері компанияларын ірілендіру арқылы электр энергиясымен қамту сапасын арттырып, тарифті төмендетуге мүмкіндік беретін «Қазақстан Республикасының электр энергиясымен қамту жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Егер саяжай қоғамдастықтарының электр желілері энергияны жеткізумен айналысатын компанияға берілсе, электр желілерін күтіп ұстаумен барлық қажетті құрал-жабдықтары бар арнайы мамандар айналысар еді. Әр абонентке электр энергиясына коммерциялық тіркеу жүргізетін автоматтандырылған жүйе орнатылып, желілердіңі тәулік бойы жүргізілуін диспетчерлік технологиялық басқару жүйесі (АСКУЭ) қамтамасыз етеді. Қазіргі күні саяжай тұрғындары коммерциялық, техникалық шығындар бойынша қалыптасқан жалпы қарызды да төлеп келеді. Егер АСКУЭ жүйесі қойылса, әрбір тұрғынға нақты пайдаланған энергия үшін төлемақы есебі беріліп, тұрғындар тек қана пайдаланған энергияға ғана ақша төлейді.
Электр энергиясы үшін есеп айырысу әр тұрғын мен энергиямен қамтушы мекеме арасында жасалатын келісім-шарт негізінде жүзеге асады. Бұл бүгінгідей электр энергиясымен қамтуға байланысты туындап отырған дау-дамайларды, мәселелерді заңды негізде шешуге мүмкіндік береді. Келісім шартта энергияны беру шарттары, оның сапасы, тағы да басқа тұстары толық көрсетіледі. Сондықтан саяжай қоғамдастықтары, оның мүшелері, тұрғындар электр желілерін электр энергиясын жеткізетін мекеме (ШҚ АЭК) балансына өткізу шараларын жүргізуі қажет.
Жамал Ермен