Қоғам

Саяжайда тұрып жатқан көпбалалы отбасына үй алып берді

Қамқорлық

«Halyqtan halyqqa» жобасы аясында меценаттар көпбалалы Мамадияровтар отбасына жаңа үй сыйлады. Бұған дейін кәмелеттік жасқа толмаған бес баласы бар бұл отбасы қаладағы саяжайлардың бірінде жазғы типтегі үйде тұрып келген.

Отбасы тұрғын үй кезегіне тұрмады, себебі жылдық табыстарын растауға мүмкіндіктері болмады. Осы жерде отбасына көмекке меценаттар келді. Бір ай ішінде қайырымды жандар өзінің жеке ауласы бар жер үй сатып алуға 8 млн. теңге қаржы жинады.

    Біздің мақсат – қыс түскенге дейін мұқтаж отбасының өз үйі болуына көмектесу. Осындай отбасылар бүгінгі күні көп. Бірінші кезекте шынымен, қолдауға мұқтаж отбасыға көмектесуге тырысамыз. Біз әр отбасының қаржылық мүмкіндіктерін жан-жақты қараймыз. Бүгін Мамадияровтар отбасына жаңа үйдің кілтін табыстадық, екі-үш күн шамасында келесі отбасына да осындай сыйымыз бар. Жоба жақында ғана жұмыс істеп бастауы себепті адамдар тарапынан сенімсіздік туындауда. Алайда біздің қолымызда қажетті барлық құжат бар екенін айтқым келеді. Біз кеңседе жұмыс істейміз, қалаған адамдар бізге келіп, мұқтаж отбасыларына көмектесулеріне болады. Өздері жеке көмек көрсеткісі келгендерге біз мұқтаж отбасының телефон нөмірін береміз, – дейді жоба жетекшісі Дәурен Кульчегишев.

Мамадияровтар отбасы үшін жаңа үй күтпеген тосынсый болды. Ерлі-зайыптылардың сөзінен қуаныштарында шек жоқ екенін байқауға болады.  Енді қаһарлы қыстан да қорықпайды. Өйткені өздерінің жып-жылы үйі бар.

    Үй алуға көмектескен адамдардың бәріне шексіз алғыс айтамыз, өте қуаныштымыз. Біз тұрғын үй кезегіне тұрған жоқпыз, себебі жылдық табысымызды растай алмадық. Осыған дейін үй жалдап тұрдық, саяжайларды паналадық. Шынымен де бізге баспана өте қажет болды. Қор жетекшісі келіп, бізге жаңа үй беретіндерін айтқанда, таң-тамаша болдық. Рас, қуанышымызда шек болмады. Әрине, басында сенбедік, бұл біз үшін күтпеген сый еді, – деп ағынан жарылған отанасы Анар Мамадиярова қуаныштан көзіне жас алды.

Жоба өкілдері қалалық мұқтаж және көпбалалы отбасыларының бірлестігімен бірге алдағы уақытта осындай көмек көрсетуді жалғастыруды көздеп отыр.

Флора Левина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button