Қоғам

Саяси реформаларды жүзеге асырудың нақты қадамы

Мемлекет басшысы 5 маусым күні жалпыхалықтық референдум өтетіні туралы Қазақстан халқына бейнеүндеу жолдағаны белгілі. Референдум – саяси реформаларды жүзеге асыру бағытындағы басты қадам. Референдумның мақсаты саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіруге, конституциялық реформа жасауға жол ашу.

Жалпыхалықтық референдум механизмі соңғы рет 1995 жылы қазіргі Конституцияны қабылдаған кезде қолданылған еді. Одан кейінгі Ата Заңдағы өзгертулер мен толықтырулар  Парламентте  депутаттардың дауысқа салуы арқылы жүзеге асып келді.

Жалпыхалықтық дауысқа ұсынылған Конституцияның үштен бір бөлігі өзгермек. Бұл дегеніміз, мемлекеттік құрылым біршама өзгереді дегенді білдіреді.  «Жаңа Қазақстанның» алғашқы іргетасын бірге қалайтын боламыз.

Біріншіден, жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекіту.

Екіншіден, Президенттің өкілеттіліктеріне байланысты өзгерістер.

Үшіншіден, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Мәслихаттардың ықпалы артады. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді. Осыған дейін азаматтар партиялық тізімге, яғни партияларға дауыс беріп келсе, енді жекелеген нақты адамдарға дауыс береді. Бұл – халық өзі сайлаған депутаттан жұмыстың нәтижесін талап ете алады деген сөз.

Сонымен қатар реформа саяси партиялар арасында бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтардың ел дамуына атсалысуына үлкен мүмкіндік береді. Саяси партияны тіркеу үшін қолдаушылардың саны 5 мың адамға дейін қысқаруы оң өзгерістер әкеледі, әсіресе жаңа партия құрудағы жеңілдіктер халықтың саяси белсенділігін арттырмақ.

Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың 16 наурызындағы  Қазақстан халқына Жолдауында бірінші кезекте суперпрезиденттік биліктен ықпалды Парламенті бар, президенттік билікке өтетін түпкілікті шешімді нақтылап алғаны мәлім.  Міне, осы нақты шешім негізінде еліміздің басқару жүйесін толықтай өзгерту мақсатында референдум өткізуге  шешім қабылданды.

Құрметті жерлестер, қадірменді шығысқазақстандықтар, болашағы жарқын, дамыған, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалған «Жаңа Қазақстанның» құрылуына атсалысып, еліміздегі тарихи маңызға ие саяси науқаннан шет қалмай «Әділетті Қазақстан» үшін 2022 жылдың 5 маусымы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасын қолдап жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын.

Біздің әрқайсымыздың дауысымыз маңызды. Бірлігі мен татулығы жарасқан, гүлденген еліміздің ертеңі үшін бұл күні нақты таңдау жасайтын боламыз.

Ата Заңымыздың түбегейлі өзгеруі ол бізден бастап, келешек  ұрпақтарымыздың игілігіне арналып отыр.

Айгүл Байжанова,

AMANAT партиясы Шығыс Қазақстан облыстық

филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы

Осы айдарда

Back to top button