Саяси өзгерістің бастауы
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамлеясының отырысында референдум өткізу туралы бастама көтеріп, қоғамның демократиялық таңдау еркіне мүмкіншілік туғызды.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ақпарат құралдарында жарияланды. Осыған дейін Ата заңымыз төрт рет өзгерсе де, бірде-бір рет референдум өтпеген екен. Сол себепті референдумды қолдау, оған саяси белсенділік танытып қатысу өте маңызды.
Бұл мақсатта жергілікті мәслихат депутаттары да ел ішін аралап, реформа туралы түсіндіріп жүр. Өзгерістер, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшуді, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлуді, парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыруды, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтуді, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіруді көздеп отыр.
Жуырда Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты, «Құрмет» орденінің игері Қанат Ильясов Ақсуат ауылының «Құрал», «ПМК» аталып кеткен мөлтек аудандарының зейнеткер, жұмыссыз санатындағы қарапайым тұрғындарымен кездесті. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін, сұрақтарын тыңдап жан-жақты жауап берген мәслихат депутаты 5-маусымға белгіленген референдумға немқұрайлы қарамай, біркісідей келіп қатысуға, ел тағдыры үшін маңызды шешімді бірге қабылдауға шақырды. Қалай десек те, конституциялық реформа – саяси өзгерістің бастауы.
Еске салсақ, референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабы бойынша 56 өзгеріс енгізілмек. Ақпарат алудың әр алуан тәсілі дамыған заманда көзіқарақты әр азамат конституциялық реформа жайында өз бетінше ізденіп, толық біле алады.
Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ.