Саяси-әлеуметтік дамудың кепілі

Ауданға Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясының республикалық штабының мүшесі Ерлан Сайыров жұмыс сапарымен келіп, ауданның бірқатар елді мекендерін аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді.
Сондай-ақ Мәжіліс депутатымен бірге облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмат Ақышев та келді.
Жұмыс сапарын Ерлан Бияхметұлы Катонқарағай ауылдық округі тұрғындарымен кездесуден бастады. Ол ағымдағы жылдың 5 маусымында елімізде өткелі отырған маңызды саяси науқан – республикалық референдумның мән-маңызына, конституциялық реформа мен референдумның мемлекет дамуына тигізер ықпалы, еліміздегі саяси трансформацияның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-өркениеттік әсері жайында әңгіме өрбітті.
–Референдумды өткізген соң, Конституциямызға бірсыпыра өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Бұдан бөлек, елдегі заңдар жүйесінде айтарлықтай өзгерістер орын алатын болады. Бұның барлығы да түптеп келгенде мемлекетіміздің осы жылдар ішінде кеткен кемшіліктерін түзеп, саяси-әлеуметтік тұрғыдан дамуына жол ашуы мақсатында жасалып отырған игі іс деп түсінуіміз қажет. Мемлекет халыққа қызмет етуі керек. Жеріміздің үсті мен астындағы ресурстар жеке адамдарға емес, мемлекетке, халыққа, оның игілігі үшін қызмет етуі тиіс, – деп атап өтті Ерлан Бияхметұлы.
Сондай-ақ депутат кездесу барысында шекаралық аймақтардың дамуы, оның болашағы турасында да сөз қозғап, бұл аймақтардың ойдағыдай дамуы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне орасан оң әсерін беретіндігін басып айтты.
Катонқарағайдағы кездесу кезінде жергілікті тұрғындар Мәжіліс депутатына ел игілігі үшін өтілгелі отырған республикалық референдумның мән-маңызын жете түсінетіндігін, аталған саяси науқанға катонқарағайлықтар бар белсенділігімен қатысып, әділеттілік принципіне сүйне отырып азаматтық дұрыс таңдауын жасайтындығын жеткізді.
Өрел ауылында Ерлан Сайыров осындағы орналасқан шекаралық бөлімде болып, Күршім ауданы бойынша шекара басқарамасының Өрел шекара бөлімінің бастығы Замир Нұрғалиев басшылық ететін шекара қызметкерлерімен жүздесті. Бұнда да ол алдағы болар референдум турасында түсіндіре келе, шекаралық аймақтардағы ұлттық қауіпсіздіікті қамтамасыз етіп отырған шекара қызметінің елдегі алар орны өте маңызды екендігін, бұл ретте шекарашыларға мемлекет үлкен жауапкершілік жүгін артып отырғандығын атап өтіп, аса жауапты қызметтерін абыроймен атқаруға тілектестігін білдірді.
Өзінің жұмыс сапарын Ерлан Сайыров ауданымыздағы ең шеткі ауыл Аршатыда аяқтады. Бұнда да ол жерігілікті халықпен өткізген кездесінде референдум бойынша түсіндіріп, тұрғындар сауалына жауап берді.
Т.Серікхан, Катонқарағай ауданы.