Қоғам

Саяси жүйе түбегейлі өзгереді

Ержан Әбіш

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде алдағы кезектен тыс Президент сайлауының 20 қарашада өтетінін мәлімдеп, көп ұзамай сайлауалды тұғырнамасын ұсынатынын, онда әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін жаңа бастамалар айтылатынын жеткізді. Осыған қатысты біз С.Аманжолов атындағы ШҚУ комплаенс-қызметінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Байыркеновадан сараптамалық пікір білдіруін сұраған едік.

– Жылдың басындағы қасіретті оқиғалар елімізде жаңа кезеңнің келе жатқанын, елеулі саяси өзгерістер қажет екенін айқын көрсетті. Сондай-ақ осы жыл қазақстандықтар үшін саяси оқиғаларға толы болды. Ең маңыздысы – бүкілхалықтық референдумнан бастау алған конституциялық реформа. Нәтижесінде, Ата Заңның үштен бірі жаңартылды. Біз әділетті Қазақстан құрудың басында ғана тұрмыз. Енді Президенттің айтуынша, барлық негізгі мемлекеттік институттар, яғни, Президент, Парламент, Үкімет, мәслихаттар кезең-кезеңмен қайта құрылады. Бұл «қайта құру» халықтың тікелей қатысуын, сайлау науқанын талап етеді, – деді Гүлмира Төлеубекқызы.

Алдағы сайлаудың ерекшелігі – сайлау науқаны кестесінің алдын ала жария етілуінде. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы туралы Жарлыққа қол қойғаннан бір ай бұрын құлаққағыс етті. Ал бұған дейін мерзімінен бұрын өткен сайлаулардың барлығы олардың күні көрсетілген Жарлыққа қол қойылған кезде мәлім болып келген еді.

– Президенттің 20 қарашада кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімін қолдаймын. Жаңартылған негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастыру процесін Президент институтынан бастау керек. Себебі, Конституция бойынша Президент – адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі, ол халық пен мемлекет атынан билік жүргізеді, мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, – дейді ғалым.

Қоғамның бірлігі, мемлекеттің тұрақтылығы, елдің кез келген ішкі және сыртқы мәселелерге дұрыс жауап бере алу қабілеті тек тұрақты саяси жүйе жағдайында қамтамасыз етіледі. Сондықтан әлемдегі геосаяси ахуал ушыққан кезде алдағы Президент сайлауы – елімізді ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалар қарсаңында біріктіретін ең маңызды фактор.

– Өз Отанының тағдырына бейжай қарамайтын азаматтар Президент сайлауына белсенді қатысып, пікірлерін білдіруге тиіс. Атап өтерлігі, алдағы сайлауда алғаш рет бюллетеньдерде «барлығына қарсымын» деген баған да болады, – дейді заң саласының маманы.

Президент сайлаудың отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өтетінін хабарлады. Иә, барша азаматтар осы кезеңде жауапкершілікті сезініп, заң қағидаттарын берік ұстануы қажет. Еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсететін кез келді. «Ел болашағы – менің де қолымда» деген әр адам Әділетті Қазақстанды құруға өз үлесін қосуы тиіс.

Осы айдарда

Back to top button