Қоғам

Саяси өзгерістер жасау үшін өзара сенім қажет

Ержан Әбіш

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауының мән-маңызы жөнінде біз С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, әлеуметтанушы Элеонора Столяровадан сұрадық. Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің одан әрі дамуына бағытталғанын айта кеткен жөн.

Әлеуметтанушы ғалым жүргізіліп жатқан реформалар қазақстандықтардың өміріне оң әсер ететінін атап өтті. Президент Жолдауында кезектен тыс президенттік сайлауды биыл күзде өткізуді және президент өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды. Жаңа сайлау науқанының мерзімдерін және оның ретін елге жариялау ашықтық қағидатына сай келеді. Осы қадамның бәрі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құруға ықпал етеді.

– Президент өз мандатын, яғни азаматтардың сенімін тағы бір мәрте растауға ұмтылуда, сондай-ақ ол президенттіктің бір мерзімін өткізуді ұсынып отыр. Бұл Президент лауазымының мағынасын түбегейлі өзгертеді және бұл бізді суперпрезиденттік республикадан қарапайым президенттік-парламенттік республикаға, мүмкін парламенттік республикаға айналдыру үрдісінің бір бөлігі, – деп түсіндірді ғалым.

Элеонора Столярова алда бізді саяси, экономикалық, әлеуметтік салалардағы қуатты қайта жаңғырулар күтіп тұрғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысының шешуші әрекеттеріне біз бүкіл ел болып қолдау көрсетуіміз керек. Президент Тоқаев айтқандай, «Әділетті Қазақстанды құру енді ғана басталып жатыр». Сайлау туралы ұсынысты, Парламент пен мәслихаттарды қалыптастырудың жаңа тетіктерін де қолдамасқа болмайды, – дейді ол.

Әлеуметтанушы Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін арнайы жинақ шоттарында ұстау туралы жаңалықты ерекше атап өтті.

– Әже ретінде мен де ең алдымен өз бала-шағамның болашағына алаңдаймын. «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасы – болашақ ұрпақ үшін нағыз қамқорлық! Бұл – Ұлттық қордың халыққа жасап жатқан шынайы қызметі. Кәмелеттік жасқа жеткенде балалар мен олардың ата-аналары көптеген мәселелермен бетпе-бет келеді, олар – оқу, баспана, бұл жинақтар нақты қолдау көрсететін болады, – деп жалғастырды ғалым.

Элеонора Столярова Президенттің нашақорлықпен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырғанына тоқталып, күрестің жалпыұлттық сипат алуы керектігін атап өтті.

– Есірткі мәселесі өткір тұр. Әсіресе оларды тарату әдістері көбейген. Күрес шын мәнінде ұлттық сипатта болуы керек, өйткені әдетте жастар дилерлердің ықпалына түседі. Біз ұстаз ретінде студенттер арасында үгіт-насихат жұмыстарына атсалысып, есірткінің зияны туралы айтамыз, – деді ол.

Ғалым Президенттің экономика, денсаулық сақтау, білім беру, саясат, еңбек нарығы және саяси модернизация туралы айтқандары туралы да жеке-жеке тоқталып, түсініктеме берді.

Айтулы мәлімдемелердің бірі әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деп белгілеу болды. Сұхаттасушымыздың айтуынша, осылайша көптеген қазақ әйелдерінің әлеуметтік мәселелері азаяды.

– Менің ойымша, бұл қазақстандық әйелдер үшін жақсы жаңалықтардың бірі болды. Қандай да бір ымыраға келу ұсынылды, – деді Элеонора Олеговна.

Сонымен қатар әлеуметтанушыны бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін ұлғайту туралы ұсыныс та қуантқан екен.

– 2022 жыл Қазақстанның жаңа тарихына айтулы оқиғалар жылы ретінде кіретіні сөзсіз. Қаңтар қасіреті, конституциялық референдум, ел дамуының жаңа кезеңі, жаңа әлеуметтік саясаты айқындалған Мемлекет басшысының Жолдауы және алдағы мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлау – осыған айқын дәлел.

Еліміз түрлі сынақтардан сүрінбей өтіп келеді деп айта аламыз. Егер біз 2022 жылдың күзіне қарай қандай нәтижелермен жетіп отырғанымызды бағалайтын болсақ, онда халқымыз азаматтық кемелдікке ұмтыла түсті деп қорытынды жасауға болады. Мұны бәріміз растауымыз үшін ел Президентін сайлауға біркісідей қатысуымыз қажет.

Мен өз елімнің азаматы ретінде және өзім таңдаған мамандығым – әлеуметтанушы ретінде болашақ үшін алаңдаймын әрі келер күнге зор үмітпен қараймын. Бірақ біздің халқымыз талай қиындықты еңсеріп, өзінің бірлігі бекем, біртұтас ел екенін анық таныта білген, алдағы уақытта да солай болады деп толықтай сенемін, – деп түйіндеді өз сөзін әлеуметтанушы.

Осы айдарда

Back to top button