Сайлау-2022

Саяси науқанға дайындық пысықталды

Азамат Темірбеков

Астанадан келген Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Президент сайлауына байланысты көшпелі семинар-кеңес өткізді.

Екі күнге жоспарланған семинар-кеңеске жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының, прокуратура, құқық қорғау органдары, саяси партиялар мен кандидаттардың сайлауалды штабының өкілдері, сондай-ақ БАҚ қызметкерлері қатысты. ОСК мүшелері жиынға қатысушыларға Президент сайлауына қатысты теориялық және практикалық оқыту ұйымдастырды. Көпшілік алдында баяндама жасаған Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров тәжірибесімен бөлісті.

– Мұндай сайлау бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Барлығыңыз бұл жұмыстармен бұрыннан таныссыздар. Дегенмен саяси науқанның кейбір тұстары түсініксіз болып қалуы да мүмкін, сол үшін осындай семинарларды жергілікті жерлерде өткізіп, дайындық жұмыстарын пысықтап жатырмыз, – деді Константин Петров.

Оның айтуынша, бұл жолғы сайлау кампаниясының бірқатар ерекшелігі бар. Атап айтқанда, сайлау комиссиясының кезеңдерін енді ОСК анықтайды. Яғни, Президент Жарлығында көрсетілген екі ай мерзімнің алғашқы 19 күнінде кандидаттарды ұсыну жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар өз кандидаттарын тек саяси партиялар емес, сондай-ақ кез келген республикалық қоғамдық ұйымдар да ұсына алады. Қазір елімізде мұндай ұйымдардың саны шамамен мыңға жетіп жығылады. Дегенмен өз кандидаттарын ұсыну құқығын тек 12 ұйым қолданды. Осы және басқа да өзгерістер туралы семинар барысында айтылды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов 20 қараша күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауына дайындық жұмыстары өңірімізде жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

– Қазірге дейін сайлаушылар тізіміне 496 741 адам енгізілген. Бұл – облыс халқының 68 пайызы. Бүгінде 537 сайлау учаскесінің шекаралары анықталып, олардағы комиссия құрамдары бекітілді, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Айта кету керек, сайлауға байланысты мұндай көшпелі семинарлар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

Осы айдарда

Back to top button