Саябақтар шеруі жалғаса бермек
Таяуда Зайсан қаласы әкімдігінің, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт, білім бөлімдерінің ұйымдастыруымен Зайсан қаласындағы М.Дәуленов атындағы мектеп-интернатында «Саябақтар шеру – 2016» акциясының ашылу салтанаты өтті.
Елімізде 1996 жылдан бері өткізіліп келе жатқан акция Зайсан ауданында биыл екінші жыл ұйымдастырылып отыр. Елбасының халыққа Жолдауы аясында жүзеге асырылған «Саябақтар шеруі» акциясының мақсаты – билік және бизнес өкілдерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамның назарын еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мәселелерге аударту, тұрғындар санасында табиғи және мәдени мұраларымызға деген құрмет пен жанашырлықты ояту, жастар мен жас буын өкілдерін қоршаған ортаны қорғауға және сақтауға шақыру. Салтанатты шараға мекеме қызметкерлері, мектеп оқушылары мен студенттер, табиғатты қорғау мекемелерінің қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.
Акцияны Марқакөл қорығының эколог маманы А.Амантайқызы ашып, саябақтар шеруі аясында өткізілетін іс-шаралардың жоспарымен таныстырды. Зайсан қаласының әкімі Долдан Тожыбаев өз сөзінде табиғат пен адамдардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы аса маңызды екеніне тоқталды. Сол себептен осындай шараларды тұрақты өтуден ұтарымыз көп деді. Ал аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева, Марқакөл қорығының ғылым, мониторинг және экологиялық ағарту бөлімінің басшысы Р.Айтқазин, Зайсан орман шаруашылығының қызметшісі С.Құрманқожанов аталған акцияның маңызын айтып, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды.
Марқакөл қорығындағы 2015 жылғы «Саябақтар шеруінің» қорытынды видеофильмі көрсетілді. Биыл аталған акцияға үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер кеңесі, жастар, жалпы, аудан халқы атсалысатын болады. «Саябақтар шеруі» мерекелік концертке ұласты.
Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.