Сая мал бордақылауға кірісті
Күршім ауылында 20 жасар қыз мал бордақылап отыр. Ата кәсіптің адам таңдамайтынын осыдан-ақ көруге болатын шығар.
Бір айыр шөпті белі майыса көтеріп, сиыр қораға беттеп бара жатқан арудың аты-жөні Сая Ақанова болып шықты. Еңбекқор қарындасымыздың колледж дипломын сандыққа орап салғанына да көп бола қоймапты. Сонау Ақтөбе қаласында байланыс саласы бойынша білім алған ол туған ауылына келгенде дипломына сай жұмыс таппай қалады. Солайша Сая ата кәсіптен сая табады. Үй-ішімен бірлесіп мал бордақылау идеясын әкесі де қолдапты. Ата-ананың келісімін алған соң, қарындасымыз аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгінеді. Ол жерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы берілген 1,5 млн. теңге несиеге ірілі-ұсақты 15 ірі қара сатып алып, қазір соны бағудың қамында жүр.
-Несиенің құжаттарына біршама уақыт жүгірдім. Ал мал таңдауға әкем көмектесті. Малдың бағасына келісу, саудаласу оңай шаруа емес екен, – дейді ол.
Сая бұл несиені алты айдан кейін қайтара бастайды. Ай сайын 250 мың теңге төлеп тұру оңай шаруа емес. Сондықтан бар үміті қолдағы сиырларда. Бастысы, бордақыланған малы баға сүйсе болды. Күршімнің әр түкпірінен жинап әкелген ірі қараның мамыр айына дейін қоң жинап, ақ майға айналуы үшін Саяға күн-түн демей еңбектену қажет.
-Ауыр жұмыстың көбін мектептегі інім істейді. Әкем де қорадан шықпайды. Несие менің атымда болғанымен, шаруа бәрімізге ортақ. Олар болмағанда бұл іске кіріспеуім де мүмкін еді. Өйткені, бизнес-жобамның атауы «Отбасылық мал бордақылау алаңы» деп аталады, – дейді Сая.
Ол мал бордақылауға кіріспес бұрын кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында бизнестің әліппесін меңгеріпті. Бизнес жоспарын құру, тиісті құжаттама жүргізу, салықтық сауаттылық, сұранысқа ие өнімдерді көре білу сынды нағыз бизнес адамына қажет машықтарды осы жерден меңгерсе керек.
-Біздің ұйымға уылжып тұрған жас қыз келіп, ауылда кәсіп ашқысы келетінін айтқанда таңғалғанымыз рас. Өйткені, Саяның замандастарының көбі ешкім жайлы жұмыс дайындап тұрмаса да, қалаға ұмтылады ғой. Кейін онымен сөйлесе келе, қандай істі қолға алса да, орта жолдан тастамайтынына сендік. Біздің филиалда оқи жүріп, өзі үшін ең қолайлы кәсіп мал бордақылау деген шешімге келіпті. Расымен күте білсе, малдан түсер береке көп қой, – дейді филиал директоры Светлана Кудедаева.
Дипломы қажетсіз боп қалғанына сағы сынбай, екі қолға жұмыс таба білген қайсар қыздың бұл ісі өзге замандастарына, әсіресе, жұмысты қара және ақ деп бөлетін бөрікті замандастарына үлгі.
-Көп кәсіптің ішінен мал бордақылау жобасын таңдап алғаныма өкінбеймін. Өйткені, бұл істің қыр-сыры бала кезден таныс. Ең бастысы, айналысып жүрген кәсібім өзіме ұнайды. Малдың күтіміне араласуды ар санамаймын. Мал баққанға ғана бітеді ғой, – дейді Сая Ақанова.
Есімжан Нақтыбайұлы