Сауылатын сиыр санын көбейтпек

Азамат Темірбеков
Мал азықтық базаны жан-жақты жасақтаған ұландық шаруашылық сауылатын сиырлар санын 900-ге жеткізбек.
Соңғы жылдары өңірімізде етті-сүтті бағыттағы сиыр тұқымдарын асырап, сүт сатуды жолға қою үрдісі кеңінен белең алғаны белгілі. Осы іспен айналысып, оның пайдасын көріп жатқан қожалықтар да аз емес. Дей тұрғанмен, сүт сауу үрдісін заманауи технологиямен іске асыру да оңай шаруа емес екені рас. Сауу аппараттарын сатып алумен қатар, мұндай қымбат техниканың құнын ақтау да бар. Ол үшін сауын сиыр санын белгілі бір межеге жеткізу қажет.
Бүгінде осы талаптардың барлығын орындап отырған ірі шаруашылықтар өңірімізде баршылық. Солардың бірі – Ұлан ауданында орналасқан «Багратион» шаруа қожалығы. Батыстық технологиямен жасалған сауын аппараттарын сатып алып, орнатқан шаруашылық бірнеше жыл бойы сүті мол гольштин-фриз тұқымды сиырларының санын арттыруды жолға қойған.
– Заманауи құрылғыларды өндіріске енгізгелі бері сауылатын сүт сапасының жақсарғанын бірден байқадық, – дейді «Багратион» шаруа қожалығының басшысы Александр Воропай. – Бұл сүтті одан ары тереңдете өңдеу жұмысына септігін тигізетін үрдіс.
Тәулігіне үш тонна сүт сауып отырған тауарлы-сүт фермада бірнеше ауысымда үш сауыншы оператор жұмыс істейді. Неміс технологиясымен жасалған құрылғы адами фактордың сауу үрдісіне араласуын барынша азайтқан. Осының нәтижесінде сүт таза сауылып, бұзылып кету қаупі төмендеген. Мұнда жұмысшыларға барлық жағдайлар жасалған. Тауарлы-сүт фермасының тағы бір ерекшелігі – мұнда сауын сиырлардың денсаулығын жіті бақылап отыратын автомат орнатылған. Яғни, сүті азайып кеткен ірі қара бірден есепке алынып, ветеринар маманның қарауына жіберіледі.
Бүгінде 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасында 400 бас сауын сиырды сауып отырған шаруашылық алдағы уақытта сауылатын ірі қара басын 900-ге жеткізбек. Ол үшін қазір жаңа ферманың жұмысы қарқынды жүргізілуде.
– Біздің қазіргі мал азықтық базамызбен сауылатын сиырлар санын 900 басқа жеткізу ең оптималды көрсеткішіміз болады деп есептеймін. Қазіргі уақытта орнатылған сауын аппаратымыз негізінен 800 басқа арналған. Сол себепті, сауын сиырлардың басы көбейген кезде бізде тұрақты түрде алты жүзін сауып, үш жүз басты саумай жіберуге тура келеді. Міне, сол кезде біздегі сүт сауу үрдісі оптималды болады, – дейді Александр Воропай.
Соңғы жылдары елімізде мал азықтық базаның шынымен де бірқатар келелі мәселелермен бетпе-бет келгені рас. Бірнеше жылғы құрғақ ауа райы жемшөп дайындауға үлкен кесірін тигізді. Дегенмен, «Багратион» шаруашылығы бұл мәселені жергілікті басшылықпен және басқа да шаруашылықтармен келісе отырып біржақты етуде. Мысалы, бүгінде бұл аумақтағы фермалар арасындағы бос жерлер де рационалды түрде қолданылып, мал азықтық базаны дайындауға септігін тигізуде. Мұндай аумақтарға отырғызылған көпжылдық шөптер орылып алған соң, сүрлем жабуға қолданылуда. Шаруашылықта мал тезегін де босқа тастамай, түгелдей дерлік кәдеге жаратады. Атап айтсақ, малдың сұйық тезегі құйылған цистерналардан табиғи тыңайтқыш керек уақытта егіс алқаптарына құйылып тұрады.