Сауыр менен Сайқанның құз жартасы жаңғырды

«Аллаға мың да бір шүкіршілік!» деп сөйлейік. Атанның белін алдырған, құс қанатын талдырған ұлан байтақ даламыз бар. Сол даланың «Ұлтарақтай бір пұшпағын анталаған жауға бермейміз!» деп біз үшін, келер ұрпақ үшін қан майданда шаһид болған бабаларымыз бар.

Бірақ кешегі кеңес дейтін кесір заман қазақтай өр рухты халықты тонаудай-ақ тонады, талаудай-ақ талады. Қасиетті дінімізді «Адамның миын улайтын апиын» деді. Ана сүтімен дарыған көркем де кестелі тілімізді бірде латынға, бірде кирилл алфавитіне ауыстырып, ойларына келгенін істеп бақты.
Қолдарынан келгенінше табандарына салып таптады, әжуәлады, мазақ етті, тағысын тағы. Ең бастысы, біздің елімізге, жерімізге қасқайып тұрып қорған бола білген баһадүр бабаларымызды елдің ішіне бүлік салған бунтарьлар, басбұзарлар етіп көрсетті. Мектеп бағдарламасының оқулықтары былай тұрсын, тарих бетінен сызып тастауға дейін барған жоқ па? Қайсыбірін сызып та тастады.
Атыңнан айналайын – Тәуелсіздік! Сенің арқаңда тасбақа жүріспен болса да ашылып қалған етек-жеңімізді, шашылып қалған ақыл-есімізді жиып жатырмыз. Осыдан былай жыл өткен сайын жия береріміз де сөзсіз.
Төртуылдың тарланы тұғырына жайғасты
Өткен аптаның соңында қазақ халқы қатпар-қатпар тарихтың қойнауында неше ғасыр шаңға көміліп, есімі ескерусіз, атаусыз қалған тағы да бір баһадүр ұлымен жылап қауышты. Ұлы Қытай империясымен шекаралас жатқан, қазақ даласының шығыстағы алтын қақпасындай болған Зайсан жерінде дүбірі дүйім елді дүрліктірген ұлан-асыр той өтті.
Зайсандық атқамінер азаматтар жергілікті ақсақалдармен ақылдаса келе, шежіресі тереңнен тамыр алатын Зайсан ауданының 90 жылдық мерейтойын Найманның төртуылынан ту көтерген, қилы-қилы заманда күллі қазақ әскерінің бас қолбасшысы атанған Қаракерей Қабанбайдың серт байласқан серігі бола білген Баймұрат батырға ескерткіш орнатумен ұштастырған екен.

Саусақ басып санар болсақ, қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялаған ширек ғасырдан астам уақытта жер-жерлерде не бір кемеңгер көсемдері мен шешендеріне, ел билеген хандары мен сұлтандарына, батырлары мен ақын-жазушыларына біраз ескерткіш орнатты. Осы ескерткіштердің барлығы да «керемет сәтті туындылар немесе нашар шыққан ұсқынсыз дүние» деп айтуға келмес. Жасаған авторының қиялы мен шеберлігіне, шыққан шығынына қарай бірі қымбатқа түссе, бірі арзанқол материалдан жасалған, бірі сәтті шықса, енді бірі көптің көңілінен шықпай жататын.
Дегенмен, Зайсан қаласының кіреберісіндегі күре жолдың оң қапталынан бой көтерген, биіктігінің өзі тұғырымен қоса есептегенде 10 метр, салмағы 7,5 тонналық Баймұрат батыр ескерткіші дұшпанның мысын басарлықтай айбынды шығыпты. Астындағы Нарқызыл тұлпары жер тарпып, өзі бес қаруын асынған, қабағы қатулы бабамыз алдына келген жандарға: «Біліп қойыңдар, мынау – менің түн қатып жүріп қорғап, ұрпағыма аманат етіп қалдырып кеткен жерім. Осы елдің иесі де, киесі де – осындағы менің ұрпағым!» – деп тұрғандай.
Маңайдағы аудандарды айтпағанда, дүбірі дүйім елді дүрліктірген бұл тойға берісі Өскемен мен Семейден, әрісі Алматы, Астана, Қостанай мен Көкшетаудан және еліміздің басқа да өңірлерінде тұрып жатқан зайсандықтардың біразы бой көрсетті. Екі күнге созылған той бағдарламасына Баймұрат Бәйімбетұлының ескерткішінің салтанатты ашылуы, дәулескер күйшілердің байқауы, сондай-ақ аймақтық ақындар айтысы енгізіліпті.
Тойға арналған конференцияның беташарын Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов бастап, қазақтың қабырғалы жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Баймұрат батырдың тікелей ұрпағы Қабдеш Жұмаділов, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының профессоры Ахмет Тоқтабай, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетов және басқа да тарихшы ғалымдар жалғастырды.
Залға жиналған меймандар мен жергілікті жұртшылық аталмыш конференциядан Зайсан ауданының өткені мен кеткені және бүгінгі күнгі жеткен жетістіктері жайында, жалпы, қазақ халқының арғы-бергі тарихынан, батыр бабаларымыздың жүріп өткен ерлікке толы жорық жолдарынан мол мәлімет алды.
Зайсанға батырлықтың рухы оралды
– Мен Зайсан өңіріне бұрын да неше келгем. Ол кезде көрген Зайсаным бөлек болатын. Ал енді Зайсан бүгіннен бастап батыры бар өңір, батыры бар қала атанды. Бұрын бұл Зайсанға кіріп-шыққан өзге мемлекеттің, әсіресе іргеміздегі көршілеріміздің адамдары өздерін мейлінше емін-еркін, озбыр ұстайтын. Енді анау тұрған Баймұрат батыр бабамыздың айбынды ескерткішінен именіп, «Апыр-ай, мына елдің батыры бар екен-ау. Бұл өлкенің иесі мен киесі бар екен ғой. Бұрын-соңды неғып білмегенбіз?!» деп аяқтарын аңдап, тарта басатын болады, – деп жиналғандарға жігер берген Қабдеш ағамыз өзінің әйгілі «Дарабоз» тарихи романындағы Баймұрат батырдың көзсіз ерлігі мен өрлігіне, берген сертіне семсердей беріктігіне арнайы тоқталып өтті.
Осы өңірдің тумасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ұлықбек ақынның:
– …Мен – Төртуылдың ұраны Баймұратпын,
Төбесінен дұшпанның жай құлаттым.
Сауыр-Сайқан, Алтай мен Қара Ертісті,
Запы қылған зұлымды зар жылаттым.
Бауырға алып баурайын Барқытбелдің,
Арманымды ақ бұлтқа артып келдім.
«Ұраным!» деп ұрпағым ұмсынған соң,
Нарқызылға міндім де тартып бердім.
Тізе қосып, қолдасып, қауымдасып,
Қауыштыңдар құшақты дауылға ашып.
Бұлжымасын мәңгілік бірліктерің,
Дос-туысым қуансын, жауым жасып.
Қуан, серпіл, қазағым, қайғың кеміп,
Ұзағынан сүйінсін Ай-Күн көріп.
Тәуелсіздік тұғыры тапжылмасын,
Аруағыммен тұрайын айбын беріп, – деп келетін батыр бабасына арнап оқыған жыр жолдары да сөз ұғатын жандарды бейжай қалдырмады. Бейжай қалдырмағаныңыз не, сөз қадірін білетін ел кәдімгідей аруақтанып, ұран шақырып рухтанып кетті.
Көптен күткен қуаныштың көз жасы…
Рухтанып демекші, осы күндері Зайсан халқының еңкейген кәрісінен, еңбектеген баласына дейін ерекше рухтанып, қанаттанып, қайраттанып жүргені байқалып тұрды. Кімге жолығып тілдессең де, сөздері жігерлі, көздерінде от, өздеріне сенімді, үндерінде қуаныш…
Ұрпақ үшін, тұтас бір ұлт үшін қан майданда шаһид болған батыр бабаларының айбынды мүсінін көруге келген қарақұрым халықтың санында есеп болмады. Асқақтата шырқалған ән, күмбірлете төгілген күй, келгендердің төбесінен қарша бораған уыс-уыс шашу, тебіренген тілектер мен ақтарылған баталар… Өзіндік ерекшелігімен жұрт назарын өзіне аударған духовой (Зайсан ауданында ғана бар үрлемелі аспаптар) оркестр онсыз да алып-ұшып тұрған жұрт көңілін тіптен асқақтатып жіберді.
Ескерткіш лентасы қиылған соң, бір-біріне қайырлы болсын айтып, қуаныштарын бөліскен батыр ұрпақтары кездескен жерде төс қағыстыра құшақтасып, тіпті қайсыбір көңілі бостары көздеріне жас алып жылап та жүр… Әрине, бұл көптен күткен қуаныштың, сарғайып жеткен шаттықтың жасы болатын. Шаттықтың, қуаныштың жасы болса, аға берсін…
… Ал қарт тарихтың сүреңсіз беттеріне көз жүгіртсек, дәл біздің қазақтай қуғын-сүргін көрген, дәл біздің халықтай зорлық-зомбылық көрген, дәл біздің ұлтымыздай дүниенің төрт бұрышына шілдің боғындай шашырап, ұлардай шулап қалған, еңірегенде етегі жасқа толған халық жоқ шығар, сірә. Ондай зар жылаған, жаратқанға жалбарынған, тоз-тозы шығып көшіп-қонған зар күндер мен тар күндерді Алла тағала ендігі жас ұрпаққа көрсетпесін…

Баймұраттай баһадүр бабамыздың айбынды ескерткішінің дәл шекараның шетінен, аңыраған желдің өтінен бой көтеруі – білген адамға үлкен саясат. Кеңес заманындағы басы Ленин мен Сталин боп қаптаған қалың ескерткіштердің барлығы да идеологиялық аса зор, маңызды рөлге ие болғандығын жақсы білеміз.
Сондықтан осы бір игілікті іске бастамашы болып, жасының еңкейгеніне қарамастан, жарғақ құлағы жастыққа тимей алты ай бойы шапқылаған Зайсан өңіріне абыройлы ағаларымыздың бірі Қалибек Алтыбаевқа, батыр бабамыздың 43 млн. теңгеге түскен ескерткішінің қаражатына өз еркітерімен көмек қолын созған Болат Нұрасылов, Жақсыбай Бижігітов, Рахима Сәкенова, Гүлнар Иманова, Съезбек Ахметов, Армиябек Сағындықов, Бейсен Мұхаметжанов, Асқар Данабаев, Шаһар Әбішева, Ербол Келгенбаев, Сәулеш Әбілғожина, Анатолий Дудник, Жекен Кәрібаев, Мырзахан Шәкенов сынды жомарт жүректі азаматтарға, сонымен қатар осы бір ұлы дүбірлі тойды басынан-аяғына дейін өте жоғары деңгейде ұйымдастыра білген Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов мырзаға, ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Зумрад Дүйсенбаеваға, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Серікбол Сиырбаевқа, аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Ыдырышевқа, келген меймандарға күні-түні асқақтата ән салып, төгілдіре күй тартқан зайсандық өнерпаздарға және басқа да азаматтар мен азаматшаларға тойға куә болған меймандар атынан зор алғыс білдіре кеткеннің айыбы бола қоймас.
Иә, ескерткіш демекші, көрген жанның көзіне оттай басылған, дүйім елдің айбынын асырған ескерткіштің авторы да келді осы тойға. Зайсандықтар аттан жығылса да, салттан жығылмаған ел екендіктерін дәлелдеп, абайлық мүсінші Нұрбол Қалиевтың астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Соңғы бес жылда сәтті туындыларымен ел аузына ілініп, ұлтымыздың ұлы тұлғалары Құнанбай қажы мен кемеңгер Абайға ескерткіш, Мұхтар Әуезовке бюст жасап, көптің
құрметіне бөленген жас та болса, қас шеберге жиналған жұрт зор ризашылығын сөзбен айтып жеткізе алмай жатты…

Зайсан өңірінің өнері мен мәдениетіне соңғы демі үзілгенше еңбек сіңіріп кеткен, сол жердің жарқын мінезді азаматы Қабимолда Баитов атындағы «Күй құдіреті» фестивалі де өз мәресіне жетіп, жүлдегерлер анықталды. Облысымыздың мықты деген күйшілері қатысқан бұл сайыста Семей қаласынан келген Дидар Исахан бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орын Өскемен қаласынан келген Ержан Шайзратұлына бұйырса, екінші орынды Еламан Мәкенов, ал үшінші орынды Арна Батиханов пен Дастан Тоқтаров өзара бөлісті.
«Жайнай бер, жайқала бер, Жайсаң өлкем!»
Кезек ақындар айтысына да келіп жетті. Той иелері аймақтық ақындар айтысының тақырыбын «Жайнай бер, жайқала бер, Жайсаң өлкем!» деп таңдапты. «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, аудандық мәдениет үйінде өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 16 ақын өзара сөз барымтасын бастап та кетті. Өткендегі Катонқарағай жерінде өткен айтыстағыдай қазылықтың тізгінін қарымды қаламгер ағамыз Әлібек Қаңтарбаев ұстаса, жергілікті ардагер журналист Бекен Жапаров, күршімдік ардагер айтыс ақыны Советхан Қалиғожин, Семейден келген жерлесіміз, жазушы-журналист Сайлау Төлеуов және «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс өңіріндегі тілшісі Азамат Қасым сынды сөз парқын білетін азаматтар айтыстың әділ бағасын беруге атсалысты. Айтыстың жүргізілуі де, ақындардың жеребе арқылы жұпталуы да, бағалау тәртібі де Катонда өткен айтыстағыдай болды.
Алғашқы сәтте сәл мүдіріңкіреп қалғанымен, көп ұзамай-ақ сөз зергерлері өз соқпақтарын тауып алды. Қазақ «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деп текке айтпаған ғой. Өткенде Катонқарағай ауданындағы ақындар айтысында алдына қара салмай келген ақсуаттық Дәурен Сембайдың, әйгілі ақын ағамыз Қасым Аманжоловтың әніне салып жұртты бір желпінтіп, бір серпілткен семейлік Манарбек Сатыпалдының, сол айтыстың жүлделі орындарын жеңіп алған Өскеменнің қос жүйрігі Қуаныш Еркінұлы мен Нұржан Жолбарысовтардың Зайсандағы айтыста жолдары болыңқырамады деуге болады. Аттары аталған ақындардың қадамдары шу дегеннен сәтсіздікке ұшырап, айтыстың екінші айналымына өту үшін қажетті ұпайды жинай алмай қалды.
Керісінше, өткендегі айтысқа қазылық еткен жекелеген адамдардың сөз парқын жете бағаламауынан екінші айналымға өте алмай қалған жас ақын, болашағынан зор үміт күттіретін Жұлдызай Маратбекова бұл жолы көпшіліктің көңілінен шығарлық өнер көрсете білді.
Ақтық кезеңге шыққан алты ақынның қай-қайсысы болмасын бас бәйгеден үміттері болғандығы белгілі. Бірақ ақындардың бас-басына таратып беретін бас бәйге қайда? Сондықтан бұл тұрғыда қазылар алқасына мейлінше қатал талап ұстануларына, мейлінше әділ баға берулеріне тура келді. Олар сол үдеден шықты да.

Зайсан өңірінің тамырлы тарихы да, өткені мен кеткені де, бүгінгі тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктері де, түрлі салада аттары шыққан Зайсанның атақты ұл-қыздарының есімдері де осы айтыста ақындардың жырына арқау болды. Біреу күлдіріп айтса, біреу бүлдіріп айтты. Өресі жеткендері тереңнен толғап, қалың елдің көңіл дариясын толқытып та жатты. Қысқасы, аламанға түскен жүйріктер әліне қарай шабатындықтарын тағы бір мәрте дәлелдеп, мәре сызығын үздік-создық қиып өтіп жатты.
Осы айтыста бабы мен бағы қатар шапқан зайсандық Ардабек Ақбабаұлының түйдек-түйдек жыр толғамдарына таңдай қағып, бас шайқамаған адам, әй, болған жоқ шығар. Мәре сызығын Ардабек ағасымен үзеңгілесе қиған Жұлдызайдың да тынысы екінші айналымда ашыла бастағандай әсер қалдырды. Айтыс сахнасына тәй-тәй басқан Жұлдызайдың қазақ қыздарына тән ибалылықты сақтай отырып, қажет жерінде суырып сап айтқан өткір шумақтары зайсандық жанкүйерлердің жүрегінде көпке дейін сақталары сөзсіз.
Әрине, сахнаға қос білекті сыбанып шыққасын, өзге ақындар да қарап қалған жоқ. Бұл айтыстардың барлығы да бейнебаянға түсірілді. Енді болашақта аталмыш шараға арнап кітап шығарылатын болса, мәтіндері сонда берілетін болады.
Сонымен, айтыс қорытындысы төмендегідей болды. Бас бәйгеге тігілген 1.млн. теңгенің сертификатын Зайсан елінің үкілеп қосқан үміті, болашағынан зор үміт күттіретін арынды ақын Ардабек Ақбабаұлы қанжығасына байлады. Соңғы айтыста мәреге Ардабекпен үзеңгі қағыстыра келген С.Аманжолов атындағы университеттің 3-курс студенті Жұлдызай Маратбекова бірінші орынға тігілген 700 мың теңгенің сертификатына қол жеткізді. Екінші орын екі ақынға, яғни көкпектілік Фархат Маратұлы мен Ерейментаудан келген Ерлан Дәулетұлына (әр қайсысына 500 мың теңгеден) бұйырса, жүлделі үшінші орынның 300 мың теңгелік екі жүлдесі Үржардан келген Серікбек Туғанов пен тағы бір зайсандық ақын қызымыз, Л.Гумилев атындағы ұлттық университеттің магистранты Нәрия Ақбабақызының қанжығасында кетті. Айтысқа қатысқан барлық ақындарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Бас-аяғы үш күнге созылған тойдың да тарқар сәті таяп қалған. Ескерткіш ашылған сәтте батыр бабасына:
– Ассалаумағалейкүм, батыр ата!
Жеттің бе мекеніңе ақыры, ата?!.
Бүгін бір «Баймұрат!» деп ұрандайын,
Сауырдың көк жартасын қақырата,
Баймұрат! Баймұрат! Баймұрат! – деп ұрандата жыр оқыған еді қазақтың ақын ұлдарының бірі – Алмас Ахметбекұлы.
Елді бірлік пен берекеге, ерлік пен өрлікке шақырған сол ұран екі күн бойы Сауыр мен Сайқан тауларының құз-жартастарын қақырата жаңғыртып тұрғандай болды…
Тойларың тарқамасын, туған өлкем!
Серік Құсанбаев