Қоғам

Сауын сиырлардың басын бес жүзге жеткізбек

Сауын сиырлардың басын бес жүзге жеткізбек

Сауын сиырлардың басын бес жүзге дейін жеткізіп, сүт өндірісін дамытуға ерекше екпін беріп отырған Бесқарағай ауданында бірегей шаруа қожалығы бар. Атауы – «Балке», басшысы – Оралбек Тоқашев. Германиялық озық үлгідегі қондырғылармен жарақтандырылған шаруашылықтың тауарлы-сүт фермасында бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер шығарылады.
Мемлекет басшысы өзінің «100 нақты қадам» жоспарының алпысыншы қадамында: «Сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту. Негізгі міндет: үш жыл мерзімде ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімдерінің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету» деп атап көрсеткен.
Президент тапсырмасын іске асыру барысында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өңірімізде сүт қабылдау пункттері мен тауарлы-сүт фермаларын ашу жөнінде үлкен міндеттер қойған-ды. Сол міндеттер бүгінде тыңғылықты іске асып, діттеген жобалар жемісін бере бастағанын «Балкенің» шалқыған шаруасына қарап-ақ пайымдауға болады.
Глуховка ауылдық округінің Бірлік елді мекенінде 1995 жылы ірге көтерген «Балке» шаруа қожалығы сүт өндірумен бірге көкөніс өсірудің де қыр-сырын жетік меңгерген. Бір қызығы қожалық жетекшісі Оралбек Тоқашев кәсібін ең алғаш көкөніс, оның ішінде қияр өсіруден бастапты. Кейін онымен қоса картоп, сәбіз, қырыққабат сияқты көкөністердің түрлерін көбейткен. Керек десеңіз мұнда Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті жанынан ашылған агротехнопарк ғалымдарымен бірлесіп ғажап қасиетке ие хлорелла дейтін өсімдік түрі өсірілуде. Ғалымдардың пікірінше, хлорелланың қасиеті сол, құрамында дәрумендер мен минералдық заттар көп. Онымен қоректенген сауын сиырының сүті көбейіп, сойыс малы салмақ қосады.
Ауданнан асып, аймақ экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан қожалықта қазір жиырмадан астам адам еңбек етеді. Тұрақты жалақымен қамтылған. Қажет кезде басшылық тарапынан өзге де қолдау-көмек көрсетіліп тұрады.
Шаруашылық иесінің айтуынша, қазір қолдағы аналық ірі қараның саны 400-ден асса, оның ішінде сауылып тұрғаны 256 басты құрайды екен. Ағымдағы жылдың алғашқы үш айында мұнда 180 тоннадай сүт, 500 келіден астам ет өндірілсе, аналық ірі қара малынан 50 бас төл алынған.
– Алдағы уақытта сүтті бағыттағы сиырлардың санын 500-ге дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Осы мақсатта биыл асыл тұқымды ақбас сүтті сиырының 150 бас торпағын сатып алдық. Сондай-ақ, облыстық «Қайта құру және жаңғырту» бағдарламасы арқылы қосымша екі мың тонна сүт өндіруге және он жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін тауарлы-сүт фермасын құрдық, – деп түсіндірген Оралбек Тоқашев кәсібін жүргізуде мемлекет берген субсидияның үлкен қолдау болғанын да тілге тиек етті.
Жалпы құны 165 млн. теңге тұратын аталмыш ферманы қожалық басшысы мемлекеттен несие алып, оған өзінің меншікті қаражатын қосып ашқан. Яғни, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамымен жасалған келісімшарт бойынша жалпы сомасы 90 млн. теңгеден асатын ауылшаруашылық техникаларын лизингке алып, орнатқан. Соның арқасында келешекте малға азық ретінде 100 гектар алқапқа жүгері екпек. Ол үшін жаңбырлатып суаратын қондырғы алып қойыпты. Бұдан бөлек шаруашылықта төрт трактор қосалқы жабдықтарымен, үш бірдей жүк көлігі және осынша жемшөп жинайтын техника бар.
– Тауарлы-сүт фермаларын ашудың тиімділігі өте зор. Ең алдымен ауыл жұртына сиырының сүтін қабылдау пункттеріне тапсырып, ақша табуына жол ашылады. Иә, өңірдегі өндірілетін сүттің басым үлесі қарапайым тұрғындардың еншісінде. Сол себепті ауылдық жерлерде қабылдау пункттері құрылуда. Екіншіден, мұндай шағын кәсіпорындарда өндірілген тауардың сапасы да бәсекеге қабілетті, барлық талаптарға сай келеді. Демек ішкі нарықтағы өнімдерімізді енді сыртқа да шығаруға қол жеткіземіз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жұмагелді Бопаев.
Бөлім басшысының сөзіне қарағанда, Бесқарағай өңірінде қазір төрт тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Соның үшеуі облыстық «Қайта құру және жаңғырту» бағдарламасы бойынша кәсіптерін кеңейтуге бел буған. Нәтижелері жаман емес.
Бесқарағай ауданының Омбы-Майқапшағай халықаралық дәлізінің бойында орналасуы және онда «Балке» сияқты іргелі құрылымдардың көптеп жұмыс істеуі бұл өңірде азық-түлік белдеуін дамытуға қолайлы жағдай туғызып отыр.
Шаруа қожалығының жетекшісі Оралбек Тоқашев келешек жоспарларымен де бөлісті. Өз сөзінде ол ірі қара малын жасанды ұрықтандыру арқылы көбейтуді, шаруа қожалығын одан ары ұлғайтып, соған сәйкес жұмысшылар санын арттыруды, қосымша базалар салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Деректер не дейді
«Балке» шаруа қожалығына тиесілі:
жалпы жер көлемі – 7867,1 га;
егістік жер – 856,1 га;
оның ішінде суармалы егістік жер – 103,0 га;
жайылымдық жер – 6408,0 га;
шабындық жер – 500,0 га;
аналық ірі қараның саны – 403 бас;
оның ішінде сауын сиырлар – 256;
бір сиыр жылына 4 мың келі сүт береді.

Серік Әбілхан
Бесқарағай ауданы

Осы айдарда

Back to top button